Basty bet
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын…»
Қытымыр аяз бен қара суықтың орнына көктемгі жайма-шуақ ауа райы орнап, мыңдаған шақырымды еңсерген құстар аяулы ұяларына қайтып оралатын, тіршілік атаулы жанданып, мұз құрсауында қалған өзен-көлдер еріп, қуаттана түсетін осынау берекелі маусым – түркі халықтарының ғасырлар бойы тойлап келе жатқан басты қуанышы – Наурыз мейрамы. Ата-бабамыздың танымында Наурыз адам мен табиғаттың «жаңаруы», жаңа өмірдің бастамасы ретінде қабылданған.
Биыл елімізде Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өткені баршамызға белгілі. Амал күнінен басталған Наурызнаманың әр күні жаңаша тойланды. Мерекеде ұлттық салт-дәстүрлер барынша кеңінен ұлықталып, ұлттық құндылықтарға аса мән берілді.
Елімізде 19 наурыз – Жаңару күні болып белгіленді. Бұл күн барша азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндеді. Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні «өмірдің жаңаруын» бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу шарасына арналды.
Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру мақсатында ауданымызда 700 түп ағаш отырғызылды. Ардагерлер де игі дәстүрді жаңғырту мақсатында өңірде ұйымдастырылған шараның басы-қасында болып, жақсы бастаманың куәсі болған еді. Осы сәтте ардагерлер аудандағы барлық мекемелердің аулаларына жеміс ағаштары мен гүлдер отырғызылса деген ой келді. Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының көркіне көрік қосатын гүлзарлар мен жеміс ағаштарын отырғызуға мекемелер атсалысса деген үндеу тастады. Өйткені, өңірді жасыл желекке айналдырып, айналадағы тазалыққа баса мән берсек, онда ауданның айнасы саналатын Б.Момышұлы ауылы да көркейе түсері сөзсіз.
Әрбір тұрғын тазалық – әр ауладан басталатынын ескергені жөн болар. Ауданның тазалығы мен көркеюі тек мекемедегі қызметкерлерге ғана емес, барша тұрғындарға да байланысты. Сондықтан сіз бен біз болып, ауданымыздың көркеюіне және гүлденуіне өз үлесімізді қосайық!
Қазағымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр осы уақытқа дейін өз өміршеңдігін жойған емес. Сол себепті де осы аталы сөзді ұран етіп, барша жуалылықтарды ағаш егу дәстүрін қайта жаңғыртуға шақырамыз. Өміріміздің жаңаруына, табиғат анаға тағзым жасауға әрбіріңізді атсалысуға үндейміз!
Кемелбек Дәуренов,
Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы