Basty bet
Салық саласының саңлағы
Бюджет – мемлекет қазынасы. Мемлекет мүддесі үшін барлық шығындар бюджет қаражатынан жұмсалады. Оның ішінде, Мемлекеттік және бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы да, зейнетақы мен әлеуметтік мекемелер мен, қорғаныс, құқық қорғау органдарының шығындары да бар. Айтпағымыз – мемлекет қазынасы болып саналатын бюджеттің қалыптасуы жайлы. Бұл ретте салықшылардың ел дамуына қосып келе жатқан еңбегі ерекше және ұшан-теңіз.
Қазіргі таңда мемлекеттік кірістер деп аталатын салық саласына еңбек сіңіріп, мемлекет бюджетінің бүйірін толтыруға, яғни, мемлекет қазынасының молаюына үлес қосып келе жатқан аудандағы салықшылардың бірі де бірегейі – Нұрғали Ералиев. Оның 46 жылдық еңбек өтілінің 25 жылы салық саласының дамуына арналды.
«Сіз салық саласында ұзақ жылдар бойы білім-біліктілігіңіз бен жоғарғы жауапкершілігіңіздің арқасында ел экономикасының жақсаруына қомақты үлес қостыңыз!» деп жазылыпты Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Нұрғали Әбдәліұлының 60 жасқа толуына орай жолдаған Құттықтау хатында. Бұл – шындық. Ол өзі туып-өскен қасиетті Жуалы ауданының Көлтоған ауылындағы орта мектепте оқыған Нұрғали Ералиев есепке жастайынан жүйрік болатын.
Ол анау-мынау есепті қағазға жазып жатпай ауызша-ақ қағып тастаушы еді. Сол зеректігінің арқасында оныншы сыныпты бітіргеннен кейін Жамбыл есеп-санақ техникумына оқуға түскен Нұрғали Әбдәліұлы 1986 жылы аталған оқу орнынан бухгалтер мамандығын алып шыққан. Оның осыдан кейінгі ғұмыры ауданның есеп-қисап саласына байланысты өрбіп келеді.
Ауылдық кеңесте, одан кейін шаруашылықта бухгалтер болып қызмет атқарған Нұрғали Ералиев 1993 жылдан Жуалы ауданында бұрынғы ауданаралық мал бордақылау бірлестігінің бас бухгалтері, Жуалы аудандық қазынашылық бөлімінде бас ревизор-тексеруші болып қызмет істеген. Ал 2000 жылы аудандық кірістер (салық) басқармасына қызметке келгенде ол осы саланың қыр-сырын әбден жақсы білетін білікті маман болып қалыптасқан еді. Талапты жас күнделікті еңбекті біліммен ұштастыра отырып, кейіннен Алматы экономика статистика академиясын есепші-экономист мамандығымен сырттай оқып бітіріп алған.
Еліміз нарықтық экономикаға көшкен алғашқы кезеңде салық саласының қызметінде әжептеуір қиындықтар болды. Кәсіпкерлікке жаңадан қадам басқандар салық төлеуде көптеген қателікке жол беріп алатын. Нұрғали оларды айыппұлмен төпелемей, тұрғындарға салық саясатын түсіндіруге баса назар аударатын. Кейбіреулеріне кешіріммен қарап, оларға салық төлеудің жолдарын, декларацияны уақтылы тапсыруды тәптіштеп түсіндіруден жалыққан кезі жоқ. Салық төлеушілермен түсіністікте жұмыс істегенінің арқасында бюджетке кірістің ойдағыдай, қалыпты түсуіне қол жеткізілді деуге әбден болады.
Салық қызметі сауаттылықты талап етеді. Нұрғали Ералиев – осы талап үдесінен шыққан салықшы. Ұзақ жылғы қызметі жеміссіз емес. Ол өз кезегінде «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасымен, Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамотасымен және әр жылдары облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің Құрмет грамотасымен, сонымен қатар, аудандық салық комитетінің Алғысхатымен марапатталуы мамандығының майталманы болғанына дәлел.
Оның еңбегі, сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, бірнеше рет аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен және Алғысхаттарымен де атап өтілген. Аудан және облыс дамуының қай саласында болсын, өмірден көрген-түйгені көп, тәжірибесі мол ардагер азаматтардың ақыл-кеңесін орынды пайдалана білсек, жас буынға да молынан үлгі-өнеге болатыны анық. Оларға өмірден озып кеткен соң емес, көздерінің тірісінде сый-құрмет көрсетсек артық болмайды!
Ядролық сынақтарға қатысқан ардагер азамат Нұрғали Ералиев «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» ордендерінің иегері және бірнеше медальмен марапатталған. Қасиетті Жуалы өңірінің дамуына саналы өмірін арнап келе жатқан атпал азамат, «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісінің иегері Нұрғали Ералиевтың ұзақ жылғы еңбегі елеп-ескеріліп, оған «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе деген көкейдегі ел тілегін де қоса жеткізгіміз келіп отыр. Ардагерлерге деген ел құрметін осылай білдірсек артық болмас…
«Тағдырдан келген соққыға,
Мықтылар ғана шыдайды…
Төбемде тұрған бір Алла,
Сүйген құлдарын сынайды…»
Салық саласының саңлағы, бірнеше орден, төсбелгі, медальдің иегері Нұрғали Ералиев биыл 25 тамызда Пайғамбар жасына толып, құрметті зейнет демалысына шықпақ. Ел мен туған өңірдің дамуына ұзақ жыл еңбек сіңіріп, қомақты үлес қосқан мемлекеттік кірістер органының белсенді ардагеріне қоғамдық қызметте табыс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!!!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі