Basty bet

Ескерткіштерді заңдастыру – тарихи мұраны қорғаудың кепілі

Қайрат ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен “Заң және тәртіп” қағидаты аясында ҚР Конситуциясының тарихи-мәдени мұраны қорғауға қатысты нормалары мен тарихи-мәдени мұра объектілерін орнату және қорғаудың құқықтық негіздерін, вандализмнің алдын алу және тарихи мұраға ұқыпты қарау мәселелерін түсіндіру және жергілікті маңызы бар мемлекеттік тізімге енген ескерткіштерге мемлекеттік акт жасату жұмысын пысықтау мақсатында “Тарихи-мәдени мұраны қорғаудағы заң мен тәртіп: жауапкершілік пен міндет” тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Семинарды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова модератор ретінде жүргізді. Іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиұлы, дирекцияның “Археология және қала құрылысы” бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Устаев, заңгер маманы Қайсар Маратов арнайы қатысты. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауылдық округ әкімдері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, билер кеңесі, аудандық қоғамдық кеңестің құрамы, аудандық білім бөліміне қарасты орта мектептердің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, аудандық “Жастар ресурстық орталығының”, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Семинардың күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Бірінші мәселе, яғни, ҚР Конситуциясының тарихи-мәдени мұраны қорғауға қатысты номалары, Мемлекет басшысының Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары туралы аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Фариза Оразымбетова баяндады.
Ал, тарихи-мәдени мұра объектілерін орнату және қорғаудың құқықтық негіздері туралы Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиұлы кеңінен сөз қозғады.
– Қазіргі таңда мамандар өңірлерді аралап, кездесулер өткізіп, ескерткіштерге мемлекеттік акт жасау жұмыстарын жүргізуде. Барлық жұмыстар заң мен белгіленген тәртіп аясында жүзеге асырылуы тиіс. Ескерткішті заң талаптарын сақтамай өз бетінше орнатуға жол берілмейді. Заң талаптары орындалмаған жағдайда мұндай нысандарды бұзу мәселесі де туындауы мүмкін. Ескерткіш орнату үшін ол мемлекеттік талаптарға сәйкес болуы және тиісті мерейтойлық негізі қарастырылуы қажет. Жергілікті комиссия эскиздік жобаларға конкурс жариялап, кемінде үш жобаны республикалық мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынады. Тек тиісті рұқсат алынғаннан кейін ғана ескерткішті орнатуға болады. Бұрын монументалды ескерткіштерді орнату кезінде көркемдік кеңес жұмыс істеп, оның қорытындысы негізінде шешім қабылданатын. Тәуелсіздік жылдарында бұл талаптар тиісті деңгейде сақталмай, кей жағдайда сәулетшілердің өз қалауымен жобалар жасалуы салдарынан бірқатар заңсыздықтар орын алды. Сондықтан қазіргі таңда ескерткіштерді орнату мәселесінде заңдылық пен белгіленген тәртіпті қатаң сақтау маңызды.
Тағы бір маңызды жаңалық – Қаратау тау жотасындағы, Теріс өзені жағалауындағы петроглифтерге қатысты. Ғалымдар 2027–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің іргелі зерттеулер бағыты бойынша грант жеңіп алды. 2027 жылдан бастап Қаратау петроглифтерін кешенді түрде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар атқарылады. Бұл аумақта петроглифтердің бір бөлігі 1970 жылдары зерттелгенімен, көптеген жартас бейнелері мен жазулардың мерзімі мен мазмұны толық анықталмаған. Алдағы зерттеу барысында аталған археологиялық нысандар жан-жақты зерделеніп, олардың қай кезеңге жататыны нақты анықталатын болады. Жастарға тарихи-мұраны бүлдірмеу, күтуді кеңінен насихаттау қажет. Ескерткіштерді қорғау, оны сақтап қалудың бірден-бір жолы – оның құжаты. Сондықтан ескерткіштердің мемлекеттік актісін уақтылы жасау қажет», – деді Сауран Қалиұлы.
Сонымен қатар, семинарда аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы, полиция мойоры Ержан Саурықов вандализмнің алдын алу және тарихи мұраға ұқыпты қарау туралы баяндады. Баяндамада полиция қызметкері қоғамдық орындардағы вандализмнің алдын алу, тарихи-мәдени мұралар мен ескерткіштерді қорғау мәселелеріне тоқталды. Ол Жуалы ауданында қазіргі уақытта вандализм фактілері тіркелмегенін, дегенмен оның алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жастармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бейнебақылауды тиімді пайдалану және тұрғындардың қоғамдық мүлік пен тарихи құндылықтарға жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын айтты.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі инспекторы Әлімжан Жұмашев жергілікті маңызы бар мемлекеттік тізімге енген ескерткіштерге мемлекеттік акт жасату барысын пысықтау туралы баяндады.
Семинарда кезек сұрақ-жауапқа берілді. Жарыссөзде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев және Жетітөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Шарқанбек Қожаназаров сөз алып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Негізгі сауалдардың бірі – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автомобиль жолының бойында салынып жатқан Даңқты қолбасшы, батыр, халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының ескерткішін орнату жұмыстарының қашан аяқталатынына қатысты болды.
Бұл сұраққа дирекция директоры Сауран Қалиұлы жауап беріп, елдің біртуар азаматының ескерткішін орнату өте жауапты жұмыс екенін атап өтті. Оның айтуынша, ескерткіштерді орнатудың өзіндік заңдылығы мен тәртібі бар. Жоба бірнеше мемлекеттік конкурстан өтіп, арнайы талқылауға ұсынылады. Бауыржан Момышұлының ескерткішіне қатысты конкурс өткізіліп, үш азаматтың жұмысы жеңімпаз атанып, республикалық комиссияның қарауына жіберілген. Сонымен қатар, ескерткіш жасауда тұлғаның бейнесі мен жеке қасиеттерін барынша дәл көрсету маңызды екенін айтты. Сауран Қалиұлы Бауыржан Момышұлының ескерткішін орнату жұмыстары алдағы уақытта өз нәтижесін беретінін жеткізді.
Ал аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы мемлекеттік және жергілікті маңызы бар ескерткіштердің айналасындағы санитариялық талаптардың сақталуына тоқталды. Ол ескерткіштерді күтіп ұстау талаптарын сақтай отырып, заң аясында сенбіліктер ұйымдастырып, жастар мен балаларға тарихи нысандардың маңыздылығын түсіндіру қажеттігін ұсынды.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close