Basty bet
Өнегелі ұстаздар отбасы
Өнегелі отбасы – елдің ертеңі. Бабаларымыз айтқандай, «Ұл тәрбиелей отырып – жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз» демекші, баланың алғаш тәрбие алатын орыны – отбасы екені белгілі. Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты болу үшін отбасындағы ата-ананың тәрбиесі аса маңызды.
Ата-ана отбасының – сәулетшісі. Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде олардың бойына жастайынан имандылық пен сауаттылық қасиеттерді сіңірсек, тәлім-тәрбие берсек, сонда ғана рухы еркін, Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз.
Бүгінгі біздің әңгімеміз бала тәрбиесіне де, оқушы тәрбиесіне де өзіндік үлес қосып жүрген педагогтар, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Тасбастау ауылында тұратын көпке үлгілі жанұя – Айтбаевтар әулеті турасында болмақ.
Отағасы Құрманбек Айтбаев ауылдық округке қарасты бұрынғы Түркісіб ауылында дүниеге келеген. Ол №7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің түлегі. Алматы қаласындағы Алматы дене тәрбиесі институтын тамамдаған.
Құрманбек ағаның айтуынша, оқу бітіргеннен кейін алғашында №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Сондай-ақ, арасында Кәріқорған ауылындағы №3 спорт мектебінің директоры және бірнеше жыл Жетітөбе ауылдық округінің әкімі болып та қызмет еткен екен. Одан бөлек, «Төле би» агробірлестігі төрағасының көмекшісі болған. 2005 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін №7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.
Ал, отбасының ұйытқысы болып, қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған отанасы Бейбітгүл Айтбаева Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Ол Алматы педагогикалық шет тілдері институтын неміс және ағылшын тілі мамандығы бойынша бітірген.
Айтбаевтар әулетіне 1983 жылы келін болып түскен ол ата-ененің тәрбиесін көреді. Бейбітгүл Кеңесқызының сөзінше, атасы өте қатал, тәртіпті талап етіп отыратын, ақылды әрі шыншыл адам болған. Ал, енесі келінін жастайынан еңбекке баулып, үй шаруасының жұмыстарына және қонақ келгенде жылы жүзбен қарсы алуға үйреткен.
Бейбітгүл Айтбаева 1984 жылы ауылдағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепке ағылшын тілі және орыс тілі пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Жұмыс істей жүріп үй шаруасына да, мектептің жұмысына да үлгеріп, бала тәрбиесіне де жете көңіл бөледі.
Екеуінен тараған ұл-қыздарының барлығы бүгінде жоғары білімді азаматтар. Үлкен қызы Жанна Айтбаева аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда биология пәнінің мұғалімі болса, ұлы Ринат Айтбаев заңгер мамандығымен Тараз қалалық прокуратурасында қызмет етеді. Ал, ортаншы қызы Жанара Айтбаева Тараз қаласындағы облыстық түзету мекемелері басқармасының аға лейтенанты. Кіші қызы Арайлым Айтбаева Тараз қаласында тұрады, мамандығы – медбике.
Ұл-қыздарының барлығы үйлі-жайлы, олардан 10 немере сүйіп отыр.
Осы ретте 20 жылға жуық уақытын шәкірт тәрбиесіне арнаған отағасы Құрманбек Айтбаевты әңгімеге тарттық.
– Үйдегі балалардың тәрбиесіне де, мектептегі оқушылардың тәрбиесіне де бірдей қарадым. Қатал болатын жерде қатал, жұмсақ болатын жерде жұмсақ мінез таныттым. Жалпы бала тәрбиесіне атүсті қарамаған жөн. Өздеріңізге белгілі, қазірде билік басында жүрген азаматтарды да ұстаз тәрбиелегенін ұмытпауымыз керек. Тәртіп ұядан басталатыны секілді, біз мектепте әртүрлі тәрбие көрген, мінездері әртүрлі балаларға сабақ береміз. Мұндай кезде, мұғалімдер психологтың оқуын оқымай-ақ, бала жанын ұғатын психолог бола алады. Бір бала ерекше мейірімді қажет етсе, енді бірі қатал тәртіпті қажет етеді. Алдыма келген оқушыларға «өтірік айтпа, алдама, кез келген уақытта тек шындықты айт!» деп талап қойып отырамын. Әділ әрі адал болуға баулимын. Содан да болар, шәкірттерім алғыр болып, мектепте жақсы жақтарынан көрінуде, – деген Құрманбек Диханбекұлы мектептегі оқушылар спортқа жақын екенін тілге тиек етті.
