Basty bet
Адамзат пен табиғат егіз ұғым
Шөбі шүйгін, топырағы май өлкенің бірі – Жуалы жері десек, әсте қателесе қоймаспыз. Есте жоқ ескі замандарда Асанқайғы бабамыздың осынау қасиетті жерге табаны тиіп, киелі өлкенің табиғаты туралы толғағанын әлі күнге дейін ұрпақтардың қаншама буыны жыр ғып айтып келеді. «Басқаның бәрін қисаң да, Жуалыны қимайсың. Бөктеріп алып кетер ем, ат сауырына сыймайсың», деп Жуалы өлкесіне тамсануы да бекер емес сияқты.Қасиетті топырақта дүниеге келіп, түлеген тұлғалардың да осал болмайтынын енді түсінген боларсыз. Атап айтқанда, Қазақ хандығы тұсында, одан кейінгі аласапыран замандарда атамекеннің қарыс жерін дұшпанның аяғына таптатпай ел мен жерді жаудан қорғап, ұрпақтарына аманат етіп қалдырған батыр бабаларымыз қаншама. Одан кейін де бұл қасиетті топырақ Алаш жұртына Бауыржан Момышұлындай қаһарманды, Шерхан Мұртазаұлындай дара дарынды, оннан астам жұлдызы биік генералды, даңқты спорт саңлақтарын сыйлады. Олар бүгінде Жуалының жұлдызын биікте жарқыратып, даңқын асқақтатып келеді.
Шерағаң қара сөзбен жырлаған қасиетті Мыңбұлақ өлкесі, оның ішінде Ақсай, Көксай, Ақсу-Жабағылы бәрі-бәрі өз орнында. Тәңіртау да бұрынғы қалпынша асқақ. Тіршілік атаулыға тауға тән тәкаппарлықпен қарайды. Бауырында Көксай, Ақсай өзендері ақ көбігін аспанға шашып, долдана ағып жатыр. Олардың бастауын тау шыңдарындағы мұздықтардан алады.
Ақсай шатқалынан тауға қарай өрлеп жүре берсеңіз алдыңыздан «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының аумағына кіресіз.
Осы ретте, «Аксу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы республикалық мемлекеттік мекемесінің инспекторы болып алты жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Мұрат Тілеубаевты сөзге тартқан едік.
– Адамзат пен табиғат егіз. Атадан балаға мирас болып келе жатқан табиғатымызды көздің қарашығындай сақтап, анамыздай аялап, келер ұрпаққа таза күйінде қалдыруымыз керек. Табиғат – адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі. Сол сұлулық пен әсемдікті талай ақын жырға қосып, небір әншілер ән арнаған. Сол сұлулықты, әсемдікті жоғалтпай қастерлеуіміз керек. Бұл жайында халқымыздың қалдырған тағылымдық, тәрбиелік мәні зор. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» тағы да басқа ұлағатты сөздері, табиғатқа деген сүйіспеншіліктері қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Бұл орайда ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтің: «Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойламаған жігітті қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпақ емес» деген жан тебіренісі еріксіз ойға оралады. Ендеше, елім, жерім деген ел азаматы өз туған жерінің тағдырына немқұрайды қарамай, қоршаған ортаның тазалығына атсалысуы тиіс. Табиғаттың адам үшін маңызы зор. Қазіргі таңда табиғатты қорғаудың түрлі жолдары қарастырылған. Бірінші жолы – түрлі заңдар шығарып, оны жүзеге асыру. Ұлттық парктер, қорықтар санын молайту. Әрі «Қызыл кітапқа» енген өсімдік, жануар түрлерін қорғап, көбейту. Табиғатты тиімді және ұқыпты пайдалану.
Мен күзететін аймаққа Майдантал айналымы Текеқамал кардоны бөлімшесіне қарасты орамдар кіреді. Атап айтар болсақ, Текеқамал 4 орам, Көксала 5 орам, Шошқасай 11 орам, Қасқабұлақ 22 орам, Айнакөл 23 орам,Текеқамал кардоны 123 орам.
Жануарлар дүниесіне келер болсам, Алатау арқары, тауешкі, елік, жабайы шошқа, аю, қасқыр, түлкі, жайран, қоян, түлкі, мәлін, дуадақ, бүркіт, қаршыға, бозторғай, басқа да аң-құстардың алуан түрі мекендейді, – дейді Мұрат Әнуарбекұлы.
Иә, адам табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақтағанда, адамзат баласы үшін табиғат – кең сарай, мәңгі тозбас құтты қоныс болады. Жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы табиғат-анаға қарыздар. Сондықтан да Табиғатқа немқұрайды қарау, онымен санаспау – ана сүтін ақтамағанмен пара-пар. Адам баласы Табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең ұлы қамқоршысы да екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»