Basty bet
Жапа шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетілді
Қазақ халқының асыл қасиеттерінің бірі – жомарттық және кеңпейілділік. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Қайырымдылықты адамзат бойындағы ерекше бір қасиет деп айтуға болады. Қайырымдылық – ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қайырымдылық жасау – әрбір адамның қолынан келетін іс.
Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Адамның жасаған игі істерінің бәрі оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсете алу адамның адамдық белгісінің қасиеті. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатары көбейіп келе жатқаны қуантарлық жағдай. Қайырымдылық жасау мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отырған аса игілікті іс болып отыр.
Осыдан екі апта бұрын Күреңбел ауылдық округінде екі отбасының үйі бірдей отқа оранғаны белгілі. Содан, міне, қапияда тілсіз жаудан жапа шеккен отбасыларға аудан тұрғындары қолдарынан келген көмектерін аямай, қайырлы іске қол ұшын созуда.
Осыған орай, 4 тамыз күні аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев Күреңбел ауылына арнайы барып, өртенген үйлерді өз көзімен көріп, ол жанұялардың қай көшеде орналасқанын біліп, жаңа үй соғуға қандай көмек керек екеніне қанығып қайтқан болатын. Осыдан кейін ол аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаевқа болған жағдайды тереңірек түсіндіріп, өрттен зардап шеккен отбасына аудан әкімдінің тарапынан көмек көрсетуді сұрады. Сол күні түстен кейін аудан әкімінің орынбасары шұғыл әрекет ету арқылы үйі өртенген екі отбасына 10 тонна көлемінде цементті бөліп түсіріп берді. Онымен қоса, жаңадан соғылатын үйдің эскизін жасатты. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттарды өткізіп, қаржы бөлуді де қоса тапсырды.
Қайырымды істен аудандық ардагерлер кеңесі де тыс қалмай, кеңес төрағасы Сейітхан Жұмашев өңір және ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағалары мен тұрғындарға өртенген үйлерге қайырымдылық көмек жасау туралы үндеу тастады. Нәтижесінде, аз уақыттың ішінде ардагерлердің және ауыл тұрғындарының көмек-қолдауы арқылы – 2 млн 500 мың теңге көлемінде қаражат жиналды. Өткен аптада ардагерлер кеңесі бас болып көпшіліктен жиналған қомақты қаражатты екі үйдің иесіне қолма қол тапсырды. Қайырымдылық шарасының барысында өңір ардагерлері өрттен жапа шеккен үйлерге баталарын беріп, мұндай қиындықтан қиналмай шығуға тілек білдірді. Бірінші болып сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, онымен қоса, Боралдай, Қарасаз, Жетітөбе, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтері бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағалары сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.
Қайырымдылық шарасынан ауданның шаруа қожалықтары да қалыс қалмай, олар да жапа шеккен отбасыларға шама шарқынша қаржылай көмек көрсеткенін айтқан жөн.
«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» деген. Қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін таныта алатын жандардың арамызда әлі де бар екендігі қуантады.
Адам ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл да қайырымды болуға тиіс. «Жаңбырменен жер көгерер, алғыспенен ел көгерер» демекші, дүниеде ел алғысына бөленуден артық сый жоқ! Қамқорлыққа зәру жандардың қамқоршысы болып, жылы сөз, жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсетіп жүрген жомарт жандардың қатары көбейе берсе екен дейміз…
Баян Оразбаева,
“Жаңа өмір”