Basty bet

балаларды қуанышқа бөлеген жәрмеңке

Жаңа оқу жылы жақындап, жазғы демалыстың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Осы аралықта ата-аналар балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтарын әперіп, киіндіріп, жаңа оқу жылына қызу дайындық жүргізетіні белгілі.

Осыған орай, аудан орталығындағы «Достық» мәдениет үйінің алаңшасында сәрсенбі күні «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында «Жақсылық жаса!» ұранымен жәрмеңке өтті.
Жәрмеңкенің мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балаларды қолдау көрсету, сонымен бірге халыққа жалпы мектепке қажетті заттарды төмен бағамен ұсыну.
Жәрмеңкеде мектепке қажетті барлық құрал-жабдықтар және мектеп формалары қолжетімді бағада ұсынылды. Бұл ізгі шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және аудандық әкімдіктің бірқатар басшылары арнайы қатысып, өз үлестерін қосты.
Одан бөлек, бұл қайырымдылық акциясында бірқатар кәсіпкерлер көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына керек-жарақтарын сатып алып беріп, балаларды қуанышқа бөледі.
Жәрмеңкеге жиналған жұртшылықтың қарасы көп болып, тек Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары ғана емес, сонымен бірге алыс ауылдардан да тұрғындар ағылып келіп жатты.
Алаңшаның оң қапталында орын алған саудагерлер бірінші қатарға дәптер, қаламсап, күнделік, сурет дәптері сынды мектеп құралдарын саудаласа, екінші қатарға мектеп формалары, сөмкелер, аяқ киімдер және спорттық киімдер де рет-ретімен сатылымға қойылды.
Сөреге қойылған тауарлар бағасы тұрғындар игілігі үшін нарықтағыдан төмендетіліп сатылды.
Айта кету керек, жәрмеңкеде ауданға белгілі кәсіпкер әрі ісмер Гүлмира Әсемованың тігін цехынан арнайы тігілген мектеп формалары қолжетімді бағада сатылымға қойды.
-Бүгінгі өткізіліп отырған игі шараға 28 және 50-ші өлшемдегі мектеп формалары әкелініп, қолжетімді бағада халыққа ұсынып отырмын. Кәсіпкерліктің жұмыс жасап жатқанына 20 жылдай уақыт болды. Кәсібімнің негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын бірқалыпты форма киюге машықтандырып, сабақтарына, тәрбиесіне көп көңіл бөлінсе деген ой еді. Биылғы сатылым деңгейі өте жоғары. Демеушілік жасап жатқан азаматтар мен азаматшаларға алғысым шексіз. Балаларды толықтай мектепке даярлап жатыр.
Игі шарада ауданның қайырымды азаматтары мен кәсіпкерлері аз қамтылған, көпбалалы отбасында тұратын оқушыларға демеушілік жасап, мектеп формасы мен қажетті құрал-жабдықтарды тарту етті.
Қайырымдылық акциясына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев қатысып, игілікті жұмыстардың іске асуына мұрындық болды. Өз қаражатына Қарасаз ауылының 6 сыныпта оқитын екі оқушысын киіндіріп, балалардың ризашылығына бөленді. Аз қамтылған отбасына, қиын жағдайға тап болған кісілерге көмектесу – мұсылман үмбетінің борышы.
Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Айгүл өзінің мектеп жасындағы екі баласына дәптер, қаламсап, күнделік сияқты керекті заттарын сатып алғандығын айтып, сондай-ақ, мұндай төмен бағадағы жәрмеңкелер жиі-жиі ұйымдастырылса деген тілегін жеткізді.
Жаңа оқу жылының қарсаңында жәрмеңкеде мектепке қажетті құралдар мен формаларды төмен бағада жеңілдікпен сатуды ұйымдастырушыларға аудан тұрғындары ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тұрғындарға арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close