Basty bet
Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезең
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше елордасы Астана қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысына қатысып, елде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың мән-маңызына тоқталғанын отандық телеарналар арқылы хабардар болдық. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтып, былтыр елімізде конституциялық реформаның қолға алынғанын тағы бір еске салды.
Жалпылама айтқанда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанды қайта жаңғырту ісі жедел қолға алынғаны белгілі. Былтыр өткізілген жалпыхалықтық референдумда халқымыз саяси өзгерістер үшін дауыс берді. Бұл – реформаларды жүргізу ісін жеделдетіп, елді жаңғыртуға бастайтын ел өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Ендігі кезектегі Президент бастамасымен қолға алынған өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында. Саяси реформалардың артында елдің жаңғыруымен қатар, халықтың саяси, құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы мемлекеттік билікке араласуын қамтамасыз ету, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру міндеттерінің тұрғаны анық.
Біз, ауданның билер кеңесінің мүшелері Президент бастамасымен елде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларды қолдаймыз. Себебі, бұл еліміздің келешегі, мемлекеттің ертеңгі тұтқасы саналатын өскелең жастар үшін қажет. Саяси өзгерістер, саяси жаңғыру ісі бір күнмен немесе бір жылмен шектелмейтіні анық. Мұның мәні мен мағынасы да өміршең. Олай болатыны, аталған саяси өзгерістер Қазақстан парламентаризмінің тарихындағы жаңа кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.
Мұратқали РАХМЕТОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы