Basty bet
Қазақ тілін құрметтеген өнерлі өрен
Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін тар жол тайғақ кешуде құшағына алды, бауырына басты. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты сүйсінтіп келеді. Тіпті елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан. Бұл түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың қазақ халқына деген, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді де құрметтейді. Сондықтан өз тілін өгейсітіп жүрген қаракөздерімізге үлгі болсын деген ниетпен қазақ тілін жетік білетін, ұлттық болмысымызды бағалайтын өзге ұлт өкілін таныстыруды жөн көрдік.
Өзге ұлт өкілінің бірі – Кристина Чакова. Ол 2009 жылы ауданға қарасты Тасбастау ауылында дүниеге келген. Орыс ұлтының өкілі. Ол қазақ тілінде мақалдатып, мәнді сөйлегенде, талай қазақты шаң қаптырады. Қазіргі таңда №7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің 9 сыныбында оқиды. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап қазақ тіліне деген құштарлығы артқанын аңғарған ата-анасы балаларына үлкен қолдау жасайды. Отбасындағы төрт бауыры да қазақ тілінде еркін сөйлейді. Өз болашағын қазақ тілінсіз елестете алмайтын Кристинаның, қазақ сыныбына берген ата-анасына айтар алғысы шексіз.
– Кез келген адам өзінің туып-өскен жерін құрметтеуі керек. Ұлтым басқа екен деп, өзінің ғұмыр кешіп жатқан елін жатсынбауы қажет. Сол елдің тіліне де, халқына да, жеріне де, дініне де үлкен құрметпен қараған дұрыс. Өз басым Қазақстанды қатты сүйемін. Маған оның саф алтындай таза ауасы қалай керек болса, тілі де сондай қажет. Қазақ тілін білгеніме мақтанамын. Сондықтан жүрген жерімде тек қазақша сөйлеймін. Қазақ халқының кеңпейілділігіне алғысым шексіз,– дейді орыс қызы.
Иә, расында біздің басты байлығымыз – ынтымағымыз бен бірлігіміз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бөліп-жармай, бір-бірімізге құрметпен қарайтын зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Біз секілді мың өліп, мың тірілген ұлттар қарап отырсақ саусақпен санарлық. Сондықтан Қазақстан халқы елдіктің іргетасын нығайтатын бірлік пен татулық құндылықтарына айрықша мән беріп, қастер тұтып келетін ұлт десек, артық айтқандық емес.
Өзге ұлт өкілдерінің арасында өткізілетін жарыстарға қатысып, топ жарып көзге түскен орыс қызының ұстаздарына да айтар алғысы ерекше. Ол қазақ тілін жақсы білгенінің арқасында қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі сайыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болғанын әңгіме арасында айтып қалды. Кристина қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан және Батырлар жырынан үзінділер оқып, ауыл жұртшылығының мақтанышына айналып отыр. Кристина өзге ұлт өкілі болса да, оның қазақ тіліне деген құрметі шексіз екенін, қазақ поэзиясын жаны сүйетінін әңгіме барысында байқадық.
-Менің ең алғашқы байқауым, ол Бауыржан Момышұлының өлеңдерін жатқа оқу болған. Осы байқаудың аудандық кезеңінде Бас жүлдені иелендім. Аталған байқаудың облыстық кезеңіне қатысып, ІІІ орынды иелендім. Бұл байқаудан кейін менің қазақ тілін үйренуге деген құштарлығым одан әрі ашылып, «Мың бала» байқауына қатыстым,- дейді зерек оқушы.
Ахмет Байтұрсыновтың 16 өлеңін жатқа айтып, өз өнерімен жұртшылықты және қазылар алқасын тәнті еткен. Өнері әділ бағаланып, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алған.
Өнерлі қыздың айтуынша, ол Астанадан ұмытылмайтындай әсер алып келген. Елордамызда өткен Республикалық «Мың бала» байқауының жеңімпазы атанған. Ағымдағы жылы ауданда өткен Махамбет оқуларына қатысып, ақынның 23 өлеңін жатқа айтып, Бас жүлдені жеңіп, облыстық кезеңде ІІІ орын иеленіп, мектептің абыройын асқақтатты.
Ол мектеп табалдырығын аяқтаған соң, болашақта тілші болуды армандайды.
Мыңнан жүйрік, жүзден тұлпар оза шауып келе жатқан өнерлі қызға тек биік белестерді бағындыруына тілектеспіз!
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»