Basty bet
«Алтынайда» төрт түліктің азығы молынан дайындалған
Ел экономикасы мен мемлекет дамуының негізгі тетігі саналатын ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту қазіргі таңда басты басымдықтардың біріне айналып отырғанын жақсы білеміз. Оның үстіне, асыраушы саланың әлеуетін арттыруға мемлекет пен қатар, ауылдағы шаруалардың да белді буып кірісуі саланың дамуына зор ықпал етіп отырғаны анық.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да жан-жақты айтылды.
«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.
Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады» делінген Президент Жолдауында.
Президент атап өткендей, ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Өнімді тереңдетіп өңдеген сайын нәтиженің де соншалықты мол болатынын да ойлауымыз қажет. Әрине, аталған саланың дамуына ауылдағы еңбекқор шаруа ағайынның қосып отырған сүбелі үлесін айтпай кетуге болмас. Жыл он екі ай бойы бел жазбай еңбек ететін шаруалардың еңбегі адал. Сол үшін де оларға мемлекет тарапынан көмек-қолдаулар жасалуы қажет.
Топырағы құтты, жері мен суы дуалы қасиетті Жуалы ауданы негізінен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, оның ішінде, төрт түліктің басын көбейтумен қатар, арпа, бидай, картоп, басқа да дәнді дақылдарды өсіруге қолайлы аудандардың бірі саналады. Оның ішінде, өңірдің таулы аймағындағы Боралдай ауылдық округінде масақты дақылдар алқабының көлемін ұлғайту арқылы мал азығының қорын да молынан өндіруге, соның есебінен малдың басын көбейтуге күш салып жатқан шаруашылықтар аз емес. Соның бірі – «Алтынай» шаруа қожалығы.
Көлтоған ауылындағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірінен саналатын «Алтынай» шаруа қожалығы 1999 жылы құрылған. Негізгі бағыты – төрт түлік мал өсіру және егін шаруашылығы.
-Аталған шаруашылық ауыл шаруашылығы саласының ардагері, әкеміз Әсет Рүстембекұлының ақыл-кеңесімен іргесі қаланған. Әкей Көлтоған ауылындағы бұрынғы «Путь коммунизма» колхозында өмірінің соңына дейін жүргізуші болып еңбек етті. Арасында гараж меңгерушісі, механик болып та жұмыс істеген. Бір отбасында алты ұл, төрт қыз өскенбіз. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары үйдің үлкендерінің алды үйлі-жайлы болып та үлгерген. Ол кезде ел өміріндегі қиын кезең болғанын барлығымыз жақсы білеміз.
Содан бір күні әкеміз отбасындағы ұлдарды жинап алып, жеке шаруашылық ашу, оның жұмысын қалай жүргізу керектігі туралы ақыл-кеңесін айтты. Содан көп ұзамай әкеміз де өмірден озды. Бұл 1996-шы жыл еді. Тірі адамға тіршілік керек емес пе?! Ағайынды азаматтар ақылдаса келе, 1999 жылы «Алтынай» шаруа қожалығын құрдық. Әрине, алғашқы кезде өте қиын болды. 17 үйдің жерін ұжымнан бөліп алғанбыз. Оны игеретін техника атаулыдан «Т-28» маркалы жалғыз тракторымыз ғана болды. Соны лаждап пайдаланып, егістік жерлерді жайлап игере бастадық. Тынбай ізденіп, ағайынды азаматтар күш біріктіріп, еңбек еткеніміздің арқасында жыл санап жағдайымыз да түзеле бастады,- дейді әулеттің ортаншы ұлы Ғани Рүстембеков.
«Алтынай» шаруа қожалығы егін шаруашылығымен қатар, мал басын көбейтуді де басты бағдар етіп ұстанып отыр. Бүгінде аталған шаруашылықтың жұмысын кенже ұл, еңбекқор азамат Ербол Рүстембеков жүргізіп отыр.
Шаруашылықта егістік жер көлемі жеткілікті. Қожалық басшыларының айтуынша, өз жерлеріне қосымша төңіректегі ауыл тұрғындарының да егістік жерлерін жалға алып игереді екен. Жерді тиімді игеруге әрине, ең алдымен жаңа техниканың ауадай қажет екені белгілі. Осы ретте «Алтынай» ШҚ алғаш құрылған күннен-ақ бұл мәселеге баса назар аударып келеді. Бүгінде ескі техникалар мүмкіндігінше жаңаларына алмастырылып отырады. Қазір аталған шаруашылықта соңғы үлгідегі «Беларус» тракторларының бірнеше данасы, одан бөлек алты корпусты «МТЗ-12-21» маркалы қуатты тракторы, дән жинауға арналған «Енисей» комбайны, жүк тасымалдайтын екі бірлік «КаМАЗ» көлігі, одан да басқа қажетті агрегаттардың барлығы дерлік бар.
