Basty bet

Басты мақсат – борышкерлерді жұмысқа орналастыру

Өткен аптаның жұма күні Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» КММ-ның Жуалы ауданы бойынша Мансап орталығының ұйымдастыруымен аталған мекемеде алиментке берешегі бар борышкерлерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. «Борышкерлер» акциясы деп аталған іс-шараны өткізудегі басты мақсат – борышкерлерді жұмыспен қамтуға септесу және алиментке берешегі бар борышкерлерді жұмысқа орналастыру арқылы қолдау көрсету.
Жиынға ауданға қарасты ауылдық округтерден алиментке берешегі бар жұмыссыз борышкер азаматтар шақырылды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін сөз сөйлеп ашқан аудандық Мансап орталығының директоры Нұрбол Құрмашев, мекеме жұмысының басты міндеті – жұмыссыз азаматтарды жұмыс берушілермен байланыстыру екеніне тоқталып, жалпы шараның мақсат-міндеттерін де атап өтті.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің ауданның негізгі тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Қазір ауылдардағы шаруа қожалықтарда көбінесе малшылар, механизаторлар, оның ішінде, тракторшылар және комбайншылар, т.б. техникалық мамандар жетіспейді. Бос жұмыс орындарын ұсынатын шаруашылық немесе кәсіпорындардың басшылары бізбен үнемі байланыста жұмыс істейді. Сондықтан, жұмыс іздеп жүрген азаматтарды сұраныс берген шаруашылықтарға және басқа да мекемелерге жолдау – біздің негізгі міндетіміз.
Одан бөлек, сіздерге ұсынатын ақылы қоғамдық жұмыстарымыз да бар. Ең негізгі міндеттің бірі – жұмыс іздеуші азаматтар біздің мекемеге жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Сондықтан Сіздерден бүгін ұйымдастырылып жатқан іс-шараның маңыздылығын ескерулеріңізді сұраймын,- деді орталық басшысы Н.Құрмашев.
Келесі кезекте аудан прокуратурасының прокуроры Замир Қыстаубай алиментке берешегі бар борышкерлерге құқықтық тұрғыдан кеңес берді.
-Алимент төлеу – міндетті категорияға жатады. Бұл туралы «Неке және отбасы» Кодексінде ата-аналар балаларын кәмелет жасқа дейін бағып-қағуға міндетті деп атап көрсетілген. Егер ажырасқан отбасының отағасы балаларына алимент төлеуден негізсіз жалтаратын болса, ондай жағдайда борышкердің әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз.
Борышкерлер акциясын өткізудегі мақсат та сол. Борышкерлерді жұмыспен қамтамасыз ету. Бұл мақсатта аудандық Мансап орталығы шаруашылықтар және кәсіпорын басшыларымен бірлесу арқылы сіздерге бірқатар бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Ең бастысы, табыс табамын деген ниетті жандарға істейтін жұмыс бар. Ал оны істеу немесе істемеу азаматтардың өз еркінде. Дегенмен, ұсынылған жұмыстан жалтарған жаідайда – әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеп соғатынын да естеріңізге саламын. Қорыта келе айтарым, ұсынылып отырған жұмыстың ішінде өздеріңізге қолайлысын таңдап, табыс табыңыздар. Сөйтіп алиментке берешектеріңізді өтеуге болады,- деді Замир Ниязбекұлы.
Одан бөлек, жиынның негізгі бөлімінде ауданның жеке сот орындаушысы Айдар Заурбеков те өз ойымен бөлісті.
Айта кету керек, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің барысында аудандық Мансап орталығының жұмысқа орналасуға жауапты қызметкерлері борышкерлерге заңдылық тұрғысынан түсіндіріп, сонымен қатар, жұмыссыз ретінде тіркелудің шарттары бойынша кеңес берді. Жұмысқа орналасуға ниетті борышкерлер негізінен жұмыссыз ретінде тіркелуге және жұмысқа орналасуға қандай құжаттардың қажет екенін, т.б. сұрақтарын қойып, оған тыңғылықты жауап алды.
Бос орындары жәрмеңкесінде «Бурное сүт компаниясы» ЖШС газбен-электрмен дәнекерлеуші, сүт өндірісінің шебері және сүт өндірісінің зертханашысы, «Ақ Қайын» ЖШС-ның Б.Момышұлы ауылында орналасқан жанар-жағармай құю станцияларының операторы, сонымен қатар шаруашылықтардан – «Ұлжан» ШҚ тракторшы-комбайнер, «Орақ-Балға» ШҚ әртүрлі жұмысшы, «Қуанышбек» және «Жандос» шаруа қожалықтары әртүрлі жұмысшы және тракторшы сияқты мамандарға сұраныс берген екен.

Таңдаулы материалдар

Close