Basty bet

Мен бақытты шәкіртпін!

Қарапайым ғана жанның осындай заңғар биікке айналуының сыры неде?

Сәбит ағай! Сіз менің ұстазымсыз! Сіз маған рух берген қасиеті үлкен жансыз! Білесіз бе, Сіз туралы жазу осы жолы өте қиын болды. Мен мектепті бітіріп, Алматыдағы мемлекеттік университетке оқуға түсерде еркін тақырыпта шығарма жаздым. Ұстазым туралы оның маған берген «сиқырлы сенім таяқшасы» туралы жаздым. Университет бітірген соң Алматыдағы №86 мектепке мұғалім болып орналастым. Сол кездегі «Пионер» журналына Сіз туралы мақала жаздым.
Сонда Фариза апайым (Оңғарсынова): «Гүлтас, мұғалімің шынымен осындай жан ба?» деп сұрады. «Апай, ол кісі менің қаламыма сыймайды, ғажап үлкен, мен бір шетін ғана жаза алдым» дедім. Содан соң біраз жылдардан соң республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналына сіздің ғажап әдіскер маман екеніңізді, тамаша ұстаз екеніңізді тағы да жаздым. Иә, ол жазу ғана…
Ал мен сіз туралы көкірегі ояу жандарға, республиканың барлық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне, ғалымдарға тоқтаусыз айта беретінмін. Менің дәрісімді тыңдап, сабағыма қатысып, маған жылы сөз, мақтау айтқандарға: «Сіздер менің ұстазымды Сәбит ағайымды тыңдасаңыздар ғой. Мен деген ол кісінің бір кіп-кішкентай бөлшегі ғанамын. Ол кісі сарқыраған, бұрқыраған таудан аққан алып өзен. Мен сол өзеннен бөлініп аққан кішкене жылға ғанамын» деймін.
Ол – Рас! Осы жолы Ұстазым туралы жазамын деп қолыма қалам алғанда менің Сәбит ағайым қасымда болмай шықты. Ол ұстаздықтың ұлы биігіне, даналықтың дариясына, өте-өте биік заңғар Шыңға айналған екен. Сол себепті де Сәбит ағай, Сіз туралы қаламым жазбай, ойсанам тереңге тарта берді. Ойлана бердім. Қарапайым ғана жанның осындай заңғар биікке айналу сыры неде? Ол неге басқаларға ұқсамайды? Идеологиясы жат заманда жүріп-ақ рухын қалай жоғалтпады? Тағы тағы шексіз ойлар тереңіне тарта берді…

КҮНДЕ АДАМ БОЛҒАН ЖАН

Адам боп өмірге келген соң Адам боп қалу көптің қолынан келе бермесін көріп жүрміз. «Заманына қарай адамы» дейміз-ау… Әрине ықылым заманнан бері адамзат тарихында небір оқиғалар өтті, қантөгіс соғыстар, өрлеу де, кері кетулер де болды. Адам игілігіне берілген қасиетті қара жер бәріне куә. Ол біз тарих деп атын атап, түстеп жүрген бес мың жылдықтың арғы жағындағы сансыз оқиғалардың да куәсі. Сонда да адамзатқа, тіршілік иелеріне: аңға, құсқа, орманға, т.б. берерін тауыспады. Қазақ атам қадірін біліп: «Жер Ана» дегені мұндай дұрыс болар ма! Бәрі де құдіретті Бір Жаратушының мейірім шапағаты да болар. Адам саналы түрде де, бейсаналы түрде де Жер Анадан мейірімді, жомарт болуды, мінезде қара жердей ауыр, салмақты болуды үйренген шығар. Бірақ қасиетті де қасиетті жан бойына сіңіретіні де шындық.
Менің Сәбит Ұстазым қасиетті қара Жерге ұқсайды. Оның мінезіндегі салмақтылық, жүрегіндегі жомарттық, қайғы келсе қайыспай тұру, молшылық пен кеңдік! Бәрі-бәрі. Өмірге келгендегі өз мақсат міндетін анық білген жан Сәбит ағайым болар! Сәбит ағайым күнде Адам болған жан! Қаншама жандардың алдауына да, шырмауына да түскен болар. Бір басында материалдық барлық та жоқтық та болған шығар? Бірақ ол өзгерген жоқ. Жанынан жылу, ақылынан енші беруін тоқтатқан жоқ. Сондықтан да ол – Шың! Оған өсек те, өтірік те, пенделік те жетпейді.

