Basty bet
Сен де бір кірпіш дүниеге…
Мектепке «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» жас түлектің алдында жаңа өмір баспалдағы тұр. Қазіргі мақсат – жүрек қалауымен мамандық таңдау. Мамандық таңдау адам өміріндегі ең жауапты сәт.
Жүрек қалауымен таңдаған мамандық қана өмірдің жарқын бастауы болмақ. Себебі, адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Алар асу да, ұшар биік те алынбас қамал болып көрінгенімен, күнделікті кездесіп жататын кедергілер мен қиындықтарды өз мамандығын сүйетін, содан ләззат алатын маман ғана жеңіп шығатыны бесенеден белгілі.
«Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке қажет» деген Ж.Аймауытов жастардың мамандық таңдауда адаспай, жүрек қалауына жүгінуіне бағыт сілтейді. Бұл орынды. Себебі, қазіргі мектеп бітірушілердің 70-80 пайызы нақты қай мамандықты таңдарын білмей, екіойлы жағдайда жүр. Бұған бір жағынан еліміздегі әлеуметтік жағдай да себепкер ме деген ойға қаласың. Ақылы оқуды оқытуға шамасы келмейтін, қалтасы жұқа қарапайым жұрт қай мамандық болса да диплом алып, ең бастысы «балам грантқа түссе екен» деп армандайды.
Сол себепті, грант көп бөлінетін пәнді таңдап жатады. Екіншіден, Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде де мамандық таңдауға белгілі бір мөлшерде шектеу қойылатындай. Байқап қарасақ, оқушылардың басым бөлігі өздеріне ұнайтын мамандықты таңдамай, Ұлттық бірыңғай тестке кіретін таңдау пәндерінің ішінен өзінің шамасы келетін, жеңілдеу пәнді таңдайды. Мақсат – ҰБТ-дан аман-есен өтіп, жоғары оқу орнына түсу. Армандарына қол жеткендей болғанымен, ол мамандықты ұнатпай, оқуды тастап кетіп жататындар да баршылық.
Мектеп түлектерінің көбісі кеденші, экономист, заңгер, т.б. өздері ақшалы деп санайтын мамандыққа әуес. Аталған мамандықтан бөлек, мектеп түлектері биылғы жылы мұғалім мен дәрігерлік саласын көптеп таңдауда. Болашақ жастардың таңдаған мамандықтары қоғамға қажетінше пайдасын тигізе білуі өте маңызды. Себебі, кейінгі жылдардағы көрсеткіш нәтижесінде оқуын оқып, жұмысқа орналасар сәтте, ол сала бойынша жұмыс істеуге қиындық туғызып жатуы тағы бар. Сол себепті, бүгінгі әрбір түлек өзінің бейіміне, қабілетіне, ептілігіне қарай мамандықты қателеспей өз қалауымен таңдай білгені дұрыс. Ол үшін ата-анада қолдау танытып, қоғамға қажетті мамандықты игеріп шығуына ықпал етуі керек.
Қазіргі таңда елімізде беделді деп саналатын мамандықтарды бітіргенмен, сол салада жұмысқа тұра алмай жүрген жастар баршылық. Жоқ деп айта алмаймыз. Жалақысы көп, болашағы зор мамандық саналғаны үшін таңдау жасаудың түк те қажеті жоқ. Қазіргі таңда елімізге мұнай өндіру мен өңдеу жұмысында, химия өнеркәсібінде, технология мен ауыл шаруашылығы салаларына білікті мамандар аса қажет. Сондықтан да қазіргі мектеп бітіргелі жатқан түлектер «Қандай маман иесі болғанда елге пайдам тиеді?» деген сауалды ойларынан шығарманы жөн. Ендеше, өз ісіңнің нағыз шебері бола алатын мамандықты таңдауға әлі де кеш емес, жас түлек! Бақтарыңыз бен баптарыңыз қатар шауып, арманның асқарына өз Туларыңызды тігіңіздер!- деп тілек білдіреміз.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»