Basty bet

Кез келген мәселе тиісті заң талабы арқылы шешіледі

Аптаның бейсенбісі күні аудан басшысы Жалғас Мұртаза аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында жеке қабылдауға алдын ала жазылған бірқатар азаматты жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізіп, олардың өтініш-тілектерімен қатар, мұң-мұқтажына да баса назар аударды.
Аудан басшысының қабылдауына алғаш болып кірген Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылының тұрғыны Сәмбет Дауыталиев қызы Қ.Боранбековаға тұрақты жұмыс тауып беру туралы өтінішін жеткізді. Айта кету керек, өтініш беруші азаматшаның екі бірдей мамандығы болса, оның біреуі – педагог мамандығы. Ол өз өтінішінде мүмкіндік болса, бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығымен ауыл мектебіне тұрақты жұмысқа орналасу туралы тілегін аудан басшысына жеткізді.
Азаматшаның өтінішімен мұқият танысқан аудан әкімі Жалғас Мұртаза: «Кез келген қызметке орналасудың белгіленген өз тәртібі мен талаптары бар. Мектепке мұғалім болып орналасу үшін ең алдымен конкурстық негізде тест тапсыруыңыз қажет. Одан сүрінбей өткен жағдайда ғана жұмыс орналасуға мүмкіндік бар. Қазір елімізде конкурстық тест сынағы әділ түрде өтеді. Осыны баса ескергеніңіз жөн» деп жауап берді.
Келесі кезекте жеке қабылдауда болған екі азаматша, Қайрат ауылының тұрғыны – Райхан Атабаева аудандық тұрғын үй қорынан жалдамалы тұрғын үй алудың тәртібі мен кезектілік тәртібін сұраса, сонымен қатар, Қызыларық ауылының тұрғыны Зулфия Зәуірбекова баспанасының шатырына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшы күшінен көмек болса деген тілегін жеткізді.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, Т.Дүйсебайұлы ауылының маңында алмабақ өсірумен ұзақ жылдан бері тұрақты айналысып келе жатқан бағбан, шаруа азамат Т.Нұралиев ағын суға қатысты туындап отырған мәселені шешіп беру туралы өтінішін жеткізді. Айта кету керек, аудан әкімінің жеке қабылдауының барысында ауданның азаматтары, ұлттық спорт – көкпар ойынының жанашырлары – Е.Нағашбеков, Б.Жартыбаев, Д.Тоғайбаев және Е.Дулатбаев өңірдің орталығынан заман талабына сай атшабар салудың қажеттігі жөніндегі өтініш-тілектерін жеткізіп, олар өз кезегінде орталықтан атшабарға ыңғайлы жер телімін қарастырып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге аудан қазынасынан қаржылай көмек көрсетілсе дейді.
-Аудан басшылығы ұлттық спорттың дамуына көмек көрсетуге дайын. Дегенмен, сіздер ұсынып отырған орын ол – «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің бойы. Ол маң халықаралық үлкен автобанның бойы болғандықтан, адамдардың қауіпсіздігін сақтауға сәйкес келмей отыр. Бұл маңызды мәселені алдағы уақытта да өңірде ұлттық спортты дамыту үшін жұмыс атқарып келе жатқан жанашыр азаматтармен бірлесе отырып талқылауға дайынбыз,- деді Жалғас Мұртаза.
Айта кету керек, жеке қабылдауда болған азаматтардың өтініш-тілектеріне тиісті заңдылық аясында жауаптар берілді. Қабылдауға аудандық әкімдіктің салаларға жауапты бөлім басшыларымен қатар, тиісті ауылдық округтің әкімдері қатысты.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close