Basty bet
Аудан орталығының сәулеттік келбетін жақсартуға басымдық беріледі
Өткен жұмада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті, он тоғызыншы сессиясы өтті. Сессия отырысына аудандық мәслихаттың депутаттарымен қатар, аудан әкімдігінің бөлім басшылары және ауылдық округтердің әкімдері шақырылды. Мәслихат сессиясының жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысты.
Сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев ашып, жүргізіп отырды. Жиында бірнеше маңызды мәселе қаралды.
Күн тәртібінде қаралған мәселелерге толығырақ тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы туралы есебі, екінші – Мыңбұлақ, Күреңбел және Қызыларық ауылдық округтері әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөніндегі есебі, үшінші – «Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрамын сайлау туралы» Жуалы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №14-8 шешіміне өзгеріс енгізу туралы, төртінші – Жуалы ауданы әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің құрмын бекіту туралы, бесінші – Жуалы ауданы бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы, алтыншы – Жуалы аудандық мәслихатының 2021 жылғы 28 маусымдағы №10-4 «Жуалы ауданы әкімдігінің жанындағы қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша консультациялық-кеңесші органның дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және Жуалы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №15-2 «2024-2026 жылдарға арналған Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылы және ауылдық округтерінің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы барлығы жеті мәселе қаралды.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кету керек, сессияның күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер сессияның алдында тұрақты комиссиялардың отырысында қаралуына байланысты қайта қаралған жоқ. Ендігі кезекте жиында қаралған негізгі мәселелер жөнінде айтатын болсақ, сессияда Мыңбұлақ ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөніндегі есебі тыңдалды.
Аталған ауылдық округтің әкімі Алмаз Рахмашов 2023 жылы атқарылған жұмыстарды, оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласында шаруа қожалықтардың тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы, оған өтініш берген тұрғындардың саны, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, кәсіпкерлік саласы, салықтық түсімдер, әлеуметтік қамсыздандыру, жастар саясаты, әскери міндеттілік, инфрақұрылымды дамыту, сонымен қатар, «Жасыл белдеу» бағдарламасының орындалуы туралы баяндады.
Баяндама аяқталғаннан кейін депутаттардың тарапынан ауыл әкіміне бірқатар сұрақ берілді. Депутат Мұхамеджан Әсемов: «Құрметті Алмаз Айхынбекұлы, өзіңіз жақсы білесіз, 2023 жылы өңірде байқалған қуаңшылық ауыл шаруашылығының өнім көлеміне де өз әсерін тигізді. Ал сіздің баяндамаңызда күздік бидайдан және арпадан алынған өнімділікті жоғары көрсетіп отырсыз.
Бұл – шындыққа сәйкес келмейді. Былтыр бұл төңіректегі шаруалар алқаптан мұндай көлемде өнім жинай алған жоқ. Екінші мәселеге келсем, «Жасыл белдеу» бағдарламасымен 1 030 дана әртүрлі тал-дарақтың көшеттері отырғызылды дедіңіз. Бұл мәселеге байланысты біз депутаттармен «Момышбұлақтың» басына барып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Аталған аумақтың айналасы қоршалған. Бірақ оның ішінде, мұндай көлемде егілген ағаш көшеттерін көрген жоқпыз. Бұл айтқаныңыз да шындыққа сай келмейді. Есебіңізді әбден зерттеп барып, дұрыстап жасағаныңыз жөн болады» деді ол.
Мыңбұлақ ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөнінде жасалған зерделеу жұмыстарының қорытындысына байланысты аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Абишева сөз алып, аталған округ әкімі аппаратының атқарған жұмыстарына байланысты бірқатар кемшіліктерді атап өтті.
Аталған мәселеге байланысты аудан әкімі Ж.Мұртаза да өз ой-пікірін білдіре келе, оның ішінде, «Жасыл белдеу» бағдарламасы туралы ауылдық округтердің әкімдеріне нақты тапсырма берілгенін, бұл бағытта атқарылатын іс-шаралардың экологиялық маңыздылығын терең ескерумен бірге, оны үнемі назарда ұстау қажеттігін тағы бір еске салды.
Жиынның күн тәртібіндегі – аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №15-2 «2024-2026 жылдарға арналған Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылы және ауылдық округтерінің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселеге сәйкес, аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова сөз алып, 2024-2026 жылдарға арналған Бауыржан Момышұлы ауылы және ауылдық округтердің бюджеттеріне түсіндірме жасады.
-Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 109-1 бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабына және аудан әкімінің ұсынысымен Бауыржан Момышұлы ауылы және ауылдық округтердің бюджетін нақтылау ұсынылуда.
Бұл бағытта өңірге қарасты Қызыларық ауылдық округіне 011 бағдарламаға сәйкес, Ақтөбе ауылына спорт алаңшасын орнату үшін 2 900,0 мың теңге, 001 бағдарламаға өрт сөндіру бекетін жөндеу үшін 1 100,0 мың теңге және штаттан тыс қызметкерлердің айлық жалақысына 1 000,0 мың теңге, сонымен қатар, Бауыржан Момышұлы ауылының Б.Үсенов және Б.Сафинов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын (тротуар) жүргізу жұмыстарына, ауылішілік жолдардың мемлекеттік жол актілерін дайындау үшін, абаттандыру жұмыстарына және Жамбыл көшесін орта жөндеу жұмыстарына қаражаттар қарастырылып отыр. Бұл – тұрғындарға қажетті нақты жұмыстарға қарастырылып отырған қаржылар,- деді бөлім басшысы.
Сессия барысында сөз алған аудан әкімі Жалғас Мұртаза ең алдымен жиында қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, ой-пікір білдірді.
-Биыл ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының сәулеттік келбетін жақсарту ісіне басымдық берілгелі отыр. Олай болатыны, ауданның орталығы – ауданның айнасы саналады. Б.Момышұлы ауылына үлкен күре жолдан кіреберістен бастап, бас қақпаны қайта жаңғырту, сонымен қатар, ауылдың негізгі үлкен көшелерінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолын кеңейту, көше бойларын жөндеумен бірге, көгалдандыру және гүлзарлар отырғызу жұмыстары қолға алынбақ. Аталған жұмыстармен бірге көшелерді жарықтандыру жұмыстары да қоса атқарылатын болады.
Ауыл келбетін жақсартуға қатысты тағы бір мәселе, ол саябақтардың жайы. Көпшілікке белгілі болғандай, қазіргі таңда орталықтағы саябақтардың жағдайы сын көтермейді. Саябақтарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оларды тұрақты күтіп ұстау үшін кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға беру мәселесі де пысықталып жатыр. Сәтін салса, бұл бағыттағы жұмыстар да өз шешімін табады деген сенімдемін.
Аудан орталығын көркейту жұмыстарына жергілікті атқарушы орган өкілдерімен қатар, оның ішінде, Б.Момышұлы ауылының әкімшілігімен қатар, аудандық мәслихаттың депутаттарын тарту көзделіп отыр. Ауылдың көркеюін халық қалаулылары да қолдайды деп сенемін. Сондықтан, күн жылына салысымен ауылдың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстарға кірісетін боламыз. Өңірді дамытуға бағытталған игі бастамалардың барлығына сәттілік тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»