Basty bet
Татулықты ту еткен еңбекқор неміс қызы
Қазақ – ақ таңы арайлап атып, көгінде қыран құсы самғаған, төрінде көк туы желбіреп, бәйтерегі аспанмен сырласқан, дүние жүзінде жерінің кеңдігі жөнінен бірінші ондықта тұратын көп ұлтты өз құшағына сыйдыра білген ауызбіршілікті, кең пейілділік пен тұрақтылықты ту еткен ұлтжанды, отансүйгіш, дархан халық.
Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері, қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ. Тілдің ғұмыры уақыт тәрізді мәңгілік. Тіл – халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі.
Ата Заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық та айқын жазылған. Егеменді ел болғандықтан, мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу – елдің әрбір азаматының міндетті борышы. Қазақ тілін білуді азаматтық міндетті борышы деп білетін ұлт өкілдерінің бірі – Кристина Шеин. Кристинаның айтуынша, оның қазақ тіліне деген құрметі бала күнінен басталған. Жуалы өңіріне көшіп келген кейіпкеріміз қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған құтты мекенде тұрып жатқанын мақтан тұтады. Қазақ топырағында ғұмыр кешіп жатқан неміс қызы өз халқының мәдениетімен қатар қазақ мәдениетін де қадір тұтады. Отбасында орысша, немісше сөйлеген Кристина әңгіме барысында жұмыста қазақ тілінде тілдесуге тырысатынын айтты.
Неміс қызы Кристина көпұлтты отбасында дүниеге келген. Әкесі неміс болса, анасы – орыс. Ол аудан орталығындағы Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда білім алып, кейін Тараз қаласындағы жоғарғы оқу орнында оқуын жалғастыруды ұйғарады. Мамандығы – есепші. Бүгінде биязы қыз жаны қалайтын жұмысымен айналысуда. Орталық базарда «Diva» сән салонында қыз-келіншектердің шашын әсемдеумен айналысады.
Биыл көктемнен бастап Альфия Мейрамбаймен бірлесіп қайырымдылық жасап келеді. Нақтырақ тоқталатын болсақ, көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыдан шыққан нәзік жандыларға, жалғызбасты аналарға тегін шаш қиып, бетін әрлеп, әсемдеумен айналысып келеді. «Сұлулық әлемді құтқарады» демекші, бүгінгі күнде үш келіншектің ажарын әсемдеп, оларға ерекше қуаныш сыйлады.
-Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болу керек емес. Ең бастысы, мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әртүрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйласа, екіншілері қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасап қуаныш сыйлайды,- дейді Кристина.
Қазақ тілінде еркін сөйлеуіне жанындағы достары мен шаш қидыруға келген қыз-келіншектер ықпал ететіні байқалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа дәстүрлі Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген болатын. Мемлекет көздеп отырған меже бойынша, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Жалпы еліміздегі этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін меңгергендер қатары жыл санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыруға ықпал ететін бірден-бір маңызды мәселе деп білеміз. Қазақ тілінің жағдайы қай заманда да өзекті болған, назардан қалмаған. Әр дәуірде ұлт ардақтыларының тіл төңірегіндегі терең ойлары, қанатты сөздері бізге болашақ жолында үлкен рух беретіні сөзсіз.
Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»