Basty bet

Мерейлі шаңырақ – ұрпаққа үлгі, елге мұра

«Мерейлі отбасы-2026» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды

Елдің берекесі – отбасының берекесінен басталады. Ал, әрбір берекелі шаңырақ – тұтас қоғамның тұрақтылығы мен татулығының негізі. Жыл сайын елімізде отбасы күні кеңінен аталып өтіп, ұрпақ тәрбиесімен ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау бағытындағы игі бастамаларға ерекше мән беріліп келеді. Осы құндылықтарды дәріптеп, өнегелі отбасылардың озық үлгісін көпшілікке насихаттау мақсатында Қайрат ауылдық мәдениет үйінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Мерейлі шаңырақ – ұрпаққа үлгі, елге мұра» тақырыбында «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қатысып, байқауға қатысқан отбасыларды айтулы жетістіктерімен құттықтады.
– Отбасы – қоғамның негізгі тірегі әрі ұлттың бірегейлігі қалыптасатын маңызды орта. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт. Әр азаматтың дүниетанымы, адами қасиеттері қастерлі қара шаңырағында қалыптасады» – деп отбасының қоғам мен мемлекет өміріндегі маңызын атап көрсеткен болатын. Бүгін біз елімізде 2014 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылатын өнегелі жанұяларды көпшілікке үлгі етуге бағытталған маңызды жоба – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттағалы отырмыз.
Осында ғасыр жасаған анамыз Ханшайым Момынқұлқызы, 50 және 25 жыл отасқан «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» атанған, сондай-ақ, «Азамат» тәрбиелеген отбасылар келіп отыр. Бүгін сіздерге көрсетіліп отырған құрмет – отбасы институтын нығайтуға қосқан еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Аудандағы әрбір отбасының қуанышы – ортақ қуанышымыз. Әр шаңырақтың берекесі – ауданның берекесі. Сондықтан отбасылардың әл-ауқатын арттыру, балалардың қауіпсіз әрі бақытты ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау, отбасы құндылықтарын насихаттау – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі марапат – тек бір отбасының жетістігін атап өту ғана емес. Бұл – отбасылық құндылықтарға, адал еңбекке, ұрпақ тәрбиесіне және ел бірлігіне көрсетілген құрмет,- деп аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы жеңімпаз отбасыларды марапаттады.
Байқау қорытындысында І орын саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған жетітөбелік Қожаназаровтар отбасына бұйырды. Бұл отбасының отағасы Шарханбек Мейманұлы 45 жыл бойы Кәріқорған ауылындағы Т.Әкімов атындағы орта мектепте технология пәнінің мұғалімі әрі әлеуметтік педагог қызметтерін абыроймен атқарып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге өз үлесін қосты. Ал, отанасы Шамкүл Мырқамынқызы 26 жыл бойы тарих және география пәндерінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиесіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Ұстаздық жолдағы ерен еңбектері еленіп, қос ардагер бірқатар марапаттарға ие болды. Бүгінде Шарханбек Мейманұлы қоғамдық жұмыстардан да қол үзбей, Жетітөбе ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін атқарып келеді. Қожаназаровтар отбасы екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген үлкен шаңырақ. Бүгінде олар 12 немере сүйіп, ұрпақ қызығын көріп отырған өнегелі отбасы.
Ал, байқаудың ІІ орны көкбастаулық Әмірқұл отбасына бұйырды. Отағасы Аташбек Әмірқұл мен отанасы Доғдыркүл Данышқызы – білім саласының ардагерлері. Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Әмірқұл ұстаздық қызметпен қатар ұлттық өнер мен руханиятты дәріптеуді де өмірінің бір бөлшегіне айналдырған жан. Ол ауыл балаларын қара домбырада күй тартуға үйретіп, ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына өзіндік үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, «Имандылық бастауы» және «Туған жер – тұғырың» атты тағылымды кітаптардың авторы. Отау құрғандарына жарты ғасыр болған, жарасым мен татулықты ту еткен Әмірқұл отбасында бір ұл, төрт қыз тәрбиеленген. Бүгінде олар 15 немере мен бір шөбере сүйіп отырған бақытты отбасы.
Байқаудың жүлделі ІІІ орны жас отбасы Б.Момышұлы ауылының атынан қатысқан Қадыровтар жанұясына берілді. Адал еңбек пен татулықты өмірінің басты қағидасына айналдырған Қадыровтар – ауылдағы өнегелі, көпбалалы шаңырақтың бірі. Отағасы Сәбит Қадыров мал және егін шаруашылығын дамытып келе жатқан еңбек адамы. Ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлесін қосып, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, кәсібін өркендетуде. Еңбегімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ауылдың көркеюіне және қайырымдылық шараларына өз үлесін қосып келеді. Ал, отанасы Зухра Рахманбекова алты перзент дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп отырған ардақты ана.
Сонымен қатар, іс-шарада ғасыр жасаған ғибратты ғұмыр иесі Ханшайым Есмұратованың отбасы «Өнегелі отбасы» номинациясымен марапатталды. Ал өнерді өмірінің өзегіне айналдырып, шығармашылықты отбасылық құндылықтармен ұштастырып келе жатқан Төремұратовтар отбасына «Шығармашыл отбасы» номинациясы табысталды.
Тағылымды шарада ғасыр жасаған ақ жаулықты әже Ханшайым Есмұратова ақ батасын беріп, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тіледі.
Кеште ауданның көркемөнерпаздары әсем әннен шашу шашып, мерекелік шараның көркін қыздырды.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close