Basty bet

Абай тағылымы – өмір тәлімі

ұлы ойшыл, ақынның өнегелі өміріне арналған әдеби-сазды кеш өтті

Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 2025 жылы ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, көпшілікке таныту мақсатында «Әулиеата – кітап оқитын өңір!» жобасының аясында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафоны» ұйымдастырылуда.
Өткен аптада ауданға қарасты Қызыларық ауылдық округінің Ақтөбе ауылдық кітапханасында ұлы ақын, сазгер, ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, аудармашы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Ұлы халықтың Ұлы Абайы» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Кешті өткізудегі басты мақсаты – хакім Абайдың өнегелі өмір жолын, бай шығармашылығын кеңінен насихаттау, жастарды ақын мұрасынан тағылым алуға және рухани азық табуға шақыру болып табылады.
Рухани іс-шараға ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары мен ұстаздар, сондай-ақ, мәдениет саласының өкілдері қатысты. Іс-шараны ауылдағы №25 Ақтөбе тірек мектебінің (РО) қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Дина Сәрсенбай ақын Абай Құнанбайұлының «Мен бір жұмбақ адаммын…» аталатын әнімен ашып, мектеп оқушылары Ернияз Бекарыс ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», Хулмаханбет Думан «Әсемпаз болма әрнеге», Мырзаш Айару «Қыс» өлеңдерін мәнерлеп оқыса, Қалдыбай Еркеназ жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 1-томы, Оразбай Арайлым «Абай жолы» роман-эпопеясының 2-томы, Қалдау Мерей Абайдың бірінші және жетінші қара сөздерін, Адайбай Айзере «Шегіртке мен құмырсқа» мысал аударма өлеңін, Қалдыбай Еркеназ «Интернатта оқып жүр…», Оразбай Баянсұлу «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңдерін оқыса, «Ақ әжелер» тобы «Желсіз түнде жарық ай» әнін нақышына келтіріп орындады.
Ал кітапханашы Әсем Абделиева «Абай – дана, Абай – дара тұлға» тақырыбындағы кітап көрмесімен қатар, «Абай – 180 жыл» атты кітап инсталяциясымен таныстырып, әдіскер Меруерт Үсенбекова «Абай – қазақтың рухани көсемі» ауызша журналын, «Абай әлемі – халық қазынасы» библиографиялық көрсеткішін, «Абай тағылымы – өмір тәлімі», әдістемелік құралын, сонымен қатар, «Абай Құнанбайұлы – ақпараттық-жарнамалық» парақшаны таныстырып, кітапхана оқырмандарын кітап оқуға шақырды. Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған әдеби-сазды кештің соңында аудандық орталық кітапханалар жүйесінің кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Шарифат Каниева іс-шараға қатысқан барлық оқырманға алғыс білдіріп, олардың бірқатарын Алғысхаттармен марапаттады.
Айта кетсек, рухани іс-шараға жиналған көпшілік ақын мұрасының бүгінгі ұрпақ өміріндегі маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, кеш қатысушылары қазақ халқының кемеңгер ойшылының жас ұрпаққа қалдырған асыл сөздері – халықты еңбекке, ғылым-білімге, адалдық пен адамгершілік құндылықтарына үндейтін өнегелі мұра екенін жеткізді. Әлбетте, мұндай әдеби-сазды кештер өскелең ұрпақтың жүрегіне Абай даналығын ұялатумен бірге, қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілігін арттыратыны сөзсіз.
Ұлы Абайдың «Атаның баласы болма, адамның баласы бол!» деген ұлағатты өсиетін көкіректе нық сақталып, «Жүректен кіріп, бойды алған» рухани күш иесі Абай Құнанбайұлының есімі ел есінде мәңгілік сақталатынына ешбір дау жоқ!

Әсем АБДЕЛИЕВА,
Ақтөбе ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
Ақтөбе ауылы

Таңдаулы материалдар

Close