Basty bet

Аграрлық саланың әлеуетін айтарлықтай арттыруға тиіспіз!

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, алдын ала белгіленген кездесу кестесіне байланысты аудан әкімі Жалғас Мұртаза өткен жұма күні өңірге қарасты Қарасаз және Шақпақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, есептік жиын өткізді.

Айта кету керек, ауылдық округтердегі жиынға аудан әкімінің салалық орынбасарлары, аудандық әкімдіктің жауапты бөлім және мекеме басшылары, сонымен бірге, жиынның жұмысына аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев және аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ардақ Әміребек қатысты.
Жуалы ауданы әкімінің Қарасаз ауылдық округінің тұрғындарымен болған кездесу жиынын Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселеге сәйкес, ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызы 2025 жылы атқарылған жұмыстарға арналған ауқымды баяндама жасады. Ауылдық округте есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстар аз емес. Соның ең негізгі дегендеріне тоқталғанды жөн көрдік.
Қарасаз ауылдық округі негізінен ауыл шаруашылығы саласын кәсіп еткен өңір болғандықтан, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілетін жеңілдіктер тиімді пайдаланылуда.
– Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде былтыр бірқатар жұмыс атқарылып, оның игілігін округ шаруалары сезініп отыр деуге әбден болады. Ауылдық округте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі – 19 626,97 гектарды құраса, оның ішінде, егістік жердің көлемі – 12 178, жайылымдық жер – 7 625, шабындық жер 24 гектарды құрайды. 400 гектар егістік жер «Ақсанат» ЖШС және №16 Жуалы колледжінің, сонымен қатар, сорт сынау учаскесінің бөлімшесіне тиесілі. Ал шаруа қожалықтардың иелігінде – 11 522 гектар егістік жер бар. 2025 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері – 12 178 гектар егістік жерді игеріп, жоспар 100 пайыз орындалды. Егістік алқаптарға -1 160 гектар күздік бидай, көпжылдық шөп -3 662, жаздық арпа -3 912, мақсары -3 167, картоп -22, ал алты гектарға көкөніс егілді. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өнімділікті арттыру мақсатында элиталық тұқым және минералды тынайтқыштар сатып алу жұмыстары уақтылы атқарылды.
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын сапалы атқару үшін ауылдық округке мемлекет тарапынан 630 тонна жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай бөлінсе, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында былтыр ауылдық округтегі алты шаруа қожалық сегіз бірлік жаңа техника сатып алып, техника паркін біршама жаңартып отыр. Егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы да тұрақты даму үстінде. Округте тіркелген мүйізді ірі қара малдың саны – 4 794 бас, уақ мал -12 661, жылқы -1 250, ал үй құстары -6 513 басты құрайды. Округ бойынша 2022-2024 жылдар аралығында жалпы – 1 229 гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылып, елдімекендердің жайылым жерлері біршама кеңейді деуге болады. Ауылдық округте кәсіпкерлік саласы да жыл санап дамып келеді. Округте 283 жеке кәсіпкерлік субъектісі және үш заңды тұлға және 238 шаруа қожалық тұрақты жұмыс атқару үстінде. Қарасаз ауылында азық-түлік саудасымен айналысатын супермаркет, шағынмаркеттер, дүкендер, құрылыс, автобөлшектер дүкені, жанармай құю бекеті, шаштараз, тігін цехы, дәріханалар, тіс емханасы, жиһаз цехы, ағаш тілу станогы, т.б. тұрақты жұмыс атқарып, онда барлығы 347 адам жұмыспен қамтылған,- деді баяндамашы.
Жанар Нұрмұратқызы ары қарай тұрғындарды әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту шаралары, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында атқарылған жұмыстар, мәдениет және спорт, сонымен қатар, демеушілік есебінен атқарылған іс-шаралар туралы айтты. Одан бөлек, есепті мерзім ішінде ауылдық округтің орталығы Қарасаз ауылындағы Ұлы Отан соғысынан туған елге қайтпаған жауынгерлерге арналған ескерткішке ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, округке қарасты Ақбастау ауылындағы Қойгелді көшесінің бойынан мектепке дейін жаяу жүргіншілер жолы салынып, Қарасу ауылындағы 700 метрлік каналға тазалау, ауылішілік жолдарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілген. Ал биыл ауылдық округтегі ауылішілік көше жолдарының бойына жол белгілерін орнату, жаңалау жұмыстарын жүргізу және абаттандыру жұмыстарын атқару жоспарланып отыр.
Жиында сөз алған аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев жиналғандарға негізсіз баю сомасының жай-жапсарын түсіндіріп, интернет алаяқтардан барынша сақ болуға шақырып, бірқатар құқық бұзушылықтың соңы жауапкершілікке әкеп соғатынын жан-жақты түсіндіріп, Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда барынша орнықтыру қажеттігін атап өтсе, АПБ бастығының м.а. Ардақ Әміребек интернет алаяқтардан сақтану, мал ұрлығының алдын алу, жасөсіпірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа байланысты ата-аналарға отбасында бала тәрбиесіне қатысты жұмыстарды қолға алу жайын түсіндірді.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза соңғы жылдары мемлекеттің ауыл-аймақтарды дамытуға байланысты қабылданған бағдарламаларының нәтижесінде, өңірлерге инженерлік-инфрақұрылым жүйелері тартылып, оның ішінде, таза ауызсу, табиғи газ құбыры, сапалы автомобиль жолдары, т.б. тұрмыстық игіліктердің қолжетімділігі анағұрлым артып, Қарасаз ауылдық округінде де тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту ісіне мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бағытталғанын баса айтты. Осының нәтижесінде, ауылдық округке қарасты ауылдардың бірқатарына таза ауызсу құбыры тартылып, округтің орталығына дәрігерлік амбулатория, заманауи спорт-сауықтыру кешені, өзге де әлеуметтік нысандар салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген. Округке қарасты елдімекендердегі көше жолдарының жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Аудан басшысы есептік кездесуге жиналған көпшілікке мемлекеттің бюджет саясатындағы өзгерістерді де қарапайым тілмен түсіндірді. Атқарылатын жұмыстардың барлығы бюджеттің мүмкіндігіне қарай жүзеге асырылатыны да мәлім болды. Сонымен қатар, жиында Жалғас Мұртаза ауданның аграрлық әлеуетін айтарлықтай арттырып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін агроөнеркәсіп кешенінің жұмысына тың серпін беріп, сала жұмысына жаңа технологияларды батыл енгізу қажеттігін ерекше атап өтті.