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ

Ықылым замандардан бері адамзаттың ақыл-ойының алдаспанындай болып ұлы тұлғалар есімі тарихта қалды. Адамзаттың тарихында сондай тұлғалардың болуы болашақ өркениеттің тағдырына әсері болатыны айдан анық. Ақыл-ойдың нәр алар бастауы, тірегі де сол ұлылар айтқан сөз, даналық. Бірақ сондай ақыл иелерінің де нәр алары – халық, көпшілік. Мысалы, арыға ұзамай Абай дананы алайық. Абай сөзін ұғарлық, тыңдап өнеге алатын ортасы болмаса, Абайдан жырдың жауһары, сөздің маржаны шығар ма еді? Жоқ, жоқ әрине. Ел іші – қазба кеніш. Абай айналасындағы біз атын білетін, естіген адамдар мыңның бірі ғана болар. Бірақ сол ұлт, сол халық өз ортасынан Абайдай дананы шығарды. Болашақ қазақ деген ұлттың рухына нәр болу үшін, санасына сәуле түсіру үшін ұлы Абай сөздері қалды. Абайдың бүгінгі ақындардан артықшылығы Абай ел ішінде, ауыл адамдарымен бірге болды. Абай сөздерін ауыл адамдары тікелей жүзбе-жүз өз аузынан естіді. Тентегін тезге салса да, ұрысын ұрсып тыйса да, жақсысына сөз арнаса да ақын олармен бірге болды. Абай ғана емес, Абайға да ел ағалары сөз айтты, кемшілігін айтты. Кейінгі (Кеңес заманындағы) елден шыққан қазақ даналары, қаламгерлері елден жырақ, қалаға кетті. Елдің алдына шығып сөз айтқан жоқ. Кабинетте, жалғыздықта отырып жазды. Сондықтан да ол қаламгерлердің жазғандарын жұрт түгел есітіп білген жоқ, оқитындар ғана оқыды.
Кеңес үкіметінің кері саясаты елді рухани аштыққа ұшыратты. Қазақтың бай ауыз әдебиетінің қақпағы тарс жабылды, баяғы жырды таңнан таң асырып айтатын жыршылар да, ертегішілер де қалмады. Салт дәстүрді ескіліктің сарқыны деді. Қазақтың тарихы айтылмады, оқытылмады. Хандары қарақшы, батырлары барымташы, билері қампиған қарын иелері болып шыға келді. Өз тарихымыздан ұрпақты жирендірді. Сонда ауылды, ауылдағы ұлттық құндылықтар тамызығын өшірмей тұтатып отырған ауылдағы зиялы қауым мұғалімдер болды.
Менің ұстазым, Сәбит ағайым ұлттық құндылықтардың шырақшысы болды.
Сәбит ағай біздің мектепке біз 9-сыныпта оқып жүргенде оқу ісінің меңгерушісі болып келді. Сіз білесіз бе, Сәбит ағайдың біздің ауылға келгені ауылымыз үшін құбылыс болды. Күреңбел ауылына рухтың, тазалықтың Күні шыққандай құбылыс болды. Ағаймен алғаш 10-сыныпта, қазақ әдебиеті сабағында кездестім. Біздің мұғаліміміз аурухана түсіп, сол кісінің орнына сабақ берді. Шынын айтқанда, қазақ әдебиеті сабағына қызықпайтын едік. Оқулықта не жазылса, соны баяндап айтып беріп, баға алып жүретінбіз. Хрестоматияның бетін де ашпайтынбыз. Сәбит ағай бізге: «ал, балалар, енді хрестоматияны аша қойыңдар» деді. Біреуімізде де хрестоматия болмады. Ағай таңдана қарады да, хрестоматиядағы Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повестін жатқа оқи жөнелді. Біздің жағдайымызды біле беріңіз. Бір сағаттың ішінде Бейімбет талантына табындырды. Келесі сабақты асыға күттік. Онда Ілияс Жансүгіров.
Оқулық жайына қалды. Ондағы жазушының өмірбаяны, поэмалары туралы басқалардың айтқан сөзі бәрі қажет емес болып қалды. Хрестоматиямен де шектелмей, ағай өзі бір үлкен қоңыр кітапты көтеріп келді. Ол Ілияс Жансүгіровтің толық шығармаларының үлкен бір томдығы екен. «Күй», «Күйші», «Құлагер», «Дала», «Жетісу суреттері» т.б. Міне, солай Сәбит ағай бізді Жетісудың жеті өзеніне шомылдырып, тазартқандай болды. Бізге сөз құдіретінің күшін сыйлады. Бірақ өз мұғаліміміз келгенде тағы да хрестоматия үйде қала беретін болды. Бірақ көркем шығарма әлеміне кірген соң біз өзіміз үшін оқыдық. Сәбит ағай 1975 жылы Ұлы Отан жеңісінің 30 жылдығына арналған оқушылар арасындағы байқауға біздің мектеп оқушыларынан үлкен концерт даярлады. Мен жүргізуші әрі жауынгердің анасы рөлін ойнадым. Әртістік қабілетім дәл сол кезде ашылды.))) Ағай оқушыларға домбыра тартуды да, би билеуді де қарасөз, өлең оқуды да үйретеді. Сөйтіп, біздің мектебіміз аудандық жарыста бірінші орынды иеленіп, облысқа жолдама алдық.

