Basty bet
Әз-Наурыз – ұлттық мейрам, ұлық мереке!
Құрметті жерлестер!
Баршаңызға Наурыз мерекесі құтты болсын. Жаңа күн жақсылық пен молшылық алып келсін. Наурыз – пейілдің кеңейіп, мейірімнің молаятын рухани жаңғырудың айы. Наурыз нышандары көшпелі қазақтың күнделікті тұрмыс салтына, салт-дәстүрі мен санасына еніп кеткені ежелден белгілі.
Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кезеңдерін бейнелейтін ұлық мереке. Ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан төл мерекелердің ең ұлығы – Наурыз мейрамы екені көпшілікке аян.
Ұзақ жылғы үзілістен кейін төл мерекеміздің қайта жаңғырып, бағы жанған кезі Тәуелсіздік алар қарсаңға сай келді. Сол тұста халқымыздың біртуар ұлдарының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері – Өзбекәлі Жәнібеков: «Наурызды елден, елді Наурыздан ажыратуға болмайды» деп Әз-Наурыздың Алаш жұрты үшін қаншалықты маңызды мейрам екенін айтып қана қоймай, оның ел ішінде бүкілхалықтық сипат алып, ресми мереке болып орнығуына көп күш салғаны белгілі.
Қымбатты жерлестер!
Наурыз – мереке атаулының ұлығы, жылдың басы, тіршіліктің бастауы, күн мен түннің теңелген, тіршілік атаулының жанданып-жасанған, жер-дүниенің түлеп-түрленген, мал-жанның өсіп-өнген күні.
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық,әрбір шаңырақта ырыс-берекенің мол болуын, еңсесі биік Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеп, жаңа заманға сай дами беруіне тілектестік білдіремін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Зиядхан БҮРЛІБАЕВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы