Basty bet

БIрлIк бар жерде ғана ел сүйсIнтер тIрлIк болады

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы “Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы” №826 Жарлығының негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалаларда тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Президент Жарлығына сәйкес аудан әкімі Жалғас Мұртаза өткен жұма күні Қарасаз және Шақпақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді.
Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуге негізінен ауылдық округтегі мекеме басшылары жиналды.
Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев та қатысты.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза алдымен ауылдық округ тұрғындары алдыңғы кездесулерде көтерген мәселелер аясында үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстар мен жоспарлы жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
-Биылғы жылы “Ауыл – Ел бесігі” жобасымен 177 млн теңгеге төрт көшенің жолы жөнделеді. Енді Нұрлы жол көшесі ғана қалып отыр. Ол көше де келесі жылғы жоспарға енгізілетін болады.
Қарасу мен Жүрімбай ауылдары арасындағы жол былтыр бітпей қалған. Оған себеп битумның тапшылығы. Бөлінген қаржы кері қайтарылған. Битум тапшылығына қатысты мәселе бізде ғана емес, еліміз бойынша орын алды. Сондықтан биыл ретін тауып бұл мәселені шешетін боламыз.
Жалпы елді мекендердегі мәселе барлығынан хабардармыз. Мәселелер бойынша шешілу жолдарын қарастырып, тиісті құжаттарын жасатып, қаржы бөлдіруге жұмыс істейміз. Әрине, жұмыстың дер кезінде, сапалы орындалуында жауапты мамандардың білімі мен жауапкершілігі, іскерлігі үлкен рөл атақарады. Жауапты маман құжатты дер кезінде дайындаса, әрі қарай аудан басшысы ретінде облыс басшысы мен қажет жағдайда министрлікпен сөйлесіп, мәселені шешуге тырысамын.
Жалпы, тұрғындардың өтініш, тілектерін ескерусіз қалдырмай, барлығына заң аясында, бар мүмкіндікті пайдаланып көмектесуге, қызмет көрсетуге күш салудамыз.
Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселе – бала тәрбиесі. Интернеттегі түрлі ақпарат көздері, құмар ойын түрлері жастарды адастыруда. Кейбір жастар құмар ойын ойнап, оңай жолмен көп ақшаға кенелгісі келеді. Құмар ойынның артында адамдардың аңқаулығын пайдаланып байып отырған арам пиғылды адамдар отыр. Сондықтан балаға қатты мән беру керек.
Ұлттық құндылықтарымыз қай заманда да маңызын жоғалтпайды. Қазіргі заманның озық үлгілерімен ұлттық құндылықтарымызды ұштастыра білуіміз керек,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Сонымен бірге аудан басшысы Қарасаз ауылы аудандағы төрт ірі елді мекеннің бірі болғандықтан ауылдан заман талабына сай спорт кешенін салу жоспарланып отырғаны туралы да айтып өтті.
Ауылдық округ әкімі Жанар Нұрмұратқызы ауылдық округ көшелері толық жарықтандырылып біткенін және қаншама жылдан бері жөндеу көрмеген көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп бергені үшін ауыл тұрғындарының аудан басшысына деген ризашылығын жеткізді.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза көшені жарықтандыру мәселесі туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың айтқан ұсыныс-пікіріне тоқталды.
-Әрине, көшелерді бюджет қаражаты есебінен жарықтандырған жақсы. Бірақ, оның ай сайынғы төлем ақысы бюджетке үлкен салмақ. Сондықтан облыс басшысы бір сөзінде мынадай пікірін білдірген еді. “Аллаға шүкір, қазір әр көшеде үйара тұрмыстық жағдайы жақсы адамдар бар. Сол азаматтар көшесіне бір диодты шам орнатып, оны өзінің электр есептегіш құралына қосар болса, оның ақысы да көп болмайды. Әрі кетсе, екі-үш мың болуы мүмкін. Есесіне, бұл сауап ісі арқылы шапағатын көршілеріне, елге түсірер еді” деген болатын. Облыс басшысының ұсыныс-пікірі құптарлық іс. Сондықтан алдағы уақытта көшелерді жарықтандыру демеушілікпен жүргізілгені дұрыс.
Жалғас Мұртаза аудан аграрлы аудан болғандықтан мал тұқымын асылдандыру, ауыл шаруашылығы саласында шаруалар мол табысқа қол жеткізу үшін заман талабына сай әдіс-тәсілдермен жұмыс істеу қажеттігін де басса айтты.
Сондай-ақ, елді ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырды.
-Елді арандатушылықпен, сотқарлықпен, айқау-шумен ештеңе шешілмейді, ешқандай нәтижеге жеткізбейді. Елдің берекесі өзара түсіністікпен, ынтымақ-бірлікпен қана кіреді. Бірлік бар жерде ғана берекелі тірлік болады,- деді аудан әкімі.
***
Шақпақ ауылдық округінде өткен кездесуде алдымен Шақпақ ауылдық округі келер жылы “Ауыл аманаты” пилоттық жобасына енетіні айтылды. Бұл пилоттық жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруда бірден-бір нәтижелі жоба. Жұмыс істеймін деген адамға таптырмас мүмкіндік.
Ауылдық округте үстіміздегі жылы Т.Дүйсебайұлы ауылында Б.Момышұлы көшесі, Шақпақата ауылында Оразбаев көшесі жөнделеді. Бүгінгі таңда аталған көшелердің қаржысы порталға жүктелген.
Амангелді атындағы орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуді талап етеді. Алайда мектепті күрделі жөндеуден өткізу келесі жылға жоспарланып отыр.
Шақпақата ауылы тұрғындарының тағы бір өтініші бейіттің басына барар жолға құмшағал төсеп беру еді. Аудан әкімі бұл мәселеге де қолдау білдіретінін жеткізді.
Жер мәселесі Шақпақ ауылдық округінде сұранысқа ие. Сондықтан аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы алдағы уақыттта бос жерлер конкурсқа қойылатынын айтып өтті.
Ауылдық округтің әкімі Затыбек Пашенов ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында ауылда “Асар” жобасымен көмекке мұқтаж бір отбасына үй салып беру қолға алынып, бүгінгі таңда іргетасы құйылып біткенін жеткізді.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы ауылдық округте фейсбукте “Шақпақ ауылдық округі” парақшасының жұмысын жүргізіп отырған маманның жұмысына ризашылығын білдірді. Парақшаға ауылдың табиғаты, ауылда ұйымдастырылып жатқан маңызды шаралардың барлығын дер кезінде парақшада көрсете білуін атап өтті.
Кездесуде сонымен қатар кейбір “шолақ белсенділердің” елдің берекесін кетірер асыра сілтеушілік сөздері мен іс-әрекеттеріне тоқтау жасау керектігі жайлы да сөз қозғалды.
Ауылдық округтен сайланған депутат Ермек Абдувайтов ауылдықтардың еңбекқорлығы, ауызбіршілігі жайлы айта келіп, негізгі жол саналатын Д.Пахомов көшесінің бойынан жаяу жүргіншілер жолы салынса деген ұсынысын айтты.
Кездесу барысында басқа да мәселелер көтерілді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close