Basty bet

Бала тәрбиесіне атүсті қараған ата-аналардың жауапкершілігі қаралды

Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды.
Бала құқықтарын қорғауды күшейту және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, жасөспірімдер арасында суицидтік мәселелерін шешу жөніндегі жол картасын іске асыру туралы және аудандық прокуратурамен бекітілген «Жуалы ауданы бойынша 2023 жылы басты бағыттар ретінде айқындалған жүйелі бұзушылықтар тізіміне енгізілген іс-шара жоспарының» орындалуы бойынша баядама тындалды.
Аудандық полиция бөлімінен келіп түскен екі іс-құжат қаралып, комиссия мүшелері ортақ шешімге келіп, тиісті шешімдер қабылданды. Мұнда жасөспірімдер арасындағы орын алған құқықбұзушылық іс-әрекеттер жан-жақты қаралып, бала тәрбиесіне атүсті қараған ата-аналарға қажетті мөлшерде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерде болуын, балалардың тәрбиесін бақылауға алып, тұрақты түрде балаларға зерделеу жұмыстарын жүргізу және мектеп оқушылары арасында әлімжеттікке жол бермей, мектепте тәрбие жұмыстарын жандандыру жөнінде тиісті бөлімдерге тапсырмалар берілді.
Өз кезегінде комиссия төрайымы Анар Ахметова кәмелеттік жасқа толған жасөспірімдер арасында жүргізілетін рейдтік жұмыстарда мобильді топтар нәтижеге жұмыс жасамайтынын және зерделеу жұмыстарын жүргізетін жерде тек суретке түсумен ғана шектелетінін баса айтты. Мұндай олқылыққа жол бермей, алдағы уақытта нәтижеге жұмыс істеу қажеттігін, сонда ғана барлық құқықбұзушылықтың алдын алуға болатынын жеткізді.
Одан бөлек, бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің жиі орын алатындығын, мұндай жағдайда мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының, мектеп психологтарының және ең бастысы – ата-ананың рөлі зор екенін, сондықтан бала тәрбиесіне келгенде жауапкершілік таныту қажеттігі баса айтылды.
– Ата-ана ерекше жағдайда ғана емес, тәрбиемен ұдайы айналысуға міндетті. Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана өзіміз тәрбиелі болуымыз керек. Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де, жауапты міндет. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы – ата-ана. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді, – деді Анар Садыққызы.
Жиында комиссия мүшелері өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close