Basty bet

Қоғамның берекесі – өзара түсіністік пен татулықта

Қоғамдық тұрақтылық – мемлекеттің орнықты дамуы мен азаматтардың қауіпсіз әрі бейбіт өмір сүруінің басты негіздерінің бірі. Ал, тұрақтылықты сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның әрбр мүшесінің ортақ жауапкершілігін талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, діни қауіпсіздік мәселесінің маңызы айрықша.
Қазақстан – түрлі этнос пен конфессия өкілдері өзара татулық пен келісім жағдайында өмір сүріп жатқан зайырлы мемлекет. Осындай қоғамдық ортада өзара құрмет пен төзімділікті сақтау, заң талаптарын қатаң ұстану – қоғамдық тұрақтылықтың негізгі шарттарының бірі.
Дін адамзат тарихында рухани құндылықтарды қалыптастырып, адамды ізгілікке, жауапкершілікке, мейірімділікке үндеп келеді. Сондықтан діни сауаттылықты арттыру – қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтудың маңызды тетігі. Әрбір азамат діни ақпаратты сыни тұрғыдан бағалап, оның қайнар көзін тексере білуі, заңды және заңға қайшы діни әрекеттердің аражігін ажырата алуы қажет.
Әсіресе, жастар арасында ақпараттық сауаттылықтың маңызы зор. Қазіргі цифрлық дәуірде әлеуметтік желілер арқылы діни мазмұндағы түрлі ақпараттар жылдам таралады. Алайда олардың барлығы бірдей шынайы, сенімді әрі пайдалы бола бермейді. Сондықтан жастардың интернет кеңістігіндегі ақпаратты саралап, күмәнді діни үгіт-насихатқа сын көзбен қарауы және қажет болған жағдайда білікті мамандардан кеңес алуы маңызды.
Діни қауіпсіздік белгілі бір дінді немесе діни көзқарасты шектеуді білдірмейді. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың ар-ождан бостандығын құрметтей отырып, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, діни алауыздық пен өшпенділіктің алдын алу және қоғам мүшелерінің қауіпсіздігін қорғау.
Қоғамдық тұрақтылықты нығайтуда отбасы, білім беру ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғам институттарының өзара байланысы да ерекше рөл атқарады. Жастарға діни тақырыптарды түсіндіру барысында қорқыту немесе айыптау емес, ашық пікір алмасу, сауатты түсіндіру және дұрыс бағыт-бағдар беру тәсілдері тиімді.
Татулық пен қоғамдық келісім бір күнде қалыптаспайды. Ол күнделікті қарым-қатынаста өзара сыйластық таныту, өзгелердің пікіріне құрметпен қарау және ортақ заң талаптарын сақтау арқылы орнығады. Әрбір азамат қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға өз үлесін қоса алады. Арандатушы ақпаратты таратпау, тексерілмеген мәліметке сенбеу, адамның діни немесе этностық ерекшелігіне байланысты кемсітушілікке жол бермеу – соның қарапайым әрі маңызды мысалдары.
Қорытындылай айтқанда, қоғамдық тұрақтылық пен діни қауіпсіздік – өзара тығыз байланысты ұғымдар. Діни сауатты, ақпаратты саралай білетін, заңды құрметтейтін және өзге көзқарастарға толерантты қарайтын қоғам ғана тұрақты дамудың берік негізін қалыптастыра алады. Бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, барша азаматтың ортақ міндеті. Өзара түсіністік пен татулықты ту еткен қоғамның болашағы да баянды болмақ!

Нұрсұлтан РАҚЫМБЕК,
Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close