Basty bet

Еңбекқор әрі үлгілі Гончаровтар отбасы

Ел басына күн туған қилы заманда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары анық. Дана халқымыз «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп те бекер айтпаса керек.
Ал, көп ұлтты ел болу – біздің басты байлығымыз, мақтанышымыз. Тәуелсіздікті тұғырлы ететін де, елді жаңа белестерге жетелейтін де ауызбіршілігіміз бен татулығымыз. «Түрі басқа болса да, тілегі бір. Жүзі басқа болса да, жүрегі бір» демекші, біздің ауданда да түрлі ұлт өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Қарасаз ауылдық округінің Қарасаз ауылында тұратын Гончаров әулеті ауылдағы көпке үлгілі жанұялардың бірі. Отағасы Николой Гончаров совхозда механизатор болып ұзақ жыл жемісті еңбек еткен.
Ол 1948 жылы Қарасаз ауылында туған. Ауылдағы мектепті аяқтап, Шақпақата ауылындағы техникалық училищеде оқып, механизатор мамандығын алып шығады. Кейіпкеріміз тракторды мектепті оқып жүргеннен бастап жүргізе беретін болған. 1967 жылы Николай Дмитриевич Украинаның батысында әскери борышын өтейді. Әскерден келген соң ауылдағы «Карл-маркс» совхозында 45 жылдай механизатор болады. Ал отанасы Валентина Гончарова ауылдағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген екен.
Қазіргі таңда зейнеткер қызы Верамен бірге тұрады. Бірақ зейнеткермін деп үйде құр қарап отырған жоқ. Керісінше өзінің москвич көлігімен аудан орталығына барып, үйге керек азық-түлікті, басқа да заттарды алып келеді. Одан бөлек, бау-бақшаға дәнді дақылдар егумен айналысады. Оның ішінде, картоп, қызанақ, қияр, қырыққабат және болгар бұрыш сынды көкөністер бар.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» деген нақылды ұстанатын жанұяның ауласы көз тартарлықтай әдемі әрі мұнтаздай тап-таза. Қақпадан кіре берістен бастап, бау-бақшаға дейінгі аралықта гүлдің көптеген түрі егілген. Барлығы да жайқалып тұр. Біз әңгімеге қызы Вераны тарттық. – Менің әкем өмір бойы алдыңғы қатарлы механизатор болды. Осы мамандығының арқасында ауданнан көптеген марапаттар алған. Әкем 2015 жылға дейін трактор айдап, зейнетке шықты. Ал анам марқұм болса түрлі гүл егіп, айналаны әсемдеп отырғанды жақсы көретін. Содан кейін болар, менде бала кезден «Өз үйім болған кезде, ауласын абаттандырып отырамын» деп ойлайтынмын. Міне, енді гүлдерді өз аулама егіп, көріктендіріп отырмын.
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артпақ. Ал, осы алуан ұлтты бауырына басқан, бейбітшілік пен татулықты әлемге үлгі еткен, достық пен ынтымақтың елі – қазақ елі деп айтар едім. Бұл қазақ халқының бірлігін, кеңдігін, ұйымшылдығын, ынтымақтығын білдіреді. Біз де бір атаның баласындай бір шаңырақ астында еңбек етіп, тату тәтті күн кешудеміз. Қаншама жылдан бері ынтымақта, бірлікте өмір сүруіміз қазақ халқының қонақжай екендігін көрсетеді, -дейді Вера Николаевна.
Вера ұзақ жыл ауылдағы «Бірлік» өндірістік кооперативінде заңгер болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда «Артем» шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп отыр. Қожалықтың 13 гектардай жері бар. Ол жерге арпа, жоңышқа егеді. Жер егуден бөлек олар жылқы, сиыр ұстайды. Олардың жем-шөбі өз жерлерінен дайындалады. Верадан бөлек әпкесі Наташа осыдан 30 жыл бұрын отбасымен Германияға қоныс аударған. Қазіргі таңда әкесіне Вера қарайды.
Біздің бір байқағанымыз, бұл отбасының қазақи салт-дәстүрді жақсы түсінеді екен. Өйткені қызы Вера қазақшаны жақсы сөйлемесе де түсінеді.
-Татулығымыз бен ынтымағымызды биік ұстап, еліміз дами берсін. Еңбегімізбен көркейіп, отбасымыз аман, деніміз сау болсын! Ата-бабаларымыздан келе жатқан ел бірлігі бекем болып, кейінгі жастардың осы жолмен жүруіне тілектеспін. Біз бөлінбейміз, бәріміз бірдейміз. Бір ауылда тұрып, достықты, бірлікті ту етеміз. Ең басты байлығымыз – достығымыз,- деді отағасы Николай Гончаров.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close