Basty bet
Мектеп-лицей тірек лицейі ретінде қайта жасақталды
Үстіміздегі оқу жылында білім саласындағы жаңалықтардың бірі – Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің тірек лицейі ретінде қайта жасақталуы.
Бұл білім ордасы “Қазақстан халқына” және “Білім беруді дамыту” қайырымдылық қорының “Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту” жобасына еніп, тірек лицей есебінде өз жұмысын бастады. Бұл үшін лицейдің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңарды. Атап айтқанда, жаңа модификациялық кабинеттермен, заманауи зертханалармен, ART-студиямен, STEM-лабораториямен, TELE-студиямен жабдықталған.
Лицей магниттік мектептер: Б.Момышұлы, Б.Майлин, Т.Әкімов атындағы орта мектептері және Ынтымақ негізгі мектебінен келген 191 оқушы мектеп-лицей базасында білім алып, түрлі үйірмелерге тартылатын болады.
Жақында аталған ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында тірек мектеп-лицейінің бастамасымен магниттік мектептердің “Мектеп парламенті” білім алушылардың өзін-өзі басқару органдарын дамыту тұжырымдамасын іске асыру, өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойды. Ондағы мақсат – тірек мектеп-лицейі магниттік мектептермен бірлесіп білім сапасын арттыру және білім алушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауда лицей базасындағы ресурстарды тиімді пайдалана отырып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыру.
Сонымен қатар мектеп-лицей білім сапасын арттыру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектебі және педагогикалық шеберлік орталығымен бірлескен меморандум аясында үш жыл бойы жаңа әдістемелерді енгізу мен біліктілікті арттыру жұмыстарымен айналысатын болады. Бүгінгі таңда мектеп мұғалімдері Астана, Алматы қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептеріне барып, білімдерін жетілдіруде.
Бұл жаңалық мектеп мұғалімдері мен оқушылары үшін де жақсы стимул болды. Оқушылар модификациялық кабинеттер мен заманауи зертханаларда білімін тәжірибемен ұштастыруда. Шығармашыл оқушылар өзінің қабілетін шыңдауда. Заманауи жабдықтар мектеп оқушыларының игілігіне қызмет етсін.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»