Basty bet
Тәуекел еткенде ғана табысқа жетесің
Түс таянған уақыт. «Али» атты көлікке қажетті автобөлшектер сататын дүкенге арнайы барып, мақалаға арқау еткенді құп көрдім. Мен кірген уақытта дүкеннің ішінде адам аз емес. Қызу жұмыс болып жатқан көріністің үстінен түстім. Әр тұтынушы өзінің көлігіне қажетті заттарды таңдап көріп, қалағанын осы жерден тауып, ықыластана сауда жасауда. Дүкен иесі Әли Жақыпұлы да оларды жылы жүзбен қарсы алып, тұтынушыларға жақсы көңіл-күй сыйлай тұрғанын байқау мүмкін емес. Ол осы кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, біршама уақыттың ішінде саудамен айналысу арқылы үлкен жетістікке жеткенін байқауға болады.
Сөйтіп, 2001 жылы өзінің екі дүкенін ашып, кәсібін бастаған екен. Ал осындай кәсіп бастауына өмірлік жары түрткі болған. Иә, ер-азаматтардан қалыспай, қажырлы жұмыс істеп отырған Бекафия Уалханқызы үй мен түздің тірлігін қатар алып жүре алатындығын байқатқандай.
Қазіргі қоғамда «Ер – түздікі, әйел – үйдікі» деп бір жақты пікір айтып отыра алмаймыз. Себебі, бүгінгі әйел бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Бүгінде ақ жаулықты аналардың да жетістікке жетіп, табысқа кенелуіне, сондай-ақ талай-талай биік белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті. Демек әйелдердің қазіргі қоғамда атқарар рөлі орасан.
– Өзім Түркістан облысы Сарыағаш ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Еңбек жолымды сауда үйлерінде сатушы болып бастадым. 1989 жылы көпбалалы отбасынан шыққан Әли Мамышевпен шаңырақ көтердім. Үлкен әулетке келін боп түстім. Жолдасым екеуміз 34 жылдай тату-тәтті тірлік кешіп келеміз. Есеп-қисапқа жүйрік, жұмыста жауапкершілігі жоғары өмірлік серігім екеуміз отбасыда екі қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, олардан тоғыз немере сүйіп отырған бақытты жандармыз.
Сатушы болып жұмыс істеген уақытымда кәсіпкерлердің жанында жүріп кәсіп ашуға деген ниет пайда болды. Өйткені кәсібі бар адам жерде қалмайтынын ұғындым. Бұл кәсіпті меңгергеніме біраз жыл болды. Осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан емеспін. Тек аз-маз жиған-тергенімді жоспарлы жұмсап, осы істі бір ізге келтірдім. Қазір, шүкір жаман емес. Алдағы уақытта сауда орнын кеңейтіп, қосымша жұмыс күшін тартып, жаңа бағытта жұмыс жасауға ниеттеніп отырмын, – дейді кәсіпкер.
Кейіпкеріміздің дүкеніне барып, жұмыс барысын көзімізбен көргеннен кейін Бекафия Мамышеваның бұл ісі көпке үлгі екеніне көзіміз жетті. Өйткені, жеңіл көліктің автобөлшектерінен бастап, ауылшаруашылығына арналған трактор, комбайн сияқты ірі көліктердің де автобөлшектерін де осы дүкеннен таба аласыз. Бастысы, тұтынушының тапсырысы көңілден шыққаны абзал.
– Адам тәуекелшіл болмаса бір орыннан жылжымайды. Мен кәсіппен айналысқалы бері осыны түсіндім. Біздің бойымызда бір істі бастауға бел бумайтын қасиетіміз бар. Болашағы қалай болар екен деп ойланып, тәуекелге көп бара бермейміз. Қазақта «Нар тәуекел – ер ісі» деген сөз бар ғой. Адам тәуекелшіл болу керек, сол кезде ғана бір нәтижеге жетеді деп ойлаймын. Адамның өзі еңбек етіп, өзінің жеке кәсібінен нәсібін тапқаны ең жақсы іс. Ешкімге тәуелсіз өз ісіңді жүргізе білу де өнер, – дейді кәсіпкер келіншек.
Бір айлық табысты емес, кәсіптен ешкімге тәуелсіз табыс тапқанды құп санайтын кәсіпкер әйел Бекафия балаларын да кәсіпкерлікке баулитынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, жас кәсіпкер жетістікке жету үшін қателесуден қорықпау керек деген пікірде. Ең бастысы, құлшыныс пен өзіңе деген сенімділік маңызды.
Бәсекелестік қалыптасқан ортада қашан да сапалы қызмет жүреді. Қазір тұтынушыларды қажетті автобөлшектермен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір дүкен. Бүгінгі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Айлық жалақылары 150 мың теңге көлемінде. Әр кәсіпкердің өз несібесі бар. Қандай істі қолға алсаң да бірінші талап пен еңбек керек.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