Basty bet
Отан отбасынан басталады
Ағымдағы жылдың 30 маусым-30 шілде аралығында ерте жүктіліктің, ажырасулардың және суицидтің алдын алу мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында бір айлық ақпараттық-ағартушылық «Мерейлі отбасы – Әділетті қоғам» акциясы жарияланғаны белгілі.
Аталған акцияның аясында бір ай бойы ақсақалдар кеңесі, билер кеңесі, аналар кеңесі, этномәдени бірлестік өкілдерінің, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының мамандары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Өткен жұма күні аудандық «Достық» мәдениет үйінің ауласында бір айлық ақпараттық-ағартушылық «Мерейлі отбасы – Әділетті қоғам» акциясының қорытындысына арналған жиын ұйымдастырылды. Оған «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық және аудандық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері шақырылды.
Жиында аудандық «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің директоры Жамиля Қалымбетова «Әке мен Ана – ұлт болашағының жауапты тұлғалары» тақырыбында, аудандық орталық аурухананың «Сенім» жастар денсаулық орталығының психологы Венера Сейтаева «Отбасылық қарым-қатынастағы сенім мен түсінік», аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Ғазиза Егізбаева «Денсаулығы мықты ана – дені сау ұрпақ», аудандық полиция бөлімінің ЖПБ-ның ювеналды полиция тобының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі инспекторы Досжан Байдалиев «Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғам парызы», аудандық аналар кеңесінің мүшесі Бақыткүл Қанаева «Қазақ отбасы дәстүрі – ұрпақ сабақтастығының өзегі» және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев «Мерейлі отбасы – берекелі қоғамның іргетасы» тақырыптарында баяндама жасап, көпшілікпен тақырыпқа байланысты ой бөлісті.
«Мерейлі отбасы – Әділетті қоғам» акциясының қорытындысына арналған жиында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова құттықтау сөз сөйледі.
– Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірменді ардагерлер, ардақты аналар, әкелер!
Бүгін біз ауданда өткен «Мерейлі отбасы – Әділетті қоғам» атты бір айлық акцияны қорытындылап отырмыз. Бұл акцияның негізгі мақсаты – қоғамда отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасы күні» мерекесіне орай сөйлеген құттықтау сөзінде: «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деген сөз бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады» деген болатын.
Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, отбасы құндылықтарын сақтауда ата-ананың алатын орны ерекше маңызды. Қазақ халқында «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасында жайқалып өскен құрақ» деген даналық сөз бар. Әрбір баланың жетістігі – отбасындағы махаббаттың, ізгілік пен ұлылық сияқты өмірге тірек болатын ең асыл құндылықтардың жемісі.
Елімізде отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні, қыркүйектің екінші жексенбісі Қазақстанда отбасы күні, мамыр айының екінші жексенбісі Аналар күні, маусым айының үшінші жексенбісі Әкелер күні атап өтіледі және «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылады.
Ауданда әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, аналар, әкелер кеңестері жұмыс жасайды. Отбасы құндылықтарын насихаттауда ардагерлер ұйымының да еңбегі зор.
Бүгінгі қоғамда дүниеге әкелген перзенттеріне ғана емес, жалпы жас ұрпақтың бойына адалдық, шыншылдық, адамгершілік, имандылық пен отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді дарытып, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген отбасылар да баршылық. Мұндай үлгілі отбасылар осы іс-шараға қатысып отыр. Әрбір шаңырақ шаттық пен берекенің мекеніне айналуына шын жүректен тілектеспін,- деді Анар Садыққызы.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық және аудандық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Олардың арасында Қарасаз ауылдық округінен Көшербаевтар отбасы І орын, Жетітөбеден Абдуалиевтар ІІ орын, ал ақсайлық Қанадановтар отбасы ІІІ орын иеленді.
Іс-шара барысында Отан, туған жер, отбасы құндылықтары туралы әндер шырқалды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»