КЕУДЕСІНДЕ «АЛЫП БӘЙТЕРЕГІ» БАР АДАМ

Мен университет бітірген соң Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы №86 мектепке қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Өз бойымдағы қабілетім де бар шығар, бірақ мен тура Сәбит ұстазымдай болғым келді. Сабақта көркем шығарманың өзімен жұмыс жасадым. Бағдарламадағы кейбір саяси шығармаларды журналға жазып, бірақ ол шығарманы емес, басқа көркемдігі ғажап шығармаларды оқытып, талдатанымын. Менің шәкірттерім «әдебиеттің вирусын» жұқтырып алды. Олдар жарысып кітап оқитын болды. Олардай көркем мәтінді мәнерлеп оқитын, олардай шығарманы терең талдайтын, сахналық қойылымдарда беріліп ойнайтын, жазушылардай әңгіме, ертегілер жазатын балаларды кейін жоғары оқу орындарында кездестірмедім.
1988 жылы республика көлемінде Халық мұғалімі Атыраулық Құсиын Айтқалиевтің, Өскемендік Қанипа Бітібаеваның атаулы мектептері ашылды. Оған Қазақстандағы мектептерде шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдер тартылды. Бағыма қарай, мен де Айтқалиев атауылы мектебінің мүшесі болдым. Талай ғажап мұғалімдер болды. Үлкен жоспар жасалды. Тәжірибелі ұстаздар әдістемелік бағытта сапалы жұмыстар атқарды. Жас мұғалімдер әр облыс орталығына жиналған мұғалімдерге, кейде оқушыларға сабақтар өткіземіз.
Сондай шығармашыл ұстаздардың ортасында өзімнің ұстазым Сәбит ағайдың болғанын қаладым. Құсиын ағаға Сәбит аға туралы айттым. Сондағы айтқаным: «Ағай, менің ұстазымның орны осы жерде. Егер адам саны шектеулі болса, менің орныма Сәбит ағай келсін. Ол кісінің пайдасы көп болады, әрі тәжірибесі де мол. Ол кісі «Шұғаның белгісі» болса, мен оның бір сөйлемі ғанамын» дедім. Құсиын аға мәз болды, арқамнан қағып: «Болды, Гүлтас қарғам! Ұстаздың туындысы шәкірті ғой. Сен Сәбит ағайыңның керім шығармасы емессің бе! Солай Сәбит ағайым Құсиын Айтқалиев мектебінің мүшесі болды. Сабақ дейсіз бе, әдістеме ме, сол кездегі СССР-дегі және шетелдік мықты новатр мұғалімдердің тәжірибесі ме, Сәбит ағай қарапайым мұғалімдерге де, ішіміздегі ғылым кандидаттарына да кеңес беріп, атаулы мектептің абыройын биікке көтерді.
Бір қызығы, Сәбит ағай ешкіммен кеңірдек жыртып айтыспайды. Өзінің пікірі дұрыс болып, оны басқа біреу терістеп жатса да, сол адамға сырт мінез көрсетпейді. Тіпті, мұғалімдер біруақ көңіл көтеріп жатқанда да, ол кісі бәрінен оқшау барып, ойға батып отырады. Дастарқанға отырғанда да ол кісінің қол созып, тамақ алып ішкені байқалмайды.
Топ ішінде де, көп ішінде де ол жалғыз сияқты көрінеді. Оның құлағына шу да жетпейді, ду да жетпейді, дауды мүлдем естімейді. Оның жауы да, дұшпаны да жоқ. Себебі, ол іздегеннің, қиналғанның, адасқанның алдынан шығып отырады… солай… ол сая да, тірек те, ақылшы да, жол көрсетуші де болады. Өзінің әлемі өзін әлдилеп отырады. Сәбит ағайдың кеудесінде саялы бәйтерегі бар сияқты …
Бауыржан Момышұлы туған баталы жердің ұланы рухсыз болмас. Шақпақ ата, шақпақ тас, боранды ауыл… Алатауы арқасында тұрғанда оған аласаруға болмайды, қасиетті Қаратау жантаяр жастығы болғанда оның қасиетті болмасқа шарасы жоқ сияқты. Көрмей отырып көретін, сөйлемей отырып бас изеуімен, жымиып күлгенімен-ақ сөйлейтін, тәрбие беретін ол менің ұстазым.
Ұстазым Сәбит Дүйсебаев биыл мерейлі 80 жасқа толып отыр. Қариялыққа қиналмай жетіп, рухы сынбай, ақыл парасатымен, шығармашыл болмысымен, әке жолынан ұрпақ, ата жолымен немерелеріне құнды тәрбие, ұстаз жолымен жүздеген ұстаздарды ұста көрігінен өткізген ұлағатты Ұстазыма тағзым етемін.
Мен бақытты шәкіртпін!

Гүлтас САЙЫНҚЫЗЫ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close