Basty bet

Отбасы мен кәсібін қатар дөңгелеткен іскер келіншек

Кез келген табысты кәсіп– маңдай тер мен тынымсыз еңбектің жемісі. Ынтамен алға ұмтылып, жеке кәсіпті жігерлі түрде жетілдіріп отырғандар арамызда қаншама. Уақыт ағымына қарай бейімделген жұрт көбінесе кәсіп ашуға ниетті. Олар өздерін бизнесте сынап көруді армандайды. Алайда, сол ойларын шын мәнінде іс жүзіне асыратындар өте сирек.
Бизнесте бірді екі етем деп жүріп, адалдықтан айнымай, жауапкершіліктен еңбек еткендердің ісі ғана берекелі болмақ. Сондай белсенді әрі еңбектенгенді жаны сүйетін өңірдегі табысты кәсіпкерлердің бірі, Көлбастау ауылының тұрғыны Фарида Әжібекова. Бір қызығы, кейіпкеріміз басқа кәсіпкерлер сияқты бизнес тренингтерге қатыспай-ақ, мемлекеттен ешқандай қаржылай көмек алмай-ақ өз іскерлігіне сүйеніп, жеке қаражатының негізінде кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп отыр.
Кәсіпкерлікке бет бұрғанына 20 жылдан асқан Фарида Әжібекова Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласында дүниеге келген. Ол аталған қаладағы колледждердің бірінде аспаз мамандығын игерген.
Кәсіпкер алғашқылардың бірі болып аудандағы орталық базар аймағында орналасқан «Қаракөз» сауда орталығының киім дүкенінде сәнді түркиялық киімдерді көпке ұсынып, кейіннен киім-кешекпен қатар, жиһаз саудасымен де айналысқанын айтады. Кәсібін дөңгелетуді көздеген іскер келіншек былтырдан бері Б.Момышұлы ауылының төменгі бөлігінде орналасқан «Жуалы сити» шағын мейрамханасының (тойхана) жұмысын сәтті жүргізіп келеді.
Аудан орталығынан ашылған шағын тойхананың иесі жұмысын алға жылжытумен бірге, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де мән беретінін сөз арасында аңғартқандай.
-Халқымыз: «Талпынғанға тау да басын иеді» дегенді бекер айтпаса керек. Құдайға шүкір, кәсіптен нәсіп айырып отырған жайымыз бар. Тұрғындардың да талап-тілегін шамамыз келгенше орындап жатырмыз деп сеніммен айта аламын. Мәселен, заманауи үлгіде салынған тойхананың іші тартымды әрі қыста жылы, осыған сәйкес, тапсырысты да көптеп қабылдауға мүмкіндік мол. Мейрамханада барлығы сегіз адам жұмыспен қамтылған. Кәсіптің көкжиегі кеңейіп жатса, алдағы уақытта тағы да бірнеше адамды тұрақты жұмысқа алсақ деген ойдамыз,- дейді іскер келіншек Фарида Әжібекова.
Қолынан іс келетін кейіпкеріміз кәсіпкерлікке жастайынан келгенін айтады. Отбасымен бірге кәсіптің бірнеше түрін жасап көрген ол жұмыстан қолы қалт еткенде, түрлі тәттілер пісіргенді ұнатады. Отағасының қолдауымен қиялдағы кәсібін ашуға мүмкіндік туғанына да өте қуанышты екенін жеткізді. «Әйел қырық шырақты» демекші, Фарида кәсіпкерлік ісін дөңгелетумен қатар, отбасында бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
-Отбасы мен кәсіпті қатар алып жүруге тырысамын. Балалардың тәрбиесі мен оқу үлгеріміне, тазалығына өзіммен бірге көбінесе ата-енем көмектеседі. “Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді” дейді дана халқымыз. Сондықтан әйел барлық істі меңгере білген жөн деп ойлаймын. Кәсіпкерлік салада бағымды сынап, табыс тауып отырғаным – отағасының арқасы. Отбасымның қолдауының және өзіме деген сенімділіктің нәтижесінде табыс көзі айтарлықтай артып келеді,- дейді ол.
Кәсіпкер өз сөзінде, жеке кәсіп ашуға ниетті қыз-келіншектерге алға нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында бар күш-жігерлерін салу қажеттігін айтып, ерінбей еңбектенуге шақырады. Сонымен қатар, қандай кәспкерлікпен айналыссаң да, таза әрі адал болу керектігін тілге тиек етті.
Кейіпкеріміз Фарида Әжібекова кәсіпкерлік саласында жүрсе, отағасы Досмұханбет Ғабитұлы аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімінде жемісті еңбек етуде.
Кәсіпкердің ендігі ойы – кәсібін ары қарай дамытумен бірге, тәттілер сататын дүкен ашу. Отбасылық дәстүрді дамытумен бірге, адал іспен айналысуды басты мақсат тұтқан еңбексүйгіш жанның тындырымды тірлігі кім кімнің де көңілін сүйсіндіретіні анық…

Таңдаулы материалдар

Close