Basty bet
“Бәріміздің тілегіміз бір”
Ахмед Талыбов 1958 жылы Әзербайжан жерінде өмірге келген. Мектепті бітіріп, 1976-1978 жылдары Мәскеуде әскер қатарында азаматтық борышын өтейді. Әскерде болған бір жылында авиациялық қызметте ракеталарға қарауылдық етсе, бір жылында 1980 жылы болатын олимпиадаға дайындық жұмыстарына қатысады.
Қазақстанға, оның ішінде Шақпақата ауылына 1979 жылы көшіп келеді.
Осы жылы Шақпақата ауылының қызы ұлты әзербайжан Юлия Саядовамен отау құрады.
Ахмед Исмаилоғлы 35 жыл ауданымыздың дамуына үлес қосса, соның 20 жылында құрылыс мекемесінде бригадир, шебер болып еңбек еткен. Яғни, сол жылдары ауданымызда бой көтерген мектептер мен мекеме ғимараттарының барлығында Ахмед ағаның қолтаңбасы қалған.
Ахмед Талыбов 1988 жылы сәуір айында Қорғаныс бөлімінен шақырту алып, 12 сәуір күні Чернобыль апатының зардаптарын жоюға аттанады.
-Бүгін шақырту алсам, ертеңіне таңғы сағат бесте үйге Қорғаныс бөлімінен көлік келіп мені алып кетті. Ол кез әлі таң атпаған, қараңғы, балалар ұйықтап жатқан уақыт еді. Осы сәт қатты есімде сақталып қалыпты. Содан бізді бірден қалаға алып барып, әрі қарай пойызбен Киевқа жеттік. Ол жерден автобустар күтіп алып, апат болған жерге алып барды. Барлығымызды блок-блокқа бөлді. Мен үшінші блокта жөндеу жұмыстарын істедім. Онда да бригадир болдым. Тараздан барған Алик деген өзбек жігіт бар еді. Блоктың бір шетінде мен, екінші шетінде ол жұмыс істедік. Чернобыльда алты ай болдым. Ауылға келген соң төрт айдай ауырдым. Сүйектерім қақсап, басымда бір ісік пайда болды. Кейін оны Алматыдағы госпитальда дәрігерлер операция жасап алып тастады. 2000 жылы денсаулығыма байланысыты ІІ топтағы мүгедек ретінде зейнетке шықтым.
Совхозда жалпы 34 жыл түрлі жұмыстар істедім.
Денсаулығың болса еңбек еткенге не жетсін! Табысты боласың, елмен араласасың. Барлық жұмыстың өз қиындығы болады. Қиындықсыз ештеңе жоқ. Бірақ еңбегің арқылы құрметке де, бақытқа да, абыройға да бөленесің,- дейді Ахмед аға.
Ахмед Исмаилоғлы мен Юлия Саядова екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан бүгінде алты немере сүйіп отыр.
Қыздары Атырауда тұрады екен. Қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпты.
Үлкен ұлы ауылда мал дәрігері, кіші ұлы Ұлттық Ұланда әскери қызметте.
Орайы келгенде Ахмед аға мен Юлия апай кіші ұлымыздың қолында тұрсақ деп едік, оған оларға ауылда жұмыс жоқ. Жақында аудан басшылығына балама жұмыс жөнінен көмек сұрап барып едік, көмек болса деген үміттеміз деген тілектерін де жеткізді.
Ахмад Исмаилоғлы ауылда 60 әзербайжан отбасы барын, бүгінде ауылдағы түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті дос, жекжат-жұрат болып араласып, тіпті құда болып араласып тұрып жатқанын жеткізді.
-Юлияның әпкесінің бір келіні қазақ, бір келіні орыс. Міне, осылай тату-тәтті өмір сүрудеміз. Бізде бөлінетін ештеңе жоқ. Бәріміздің тілегіміз бір, бауырласпыз,- дейді Ахмед аға.
Иә, елдің ынтымағы мен бірлігінен артық ештеңе жоқ. Бірлік болса, тұрақтылық болады.Тұрақтылық бар жерде даму да бар.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»