Basty bet
Қайтарымсыз грант – жастарға зор мүмкіндік
Жуалы ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы «Ұлттық жобасы» аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 2023 жылы 36 жасқа мемлекеттік грант берілген болатын.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 бұйрығымен бекітілген, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде, 2023 жылғы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 73 адамға 100 млн 740 мың теңге қаржы, осал топтағы азаматарға мемлекеттік гранттар беру жоспраланған.
Бүгінгі күні 73 адамның ішіндегі осал топтағы 36 азаматқа комиссия шешімімен мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілді. Оның ішінде, 25 азамат – жануарлар, 2 азамат – құралдарға, 5 азамат – еңбек құралдарына және 4 азамат-технологиялық жабдық мемлекеттік грант алып өз кәсіптерін бастауға 49 млн 680 мың теңге қайтарымсыз гранттар берілгендігі көптеген азаматардың өздері ниеттеніп жүргізсем деген шаруалары алға басып отырғаны көңіл қуантарлық жағдай.
Осы орайда, Боралдай ауылдық округіне қарасты Көлтоған ауылында Гүлден Марсель балаларға арналған массаж орталығын ашқан болатын. Ол бұл кәсібін ашу үшін көп жылдар бойы ой үстінде жүрді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде дизайнер мамандығында білім алғанымен, ауылды жерде өз мамандығында жұмыс істеу мүмкіншілігі болмапты. Өңірдің жалпы табиғаты мал және егін шаруашылығына лайықталғандықтан көбінде мал бордақылау, мал шаруашылығына басымдық берілген. Ол жағынан да жастар қатары белсенділік танытып отыр. Аталған мемлекеттік грант ішінде ерекше кәсіп түрін және ауылды жерлерде жоқ деген дүниелерді жасап, қолға алуға деген ниеттері үлкен жетістік саналады.
Оның үстіне Гүлден Темірланқызы көпбалалы ана ретінде бала тәрбиесімен үйде отырған екен. Баласының дертіне шипа іздеген және балаға қажетті массажын алдырту үшін қала, аудан орталығына сабылған ата-аналардың қарасын көре отырып, бәлкім дәл осы жұмыс менің қолымнан келеді-ау деген ой түйген. Бір қызығы Гүлденнің бала массажына деген қолының ептілігі оның осы саланы тезірек игеріп кетуіне жол ашты. Тараз қаласында «Тараз шебері» үш айлық курсын оқып, ондағы білікті маман Ғалия Бөлтірікованың ақыл-кеңестерінің арқасында осы кәсібін жүргізіп, бүгінде ауыл-ауылдардан кезекке тұрған ата-аналар қарасы толассыз. Олардың алысқа бармай-ақ ауылдың өзінен осындай кәсіби біліктілігі бар мамандардың қарапайым халыққа қызмет етуі көптің көңіліне қуаныш сыйлап отыр.
-Бизнес жобамды жасау үшін қатты қиналған жоқпын. Ең бастысы, осы саланы тереңірек игеріп, бір адамға болса да пайдамды тигізссем деген пікірде болдым. Бес жыл болды. Осы салада еңбек етіп жүргеніме. Бастапқыда өз балаларым үшін үйренген болатынмын, кейіннен жас нәрестелерді үйде қабылдайтын болдым. Аппарат жабдықтарым тым ескі, бұрын пайдаланылған құрылғылар болатын. Десе де, қарап отырмадым. Бір сәтте, жаны қиналған массаж алуды қажет ететін маманға мұқтаж жандардың жай-күйін толық түсіне алғандықтан бүгінде осындай еңбектің жемісін, көптің ыстық ықыласын алып жүрген жайым бар. Бір күнде шамамен 8 адам келеді. Жалпы осы уақыт аралығында 160-қа жуық бүлдіршінге көмек көрсетіледі. Бұл жұмыс тоқпен, небір қымбат тұратын құрылғылармен жұмыс істейтін болғандықтан, қауіптілігі де басым. Сол себепті, мен жұмысты мейлінше мұқият, ұқыптылықпен, асқан жауапкершілікпен атқаруға тырысамын.
Бизнес жобамды бірауыздан қолдаушыларға алғыс білдіремін. Себебі, бұл бизнес жобам арқылы мемлекеттен бөлінетін қаражат есебінде массажға қажетті құрылғылар алуым керек болды. Мәселен, бүгінде ортопедиялық кілемшелер, электрофарез, парафин, массажерлар, гайбанизатор, солнышко деп аталатын аппараттарға қол жеткізгеніме қуаныштымын. Туылғаннан сарысы бар балаларды, неврологиялық, буынында кінараты бар балалар қатарының да жыл санап көбеюі алаңдатпай қоймады. Толық массаж емін алу үшін 35 мың теңге, ал электрофарез, парафин, массаж – 1000 теңгеден қарапайым халықтың қалтасы көтере алатын бағада қарастырылған. Өзімнің білмеген сәттерімде білікті мамандармен байланысып, ақыл-кеңестерін алып отырамын. Өз саламның білігірі, көптеген балалардың аяққа тұрып, денсаулықтарының реттеліп кетуіне жәрдемдесу басты арманым.
***
Тұрлыбек Мақты Қайрат ауылының азаматы. Ол ІІ топ мүгедектігі бар азамат ретінде өз жобасын қорғап, нәтижесіне мемлекеттік гранттың жеңімпазы атанды. Ол мүйізді ірі қараны сүт бағытында асырап, елдің қажеттілігіне жаратуды көздеген. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі сүт өнімімен айналысқанды жөн санайды. Осы орайда, олар бір күнде 30 литр сүт жинап, ірімшік зауытына өткізетіндігін айтады. Кейде өнімді өздері жинап, өз қажеттілктеріне де жарататын кездері болады. Сүт өнімінен құрт, ірімшік, айран, қаймақ секілді түрлі тәтті дәмді дүниелерді жасап оны қажеттілікке жаратады. Үйдің тұңғышы Мақты ерік-жігері мықты азаматтардың қатарынан. Ол әкеден ерте айырылып, денсаулығымен де көп қиналса да еш мойымауға тырысты. Себебі, артында жалғыз жанашыр анасы және іні-қарындастары бар. Оларды қатарға қосып, демеуім керек, ағалық қамқорлығымды оларға көрсетуім керек деген асқақ ойы, жанашыр ниеті бар азамат. Ол аудандық, облыстық шахмат ойындарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы шахмат, тоғызқұмалақ ойындарының жеңімпазы, аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталған белсенді жастың бірі.
Мемлекет осындай жігерлі, тірліктің көзін табуға тырысқан білікті жастарға, кәсіпкерін ашып, тірлігін жүргізуіне мүмкіндіктер жасап жатқандығы қуантарлық жағдайлар. Өңірдің дамуына өзіндік пайдасын, үлестерін қосып жүрген жастар қатарының көп болуы елдің ілгерілеуі үшін жасалған игі шаралар деп білеміз. Елдің бүгіні мен ертеңін ойлаған белсенді жастар қатары көп болсын!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»