Basty bet
МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ҚҰРУДЫҢ НЕГІЗГІ ӨЛШЕМІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа арнаған Жолдауында: «Өте жоғары этика және кәсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі болып табылатындығын» атап өткені белгілі. Бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Мемлекеттік қызметші имиджінің тұтастығы жоғары кәсібилік пен жеке құзыреттің, моральдық-адамгершілік қасиеттердің және әдептілік мінез-құлықтың көрінуіне негізделген.
Мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Бұл сенім мемлекеттік қызметшілерден жоғары кәсібилікпен қатар, моральдық-әдептік нормаларды қатаң сақтауды талап етеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті 2015 жылғы 29 желтоқсанда №153 Жарлығымен «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін» бекітті.
Әдеп кодексінің мақсаты
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді. Сонымен қатар, қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мынадай қағидаттарға негізделеді: Адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету. Адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас. Әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдаумен қатар, кез келген мән-жайларда біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу. Ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету. Сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге құрметпен қарау. Клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халық сұранысын толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мен жолданымдарды қарау кезінде төрешілдік көріністеріне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.
Қызметтік әдеп стандарттары
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай талаптар қойылады: қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау. Мемлекет мүдделері мен азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру. Заңда белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау. Азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу. Өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау. Онымен қоса, іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу. Лауазымдық міндеттерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және міндеттемелерді алмау.
Жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын пайдаланбау. Сондай-ақ онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделерінде, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбау. Мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсатта лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдалану. Қызметтік міндеттерді адал орындауға кедергі келтіретін құқыққа сыйымсыз қаржылық және мүліктік мүдделерді қудаламау.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау – мемлекеттік аппараттың беделін арттыруға, қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға және тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етуге ықпал етеді. Әдеп кодексінің талаптарын орындау әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби және азаматтық борышы.
Еркебұлан ҚАМБАРБЕКОВ,
Билікөл ауылдық округінің әкімі