Basty bet
Сенатор аудандағы кәсіпкерлердің жұмысына оң баға берді
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Жуалы ауданына келіп, осындағы бірнеше кәсіпкерлік нысанның тыныс-тіршілігімен танысты. Сенат депутатының сапарына аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев және жауапты бөлім басшылары қатысты.
Сенатор Сәкен Арубаевтың жұмыс сапары Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінен басталды. Колледж директоры Медет Иманбаев білім беру ошағының ауыл шаруашылығын механикаландыру құзіреттілік орталығының және білім беру нысанының бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндады.
Оқу орнында 238 студент ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинисі, арнайы тігінші, аспаз, электргазымен дәнекерлеуші, автомобиль жөндеу слесарі және электромонтер түрлері және салалары мамандығында білім алуда. Колледждің жалпы қуаттылығы 420 орынды құрайды. Мұнда оқу корпусы, екі оқу-тұрмыстық шеберханасы, бокс, оқу полигоны бар. Ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы сегіз ауыр техникамен, ауыл шаруашылығы агрегаттарымен және слесарлық кабинетпен жабдықталған. Өндірістік оқытуға қажетті құрал-жабдықтармен алты мамандық бойынша толық жабдықталған. Алдағы жылға қойылған колледжді дамыту жоспарында материалдық базаны 100 пайыз толығымен заманауи жабдықтау қарастырылған. Өндірістік оқыту және кәсіптік практика колледждің оқу жұмыс жоспарына сай жүргізіліп отыр.
Колледж студенттері 32 орындық ыңғайластырылған жатақханамен қамтамасыз етілген. Алайда 100 орындық жатақханаға сұраныс беріліп отыр. Студенттер мемлекеттік грант негізінде білім алып, шәкіртақымен және ыстық тамақпен қамтылған. Мұнда студенттерге трактор мен комбайнды жүргізуді үйрететін арнайы виртуалды тренажер симулятор да бар. Осында балаларға барлығы үйретілген соң ғана, олар техника рөліне отырғызылады. Кәсіптік оқу орнында жалпы 51 адам жұмыс істеуде.
Сенаторға колледж студенттерінің шеберханада жүргізіп жатқан тәжірибелері мен ауыл шаруашылығы техникалары да көрсетілді. Оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысқан Сәкен Қаланұлы: “Колледж құзіреттілігінде өнім шығарып, оны сатуға, түскен қаржыны арнайы есепшотқа түсіру мәселесі қарастырылмаған екен. Ол колледждің құзіреттілігіне сіздердің айтуларыңыз бойынша енгізілмеген. Алайда ол заңға қарама-қайшы болмаса, тапсырысқа жұмыс істеу керек. Колледжге қосымша табыс табуға мүмкіндік берген жөн. Қосымша табыс табу тәжірибесін орман шаруашылығы мекемесінің мамандарынан алу керек. Колледждегі алты мамандықты меңгеріп отырған жастардың білімін тәжірибемен, оның ішінде кәсіпке баулумен ұштастыру қажет. Осы мәселені шешу үшін маған нақты ұсыныс беріңіздер” деді.
Іссапар әрі қарай Б.Момышұлы ауылындағы “Ali-ko Sut-2023” ЖШС-ында жалғасын тапты. Мұнда ол ЖШС директоры Мұратбек Нысанов жетекшілік ететін іргелі кәсіпорынның қызу жұмысының барысын көрді. Кәсіпорын басшысы бүгінгі таңда 19 адамды жұмыспен қамтып, сүт өнімінің сегіз түрін шығарып отырғанын жеткізді. Сенатор С.Қаланұлына кәсіпорынның 28 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі технологі сүт өңдеу процесіндегі және ірімшіктің дайындалу кезеңіндегі ең жауапты әрі маңызды жұмыстарды айтып берді. Кәсіпкер күнделікті екі тоннадай сүт қабылдап, күніне 200 келідей құрт жасалатынын және сүт өткізуші шаруаларды қызықтыру үшін оларға сүттің майлылығына қарай 15 күн сайын ақысын төлеп отырғанын жеткізді. Сүт компаниясының жұмысына оң баға берген сенатор мұнда күнделікті сүт өткізетін жеке кәсіпкерлермен де тілдесті. Олар бүгінгі таңда тұрғындардан сүтті 270 теңгеден қабылдап жатқанын айтты. Ауданның кәсіпкерлік саласының дамуына өз үлесін қосып отырған кәсіпорынның жұмысымен жан-жақты танысқан сенатор кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Жұмыс сапары әрі қарай өндірісті өрге бастырған “Бурное сүт компаниясы” ЖШС-ында жалғасты. Ауданда шаруалардан сүт қабылдап, сүт кластерін дамытуға мол үлесін қосып отырған серіктестіктің директоры Сыбанбай Арынов кәсіпорын 1951 жылдан бастау алған аты аңызға айналған Бурненский ірімшік зауытының негізінде құрылғанын жеткізді. 70 жылдан астам тарихы бар кәсіпорында қатты ірімшіктің бірнеше түрі, сары май, қоюландырылған және ультра пастерленген сүт, сондай-ақ, айран және құрт сияқты қышқыл өнімдерді шығарумен айналысып отырғанын тілге тиек етті. Мұнда жалпы 120 адам жұмыс істейді.
Сүт жетіспеушілігінің салдарынан Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы “Ырза-сүт” компаниясынан аптасына 80 тонна сүт жеткізіледі. Ал, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалардан 25-30 тоннаға жуық сүт қабылданады. Олардан сүт 300 теңгеден қабылдануда. Мұнда айына 50 тонна қатты ірімшік өндіріледі. Өндірілген өнімдер Ресей Федерациясына экспортталады. Сонымен қатар, сенаторға мұндағы жаңадан алынған сүт өнімдерін әзірлеуге арналған қажетті жаңа жабдықтар да таныстырылды. Іссапар барысында сенатор мұнда дайын өнім өндірілгенімен оны сақтайтын арнайы тетрапакеттер мен целофондар Ресей және Қытай елдерінен алынатынына қанықты. Сонымен қатар, сүт зауытындағы мұндай жұмыстарға көбінесе, жастардың келе қоймайтыны да айтылды. Сенатор жалпы кәсіпорында бүгінгі таңда қызметкерлер атқаратын сүт өңдеу процесін көрді.
Әрі қарай сенатор Сәкен Арубаев Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы “Ақсай Жуалы” ЖШС-ына барып, жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкермен тілдесті. Кәсіпорын директоры Әділет Жанқараев алты адамды жұмыспен қамтып, күнделікті 15 тоннаға жуық пластик бөтелкедегі су өндіріп жатқанын атап өтті. «Ақсай Жуалы» өнімдері 0,5 л, 1 л, 1,5 л және 5 литрлік құтыларда шығарылады. Әр бөтелке заманауи автоматтандырылған желіде, санитарлық талаптарға сай құйылып, өнімнің жоғары сапасы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда отандық өнімге Астана қаласынан және Батыс Қазақстан облысынан сұраныс артып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкер су құйылатын арнайы құтылар Түркістан облысының Шымкент қаласынан алынатынын да жеткізді. Ауылдық округте мұндай кәсіп түрін қолға алған кәсіпкердің жұмысымен танысқан сенатор оның жұмысына оң баға берді.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”