Айта кету керек, Құрманбек Диханбекұлының білім нәрімен сусындатқан 15 шәкірті бүгінде еліміздің әр қаласында ұстаз болып еңбек етеді. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильиннің жаттықтырушысы болған Ержас Болтаев және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жамбыл облыстық паралимпиада комитетінің төрағасы Саттар Бейсембаев та Құрманбек ағаның шәкірттері.
Кейіпкеріміз тек мектеп жұмысымен ғана шектеліп отырған жоқ, үйде мал шарауашылығымен айналысады. Онымен қоса «Димаш» аталатын шаруа қожалықтың да ісін дөңгелетіп отыр. Шаруа қожалықтың иелігінде 25 гектар жері бар. Мұнда, арпа, жоңышқа егіледі.
Ал, отанасының мұғалім екенін біз бір көргеннен-ақ ұғындық. Бұлай деуіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені, біз оқыстан үйіне кіре бергенде көзіне көзілдірік тағып, үстіндегі киімін мұнтаздай етіп ұқыптылап киіп, жылы жүзбен ерекше сәлемдесуі жанға ерекше жылу сыйлағандай болды. Жазғы демалыс уақтысы болғандықтан, қаладағы барлық немересі ата-апасының шаңырағына қыдырып келіпті. Үйдің іші мәре-сәре күйде екен.
Отағасымен сұхбаттасып болған соң, Бейбітгүл Айтбаева да жанымызға жайғасты. Өзінің 36 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған және еңбек жолын көпке үлгі ете білген ол 2020 жылы зейнетке шыққан.
– Мен мүлде дауыс көтеріп ұрса алмайтын адаммын, – деп бастады ол сөзін. – Өз жұмысымды сүйіп істегеннен кейін бе, әйтеуір мектепте оқушыларға да, үйдегі балаларыма да зекіп ұрсып көрген емеспін. Ауылдық жерде өскен бала қашанда ұяң болады емес пе?! Балаларды жиі мақтап, сабақта ортаға шығарып, арнайы тақырып беріп, жеке-жеке өз ойларын білдіруді, айтқысы келген ойын анық жеткізуге, емін-еркін пікір алмасуға үйреттім. Менің түсінігімше, балаларды жиі мақтау керек. Сонда балалардың өзіне деген сенімділігі артып, ақыл-парасаты дами түседі. Мұғалім – жан-жақты ізденімпаз әрі өте білімді болуға тиісті.
Орыс жазушысы Антон Чехов «Адамда барлығы жақсы болуы керек» деген екен. Яғни, мұғалім бастан-аяқ киген киімін таза әрі ұқыптылап киіп, жүріс-тұрысын жіті қадағалап отырғаны жөн. Сонымен қатар, білімін ылғи да жетілдіріп отыру үшін жиі кітаптар оқығаны дұрыс. Сонда оқушы алдында да, ата-ана алдында да мәртебеңді жоғалтып алмайсың. Көпке сыйлы, құрметті адам болуың да ғажап емес, – дейді Бейбітгүл Кеңесқызы.
Келер жылы бұл жанұяның отандасқандарына 40 жыл толады. Бейбітгүл Кеңесқызы зейнет жасында болса да, үйде құр қарап отырған жоқ. Ол тәтті-дәмді тоқаштар, бәліш пісіріп, немерелерін қуантуды әдетке айналдырған. Сонымен қатар, қолы қалт еткенде газет беттеріне шолу жасап, кітап оқығанды жақсы көреді.
Ендігі мақсаты – өсіріп отырған ұл-қыздарынан тараған немерелерінің биік шыңдарды бағындырғанын көру болып отыр.