Basty bet

Сақ болыңыз, сел!

ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы Жуалы ауданы тұрғындарының назарына сел қауіпі бойынша бір қатар сақтық шараларын ұсынады.
Жалпы «Сел» — таулы аймақтарда мұздықтардың, қардың қарқынды еруі, нөсерлі жауын-шашындардан, жер сілкінуден, тау өзендерінің арнасынан асып тасуы салдарынан, яғни климат өзгеруінен пайда болатын табиғаттың жойқын құбылысы.
Тас аралас саз-балшықтардың таудан төмен ағыла құлауымен сипатталатын, кенеттен басталып, барынша қарқынды өтетін мейлінше залалды құбылыс; әдетте нөсер жауындар әсерінен, кейде тау шатқалдарындағы қардың не мұздықтың жаппай еруінен туындап, шағын өзенше аңғарлары мен жылғалар бойын қуалай құлайды. Сел тасқыны құрамына қарай саз-балшықты, тасты балшықты және сулы-тасты селдер болып үш түрге бөлінеді. Сел жолындағы борпылдақ шөгінділерді шайып, қатты тау жыныстарын бұзып, ағаштарды түбірімен қопарып, салмағы ондаған тонналық үйтастарды ағызып әкетеді. Сел Қазақстанның тауларындағы өзендердің алаптарында жылдың жылы мезгілдерінде (мамыр-қыркүйек айларында) жиі болып тұратын табиғат құбылысы.
Жуалы ауданындағы сел қауіпті аймақтарда орналасқан телімдер мен нысандар төлқұжаты бойынша сел қауіпін төндіретін екі өзен бар. Олар Ақсай, Көксай өзендері.
Жуалы ауданында жүріп өткен сел ағындарына тоқталсақ: Ақсай өзеніңде 1998 жылы және 2005 жылдары сел ағыны тіркелді.
Сел қаупінің белгілері:
– сел қаупі күшті аудандарда қатты нөсердің ұзақ жаууы;
– биіктегі сел қаупі бар өзендерде ауа температурасының күрт көтерілуі, бұл мореналық көлдердің суға толып, арнасын бұзып шығуын тудырады;
– өзендегі су деңгейінің күрт төмендеуі немесе оның жоғарғы жағында өзен бөгеті бұзылуын көрсететін шұңқырдың пайда болуы;
– мореналық көл бөгетінің бұзылуына алып келетін жер сілкінісі.
Сел тасқынының тікелей және жақын қаупінің белгілері:
– мореналық немесе үйінді көлдердегі судың толғандығын айғақтайтын сел қаупі бар арнадағы ағынның тоқтауы немесе күрт бәсеңдеуі;
– биіктегі сел қаупі бар арнадан күшті гуілдің естілуі;
– сел айдаған тастың соққысынан топырақтың дірілдеуі;
-сел толқындарының соққысынан шаңдақ бұлттың пайда болуы;
– судың қатты лайлануын сипаттайтын сел алдындағы тасқынның пайда болуы;
Сел қаупі бар аудандарда болған кездегі қауіпсіздік шаралары:
1. Таудағы жағдай туралы баспасөз хабарларын ұдайы қадағалаңыз.
2. Сел қаупі бар биіктікте қатты нөсер жауа бастаса жылдам кетіңіз.
3. Сел тасқынына 50-70 м артық жақындамаңыз.
4. Тік жартас пен құлама беткейдің жанына тоқтамаңыз, өйткені тасқынның соққысынан сырғыма мен опарылма түсуі мумкін.
5. Сел арналарымен жүрген кезде адамдардың арасындағы қашықтық кемінде 20-30 м болға тиіс.
6. Сел қаупі бар арналардың, өзен бөгеттерінің жанына демалуға тоқтамаңыз және шатырлы лагерь құрмаңыз.
7. Сел тасқынының белгісін сезген бойда арнадан қашығырақ кетіп, тау беткейі бойынша мүмкіндігінше жоғары көтеріліңіз.
8. Сел тасқыны өткеннен кейін селдік арнаға түспеңіз, өйткені ол қайталануы мүмкін.
9. Арнаға төмен түскен кезде және онымен жүрген кезде, әсіресе ой-шұңқырдан аса сақ болыңыз.
10. Мореналық және үйінді көлдерде және оның бойымен сел тасқыны қаупі болмайтын немесе өте сирек болатын кезеңде, ең жақсысы, ауа температурасы қалыпты кезде жүру ұсынылады.

Н.Құдабаев,
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалының Мониторинг және құлақтандыру
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close