Бір айта кетерлігі, шаруашылық мүшелері өз күштерімен 2016 жылға дейін осыншама техника паркін жаңартып үлгерген екен. Бұл әрине, ауыл шаруашылығын дамыту ісіндегі жүйелі жұмыс пен көпжылдық еңбектің нәтижесі. Шаруашылық былтыр 500 гектарға ақ егіс егіп, әр гектардан орта есеппен 15-20 центнерден өнім жинап алды.
Шаруашылық басшысы, іскер азамат Ербол Рүстембековтың айтуынша, бүгінде аяқтан нық тұрған агроқұрылымда ақ егіс егуден бөлек, мал шаруашылығын да дамытуға барынша күш салынуда. Көлтоған ауылының маңындағы шаруашылықтың мал қыстауында бірнеше жылдан бері төрт түліктен – жылқы, сауынды сиыр және етті бағыттағы ірі қара малдары, сонымен бірге, бір отар қой бағылады. Оның аталықтары жыл сайын бордақыға байланып, семіргендері сойылып етке өткізіледі. Одан түскен қаражат науқандық жұмыстарды атқару кезінде техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер сатып алуға, күзгі және көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай, басқа да шығындарға жаратылады.
«Алтынай» шаруа қожалығында 11 адам жыл тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде тәжірибелі механизатор-жүргізушілер, малшылар, сауыншылар т.б. ауыл шаруашылығы мамандары бар. Олардың алды 30-35 жылдық еңбек өтілі бар кәсіби мамандар. Шаруашылық құрылған күннен бастап істі ілгері бастырып келе жатқандар да солар әрине. Еңбектің қадірін жақсы білетін шаруашылықтағы ағайынды азаматтар қарамағындағы жұмысшы мамандардың айлық жалақыларын уақтылы төлеп, тұрақты әрі өнімді жұмыс істегендеріне жемшөппен және қыстық соғым етімен де қарайласып отырады екен.
Шаруа қожалықтың мал қыстауында мал қыстату науқаны қалыпты жағдайда өтуде. Қазіргі таңда мұнда 100 басқа жуық қылқұйрық жылқы, 30 бастай сауынды сиыр, байлаудағы ірі қаралар және бір отар қой бағылып, мұндағы төрт түліктің күнделікті күтіміне тәжірибелі малшылар жауапты болып отыр. Атап айтқанда, шаруашылықта бір ерлі-зайыпты отбасы көп жылдан бері тұрақты еңбек етіп келеді. Оларға тағы бір малшы қосымша көмек көрсетуде. Бұл әрине, төрт түліктің амандығымен қатар, оның қыстан қысылмай, қоңды шығуының да кепілі.
Шаруашылық басшысының айтуынша, мал азығын дайындау науқаны кезінде мал қыстауына 15 мың данаға жуық тайланған шөп пен сабан жиналып, оған қоса 20 тонна туралған арпа-бидайдан жем дайындалған. Мал қыстауындағы жағдай қазір тұрақты. Электр жарығы тартылған. Малшылардың азық-түлігі мен отын-суы жеткілікті.
Шаруашылық жұмысшылары былтырғы күзгі жиын-терімді сәтті аяқтап, күзгі дала жұмыстары науқаны кезінде биылғы жылдың өнімі мен ырыс-нәсібесі үшін алқапқа күздік бидай егу жұмыстарын да ұйымшылдықпен атқарды. Шаруашылық тұқымды жаңарту ісіне де басымдық берумен бірге, егістік алқаптарды минералды тыңайтқыштармен өңдеп, өнімнің көлемін ұлғайту жұмыстарын да қолға алып отыр. Ол үшін Алматы облысындағы ғылыми-зерттеу институтынан жыл сайын шаруашылыққа сапалы бидай тұқымдары да тұрақты жеткізілуде.
Әрине, мұның барлығында ынтымақ-бірлігі жарасқан ағайынды азаматтардың татулығымен бірге қажырлы еңбектің қолтаңбасы да айқын көрініп тұрғаны анық…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»