***
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Жалғас Мұртаза Шақпақ ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесіп, тұрғындардың өтініш-тілегіне назар аударды. Есептік жиынның жұмысына аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев және АПБ бастығының міндетін атқарушы Ардақ Әміребек қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселеге байланысты Шақпақ ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Балтабаев 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы есептік баяндама жасады.
Округте ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай жұмыс атқарылған деуге болады. Ауылдық округте «Қазақстан-Жуалы» өндірістік кооперативі, 293 шаруа қожалық, екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (АШӨК), 103 жеке кәсіпкер бар. Шаруа қожалықтардың негізгі кәсібі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, шаруалардың тарапынан 2025 жылдың өніміне – 752,0 гектар алқапқа күздік бидай, 1 610,0 гектар арпа, көпжылдық шөп және 932,0 гектарға мақсары егілген. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалардың аясында «Рауан», «Ахмад» шаруа қожалықтары YTO-904 және МТЗ-952.2 тракторларын сатып алған.
Демеушілікпен атқарылған жұмыстарға келсек, мектеп түлектері «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автожолының бойынан Шақпақата бұрылысына құны үш жарым миллион теңгені құрайтын округтің атауы жазылған стелла орнатуға мұрындық болса, мектеп бітіргеніне 20 жыл толған түлектер Шақпақата ауылдық мешітіне тазалық орнын заман талабына сай жабдықтап, асханаға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ал «Туған жерге тарту» жобасының аясында ауылдық округке қарасты Т.Дүйсебайұлы ауылында демеушілікпен балалар ойын алаңы орнатылды.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Жалғас Мұртаза соңғы жылдары Шақпақ ауылдық округінде көше жолдарын орта жөндеуге, сонымен қатар, елдімекендерге ауызсу құбырын тартуға қазынадан қыруар қаражат бөлінгенін, ендігі кезекте осы уақытқа дейін өзекті проблема болып келген «Текеқамал» каналын жаңғыртуға, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарына қазынадан қаражат қарастырылып, жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындардың тарапынан сүт бағасына қатысты сұрақтар көтеріліп, қоғамдық көлік қатынасын жолға қою, ауылдық округтің орталығына спорт-сауықтыру кешенін салу, Ынтымақ ауылына шағын футбол алаңшасын салу, «Шақпақ» станциясына қатысты да бірқатар маңызды сұрақ көтеріліп, олардың барлығына жауап берілді.

Таңдаулы материалдар

Close