Basty bet
Шаңырақтың шаттығы – нәрестенің тәтті үні
Шаңырақтың шаттығы – нәрестенің тәтті үні. Солай бола тұрғанымен, жүктілікті жоспарлау мәселесіне келгенде оған бас қатырып, ой елегінен өткізіп жүрген ерлі-зайыптылар некен-саяқ. Мұны ашық айтыла бермейтін аса нәзік мәселе десе де болады. Неге? Себебі, Жаратқаның ісіне жағаласудың қажеті не деп жазғыратындар да табылады. Алайда әрбір әйел заты өзіне, өзінен бұрын дүниеге әкелетін нәрестенің денсаулығына қатысты жауапкершілік жүгін арқалайтынын да қаперден шығармаған абзал. Болашақ сәбидің денсаулығы ана құрсағына сәби біткен мезгілден бастап қалыптасады. Сондықтан жүктілікті жоспарлау, сол кезеңде әйел ағзасында болатын өзгерістер мен асқынулар, жиі кезедесетін аурулардың алдын алу мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Осы тақырыптың төңірегінде дәрігерлік кеңес алу үшін жоғары санатты дәрігер, ауданның бас акушер-гинекологы Ғазиза Егізбаевамен әңгімелескен болатынбыз.
-Өздеріңіз білетіндей, сәбиді өмірге әкелу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол үшін жүктілік жоспарланған болуы керек. Ана мен баланың денсаулығын нығайтуда отбасын жоспарлаудың маңызы зор. Яғни, әрбір әйел бала көтермес бұрын тиісті зертханалық тексеруден өтіп, нәтижесін алған соң денсаулығына қарай ем қабылдап, дәрігермен кеңесе отырып, дәрігердің рұқсатымен отбасын жоспарлауы керек. Отбасын дұрыс жоспарлаудың ана мен баланың денсаулығына да, қоғамға да тигізер пайдасы зор. Өкінішке қарай, бізде басқаша түсінік қалыптасқан. Үлкен кісілердің өзі жас келін бірінен соң бірін босанып алсын деп ойлайды. Бұл дұрыс емес.
Әйел адам жүкті кезде жақсы, құнарлы тамақтану керек. Өйткені іште жатқан балаға анасы не жейді соның барлығы барады.
Медицина тілімен айтқанда жүкті әйелдің тамақтану кестесі үш кезеңге бөлінеді. Яғни, алғашқы кезенде іштегі шаранаға, оның ағзалары, жүйелері мен талшықтары дұрыс қалыптасу үшін болашақ ана толыққанды ақуыздар мен дәрумендерді қабылдау керек. Мысалы балық, теңіз өнімдері, қышқыл сүт, күріштен жасалған тағамдар және жеміс-жидектер жатады.
Қазіргі жастар дәрумендердің орнына тез дайындалатын тағамдарды, зиянды заттарды тұтынғанды жақсы көреді. Бұл тағам біріншіден болашақ ананың ағзасына, одан қалса болашақ сәбиге де кері әсер етеді. Ал біз дәрігерлер үнемі осындай тағамды, дәрумендерді тұтыныңдар деп айтудан жалықпаймыз.
Бір қуантатыны, қазіргі таңда болашақ ұрпағының саулығына бей-жай қарамайтын жастар көбейіп келеді. Бұл әлеуметтік желінің, ашық ақпарат көздерінің бір пайдалы тұсы дер едім. Олар жігіт-қыз болып жүргеннен-ақ қажетті талдамалардан өтіп, дәрумендер қабылдап, балалы болуға дайындалып жүреді. Бұл саналы шешім, құптарлық іс деп есептеймін,- дейді Ғазиза Серғазықызы.
Аудандық перзентхана бөлімі дәрігерінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың 6 айында 453 әйел босанса, биылғы жылдың 6 айында 369 әйел босаныпты. Негізінде туу жастағы әйелдер жасы 20 жас пен 45 жас аралығын қамтиды.
Өткен жылға қарағанда биыл әйелдердің туу көрсеткіш саны 100 әйелге азайған. Бұның себебі қазіргі жастардың көбі болашақ ұрпақты жоспарсыз емес, жоспарлы көтеруде.
Аудандағы үлкен жаңалықтың бірі өздеріңіз білетіндей «Аңсаған сәби» Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы.
Бағдарламаның мақсаты – бала сүйе алмай отырған отбасының бала сүю бақытына ие болуына мүмкіндік жасау. Экстракорпоральды ұрықтандыруды жасау үшін ері мен әйелі моральдық тұрғыдан да дайын болуы керек. Тексеру барысында ерлі-зайыптыларға бұл мәселелер жан-жақты түсіндіріледі.
Қазіргі таңда аудан бойынша 50 жұп өздерінің құжаттарын өткізген. Биылғы жылға 14 квота бөлінген. Бұл бағдарламаға қатысатын жұп өздері Қазақстанның қалаған қаласын таңдайды. Ал, біздің ауруханадан керек зертханалық талдамаларын тапсырып, қалған анализдерін өздері таңдаған жерлерінен өтеді.
Қазіргі таңда осы бағдарламаның арқасында сәбилі болған отбасылар да бар. Ал кейбір отбасы дайындық үстінде.
-Аудандық перзентханада бір дәрігер, 6 акушер, екі балалар медбикесі жұмыс істейді. Әрбір әйелдің ауру тарихы емхана деңгейінде жіті қаралып, толық тексеруден өтіп, өзі және құрсақтағы баласын аман-есен алып келу үшін яғни, медициналық деңгейді кезең-кезеңімен бөліп қойған.
Аудандық перзентхана босандырудың бірінші деңгейіне жатады. Біз толық құрал-жабдықпен және мамандармен қамтылғанбыз. Ал, екінші, үшінші деңгейдегі әйелдерді (оларға ерте босану, қан кету қауіпі бар әйелдерді) біз облыстық перзентханаға жібереміз. Төртінші деңгейдегі жүкті келіншектерді Алматы, Астана қаласына еш кедергісіз учаскелік дәрігерлер жолдап отырады.
Біздің аурухана асқынусыз жүктілерді қабылдауға және оларды босандыруға арналған. Сол себепті жүкті кезде, дабылды белгілер туындаса дер кезінде дәрігерге немесе жедел жәрдем көлігі қызметіне жүгініп тасымалдану мүмкіндігін пайдалану керек.
Өздеріңіз білесіздер, бүгінде елімізде тұрғындардың денсаулығын сақтау мен түрлі аурулардың алдын алуда «Ұлттық скринингтік бағдарлама» деп аталатын жаңа жүйе жұмыс жасайды. Скрининг – бұл ерте сатыда ауруды және қауіп-қатер факторларын анықтау үшін қолданылатын, сонымен бірге, емдеу тиімділігін арттыру және асқынудың дамуының алдын ала отырып, белгілі жастағы дені сау адамдарды профилактикалық-медициналық тексеруден өткізу. Бұл мәселе тұрғысынан әйелдер де жасына қарай жыныс жолдарында кездесетін аурулар, сүт безі аурулары, т.б. аурулар бойынша өтеді.
Скринингтен өтуге әр адам өзі мүдделі болуы керек. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қараған адам скринингтен өтуді бірінші кезекке қоюы қажет. Скрининг ауруды алдын алады. Сонда ғана біз халықтың өміру сүру жасын ұзарта аламыз. Алайда, бізде әлі де өз денсаулығына немқұрайдылықпен қарайтындар көп. Мәселен, жатыр мойнының жарасы әйелді қатты мазаламайды. Алайда ол қатерлі ісік ауруына алып келуі мүмкін аурудың бірі. Уақтылы тексеруден өткен әйел жатыр мойны жарасын дер кезінде емдетіп, өз өмірін ұзарта алады. Бізде тексеру нәтижесінде ауруы анықталып, дәрігердің бақылауына алынып, емделіп, жазылып жатқан әйелдер бар,- дейді Ғазиза Егізбаева.
Жалпы ана мен баланың алғаш қауышуының куәсі болу – жауапкершілігі мол, әрі ерекше сезім. Тек әрбір жүктілік жоспарлы болса.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»