Basty bet

“Жасыл ел” – жастар тірегі

«Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы аралықта бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың біріне айналып үлгерді. 20 жылға жуық уақыт ішінде жоба жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды.
Бұл қозғалыс жастарды еңбекке баулып қана қоймай, ортақ идеялар төңірегінде топтастырды.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының заңгері Нұркелді Ахметов уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға қолдау білдіруші студенттер мен жастардың қатары артып отырғанын айтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың сәуірінен бастап «Таза Қазақстан» акциясы өтуде. Аталған республикалық деңгейдегі экологиялық акцияға жуалылықтар, оның ішінде жастарда сүбелі үлес қосуда. Экологиялық айлықта Жастар ресустық орталығының өкілдері де істің бел ортасында жүрді.
Жалпы «Жасыл ел» еңбек жасағының екінші маусымы жалғасуда. Жыл өткен сайын «Жасыл ел» қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артып келеді. Өткен жылы 120-тан аса жас еңбек жасағына кірсе, биыл 70 адам аталған жобаға кіріп отыр. Аудан аумағын абаттандыру бағытында жұмысқа тартылғандар айына 75 мың теңге жалақы алады. Еңбек жасағы ауданды көгалдандырып, сондай-ақ аумақтарды абаттандырады. Бұдан басқа олар аулалар мен көшелерді тазалап, жұмыс жоспарына кіретін басқа да жұмыс түрлерін атқарады» дейді Нұркелді Ахметов.
Айта кетейік, «Жасыл ел» командасына уақытша, маусымдық, кей жағдайда тұрақты жұмыс тапқысы келетін 16 жастан 35 жасқа дейінгі кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Бұл – жобаның аясын кеңейтіп, оны әртүрлі әлеуметтік мәртебедегі жастар үшін қолжетімді және қызықты етеді.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close