Basty bet

Семей полигоны ардагерлерімен кездесу

Семей полигонының жабылғанына 33 жыл толуына орай өткен аптада аудандық ардагерлер үйінде аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Семей полигонының зардабын жоюға атсалысқан ардагерлермен «дөңгелек үстел» өтті.
Кездесуге аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Шынаргүл Әбдікерімова мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты – өз өмірлерін қатерге тіккен ардагерлердің өмір жолын, батырлығын өскелең ұрпаққа насихаттау.
«Дөңгелек үстелді» аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды.
– Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына биыл 33 жыл толып отыр. Қазақ даласына үлкен қасірет әкелген Семей ядролық сынақ полигоны КСРО-ның аса маңызды стратегиялық объектісі болды.
Кейбір дерек көздерге сенсек, ядролық сынақ аумағында тұрған 1,5 млн азамат полигонның қасіретін көрген. Ауаға тараған радиоктивті жауын 304 мың шаршы шақырымға жайылған.
Семей полигоны жабылып, «Невада-Семей» қозғалысы құрылған соң, әлемдегі бірқатар сынақ орындарының есігіне құлып салынды. Қазақстанның ізін ала Украина мен Беларусь те қауіпті қарудан бас тартып, Лиссабон құжатына қол қойды.
Жыл сайын алғаш ядролық сынақ өткізілген 29 тамыз күні «Халықаралық ядролық қарудан бас тарту күні» болып атап өтіліп келеді.
Бүгінде сынақтар тоқтаса да, зардабын адамзат осы уақытқа дейін тартып келеді.
Біздің ауданда бүгінгі таңда Семей ядролық сынақ полигонының 72 ардагері тұрады. Ардагерлердің барлығына жыл сайын 150 мың теңгеден бір жолғы көмек көрсетіліп тұрады.
Полигон ардагерлеріне құрмет көрсету – біздің азаматтық парызымыз. Сіздердің отбасыларыңызға береке, бақыт және амандық тілеймін!
Дендеріңіз сау болсын, ортамызда аман-есен жүріңіздер. Мұндай қасіреттің қайталанбауына сенім білдіреміз,- деді аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы.
Семей полигонының зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлерге аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Шынаркүл Әбдіразаққызы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев та игі тілегін білдірді. Әрі қарай сөз кезегі аудандық Семей полигоны ардагерлер кеңесінің төрағасы Батихан Байтоқовқа берілді. Ол өзінің естеліктерімен бөлісті.
-Ядролық полигонның зардабын көптеген азаматтар көрді. Олардың болашақтарына зияны көп болды. Кезінде жастықпен білінбеген болса, уақыт өте келе, бәрібір зардабы көрініс беруде. Семей өңірінде әскери борышын өтеген көптеген азаматтарымыздың бойында да полигонның зардаптары қалып қойды.
Оның салдарынан өмірден ерте кеткен, өмір бақи мүгедек болып қалған көптеген азаматтардың да бар екені жасырын емес. Сондықтан осындай азаматтардың жай-күйі алдағы уақытта да ескерілсе, құрмет көрсетілсе,- деді Б.Байтоқов.
«Дөңгелек үстелді» аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы қорытындылап, Семей ядролық полигонының зардабын болдырмау мақсатында ерлік көрсеткен ардагерлерге алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close