Basty bet

“Бәрі де отбасынан басталады…”

танымдық, тағылымды кеш

Халқымыз қашаннан отбасын киелі санаған. «Басыңа бас қосылсын!», «Қосағыңмен қоса ағар!» деген ақ тілек бар. Қандай қысқа, бірақ мағынасы терең, нұсқа тілек.
Отбасының берекесі ешқашан дүние-мүлікпен кірген емес, береке өзара түсіністікпен, сыйластықпен, сүйіспеншілікпен қана кіреді.

Дана халқымыз отбасының берекесі туралы былай деген: «Жұмысың өнімді, өмірің көңілді болсын десең досың көп болсын және сол достықты ең әуелі жұбайыңнан баста».
«Әйеліңмен дос бол – берекең кіреді,
Азаматпен дос бол қадіріңді біледі,
Білімдімен дос бол – ақыл-кеңес береді».
Бүгінгі қоғамда ең өзекті мәселе – отбасы құндылықтарының аяқасты болуы, салдарынан ажырасудың көбеюі. Яғни, отбасын бұзып, басқа біреуден бақыт іздеп, баласының нәзік жүрегіне қатыгездіктің уын өз қолымен шашып жүргенін сезбей жүрген әке мен шешелердің көбеюі. Бұл – қоғам үшін де, ұлтымыз үшін де үлкен қасірет.
Өткен жұма күні аудандық мәдениет үйінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасына деген жауапкершілікті арттыру мақсатында ауқымды шара өтті.
«Бастау: Ізгілік қалсын әр ізде…» айдарымен «Бәрі де отбасынан басталады…» атты танымдық кешке ардагерлер, әкелер, аналар кеңесінің мүшелері, аудандық билер кеңесінің мүшелері, жас отбасылар қатысты.
Сонымен бірге облыс әкімінің отбасы және әйел құқығы жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Әмина Қайназарова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Елена Сергеевна, психолог магистр Гүлжан Ибраймова, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрила Мәлібекова арнайы келді.
Шара келін түсіру, беташар дәстүрімен ашылды. Сахна төрінен шыққан бүлдіршін қыз қуанышты жаңалыққа көрерменнен сүйінші сұрап, артынша келін түсіп, сахнада беташар рәсімі өтті.
Танымдық кешті аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашты.
-«Отан отбасынан басталады» деген халқымыздың даналық сөзінің қай қоғамда болсын мағынасы өзгерген емес, өзгермейді де. Яғни, мемлекетіміздің алтын тіреу діңгегі – әрбір түтіні түзу шыққан отбасы. Сондықтан әр отбасындағы татулық, дәстүр, мәдениет, тұрмыстық жағдай үлкен маңызға ие.
Бүгінгі “Бастау: Ізгілік қалсын әр ізде…” атты айдарымен ұйымдастырылып отырған шара екінші рет өтіп отыр. Танымдық, тағылымды шарамыз кәделеріңізге жарасын!- деді А.Садыққызы.
Келесі сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев ажырасуға қатысты статистикалық деректерге тоқталды.
-Үстіміздегі жылдың бес айының қорытындысы бойынша облысымызда 1600 некеге тұру тіркелсе, 566 отбасы ажырасқан. Ал ауданымызда 50-ден аса отбасы ажырасып отыр екен. Бүгінде жас отбасылар ғана емес, төрт-бес бала-шағасы бар отбасылар да ажырасуда. Осы орайда көкейімізді «Жастардың кешегі алып ұшқан сезімдері қайда? Отбасына деген жауапкершілік қайда? Біз ұлымызды, қызымызды қалай тәрбиеледік? Қай жерде қателестік? Неге балалардың болашағын ойламаймыз?» деген көп сұрақ мазалайды. Сондықтан тұғыры биік ел боламыз десек, бұл мәселемен қоғам болып күресуіміз керек,- деді С.Шерелханұлы.
Танымдық кеш қонақтары Меруерт Лештаева бүгінгі қоғамдағы келеңсіздіктер әйел аналардың, жалпы ата-аналардың отбасын асыраудың қамымен жүріп, бала тәрбиесін босаңсытып алуының салдары деген ойын білдірсе, Әмина Қайназарова әйел-аналарға шыдамдылық, ақылдылық керектігін айтып әр отбасына бақыт тіледі.
Танымдық кештің жүргізушісі халық шығармашылығы мәдени демалыс орталығының жасөспірім және жастармен жұмыс секторының меңгерушісі Нәзипа Қаттебекова «Қалың қалай, ақ келін?» айдарымен келіндер қауымына түрлі сұрақтар қойды. Келіндер «Үлгілі келін болудың сыры неде?», «Енеңіз сізді қалай тәрбиелеуде?», «Келін болудың мектебі бар ма?», «Келін болғанда өзіңді неден тыйдың?» сынды сұрақтар төңірегінде өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Ой бөлісуде «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген даналық сөздің төңірегінде көп пікір айтылды.
Қазақтың келіні – қазақтың келешегі. Сол арқылы өседі, өнеді, көсегесі көгереді. Халқымыз үшін келін түсіруден үлкен той, қуаныш жоқ.
Келін – ертеңгі ана, тіршіліктің тірегі, адамзат сапарының жалғастырушысы. Яғни, Сәрсенбек Бәкір ақын айтқандай,
«Келін болу –
Ел болу, ұғынғанға!
Жаны жайсаң, көңілі пәк асқақ ары
Ана болу бақыты асқаралы,
Жұбай болу, жар сүю – бәрі, бәрі
Келін болған күніңнен басталады». Сондықтан халқымыз «Келіннің қадамы құтты болсын!» деген тамаша тілек айтқан.
Жоғарыда айтылған сұрақтарға енелер «Келінді тәрбиелеме, бірінші өзіңді тәрбиеле» десе, келіндер үлгілі келін болудың сыры – ата-енеңнің айтқан ақылын дұрыс қабылдай білуде, үлкенді сыйлауда, еңбекқорлықта деген пікірлерін білдірді.
Келесі кезек «Тамшы сөздер мен қамшы сөздер» айдарына берілді. Аталған айдармен саханада экраннан көрсетілген сөздерге күйеу жігіттер пікір білдірді.
Салт-дәстүр бөлімінде кітапханашылар «Сәлем салу, шәй құю” рәсімін көрсетсе, Талапты ауылдық клубы «Құрсақ шашу», Шыңбұлақ ауылдық клубы “Жас анаға кимешек кигізу” дәстүрін көрсетті.
Танымдық кеш барысында «Киелі кимешек» аудандық тігіншілер байқауы да өтті. Байқауда сегіз тігінші түрлі жастағы аналарға кимешек тігіп, кимешектің қадір-қасиеті туралы айтты.
Іс-шара барысында сонымен қатар кеш қонағы психолог магистр Гүлжан Ибраймова жас отбасылармен тренинг өткізсе, Әмина Қайназарова мен Меруерт Лештаева әйел-аналармен қоғамдық қабылдау жасады.
«Киелі кимешек» аудандық тігіншілер байқауының нәтижесінде бас жүлдені Ләззат Жанысбекова (Шыңбұлақ ауылы), І орынды Қамар Мұханова (Талапты ауылы), ІІ орынды Хадиша Жұмағамбетова (Нұрлыкент ауылы), ІІІ орынды Әдемі Дербісалиева (Т.Дүйсебайұлы ауылы) иеленді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Басқа қатысушыларға да Алғысхаттар мен ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
Сондай-ақ, танымдық кешке белсенді атсалысқан қатысушыларға Меруерт Лештаева алғыс білдіріп, сый-сияпаттар тапсырды.
Кешті аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қорытындылады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close