Basty bet

Жаңа оқу жылына дайынсыз ба?

Қазіргі таңда нарық бағасы қара халықтың қалтасын қағып жатқаны жасырын емес. Киім-кешек пен коммуналдық қызметтердің төлемін есептемеген күннің өзінде, азық-түлікті әрең сатып алып отырған отбасылар да кездеседі.

Алдымызда жауапты кезең. Әне-міне дегенше жаз да бітіп, жаңа оқу жылына да аз күн қалды. Мектеп оқушылары сөмкелерін арқалап, бірінші қыркүйектегі алғашқы қоңырауды асыға күтіп жүр. Ата-аналардың ендігі басты қамы мен уайымы – балаларына мектеп формасын алып беру.
Бес саусақтың бірдей емес екендігі белгілі. Мектеп формасын сатып алып беруге барлық ата-ананың жағдайы жете ме? Сатып алған мектеп формасы өзінің бағасы мен сапасына лайық па? Осы сұрақтардың төңірегінде ата-аналардың пікірін сұраған едік.
Ата-ана Арайлым Біттібай: «Қазіргі мектеп формаларының бағасы қымбат, оқушының мектепке барғандағы мәселесі тек мектеп формасымен ғана шектелмейді. Оның спорттық үлгідегі киімі мен аяқ-киімдері, одан қалды сөмке, т.б. оқу құралдары бар, шамамен бір баланың өзін мектепке дайындау үшін кемінде 70 мың теңгедей қаражат қажет болады. Ал оны көп ата-аналардың қалтасы көтере бермейді», – дейді ата-ана.
Бұл жайында аудандық білім бөлімінің жауапты мамандары не дейді? Шынында жаңа оқу жылының қарсаңында біздің өңірде мектеп формасы мәселесі ата-аналардың наразылығын тудырып отырғаны белгілі. Сондай ата-ананың бірін «Алатау текстиль» серіктестігінің аудандағы дүкенінен кездестірдік. Аты-жөнін атап жазбауымызды өтінген ата-ана, мектеп әкімшілігі көрсеткен баға мен дүкендегі бағаның арасында әжептеуір айырмашылықтың бар екенін айтады. Бұл мәселеде ата-аналар арасында тиісті мамандардың түсіндіру жұмыстарының маңызды рөл атқаратыны анық.
Жуалы ауданының білім бөлімінің бас маманы Санжар Күзенбаев: «Биыл ауданымызда 11 000-ға жуық оқушы мектепке барады»,- дейді ол. Аудан бойынша жаңа оқу жылының қарсаңында «Мектепке жол» акциясымен 50 балаға демеушілер тарапынан көмек көрсету жоспарланып отырған көрінеді. Одан бөлек, маманның сөзінше, биыл аз қамтылған отбасыларға ауданнан шамамен 2 700 балаға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі деп жоспарлануда. Қазір бұл тізім мектептерде жинақталып, біраз мектепке қаражат жіберіліп қойды, қалғаны зерделену үстінде.
Сонымен қатар, бас маман Санжар Қалдыбекұлы мектеп формасының ортақ тәртібі жайлы да ақпарат берді. Оның сөзінше, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің тапсырмасын орындау мақсатында барлық мектептің 1-ші сынып оқушыларын қою көк (темно-синий) түсті мектеп формасымен (сапалы) қамтамасыз ету мақсатында ата-аналар мен қамқоршылық кеңестерімен бірлесіп жұмыс жүргізу қажет екендігі ескертілуде.
Оқу-ағарту министрлігі тарапынан бекітілген тапсырма дұрыс-ақ, алайда ауданда мектеп формасы төңірегінде бір емес бірнеше мәселе туындап отыр. Бұл жайында аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның қамқоршылық кеңесінің төрайымы, көпбалалы ана, кәсіпкер-тігінші Гүлмира Әсемованың да өз айтары бар.
-Мектеп формасы ең алдымен балалардың еркін қимылдап, жүріп-тұруына ыңғайлы болуы қажет. Форма сапалы матадан тігілуі тиіс. Себебі, бала 6-7 сағат тек мектеп формасымен жүреді. Егер матасы синтетика, сапасыз болса, жасөспірімдерді көптеген ауруларға шалдықтыруы мүмкін. Мектеп формасы төңірегіндегі мәселе ата-ана ретінде мені де қатты толғандырады. Бұл – менің ата-ана ретіндегі пікірім.
Ал тігінші ретінде 2015 жылы аудан басшылығының қолдауымен аудан мектептерінің бәрін бірыңғай мектеп формасымен қамтамасыз ету мақсатында бірлескен жұмыстар жүргізген болатынбыз. Келіссөздердің нәтижесінде 2018-2019 жылдары аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназиясын толық мектеп формасымен қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Ал 2020 жылы коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты пандемия кезінде кәсібіміз уақытша тоқтап қалды. Соның салдарынан тігін цехында 2000 данаға жуық мектеп формасы сатылмай қалып кетті. Биыл мектеп формасы түгел көк түсті болсын деген ортақ ереже енгізіліп отыр. Цехта ер балаларға арналған қою көк түсті 1000 данадай мектеп формасы дайын тұр. Бағасы да қолжетімді.
Мектеп формасына қатысты мәселе тек біздің ауданның көлемінде ғана көтеріліп отырған жоқ. Облыс көлемінде көп кәсіпкерлер мектеп формаларын бұрынғы ескі үлгімен тіккен. Пандемияның салдарынан олардың да өндірген тауарларының елеулі бөлігі сатылмай қалып кетті. Бұл тігін өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге көп шығын әкелді. Бұл мәселемен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының өкілдері айналысуда.
Сондықтан, менің ойымша, мектеп формасы жергілікті тігіншілердің қолынан шығатын болса, ата-аналарға сатып алуға да және жыртылып қалған жағдайда қайта тіктіруге де ыңғайлы болар еді, – дейді кәсіпкер.
Ал ауданда екі жылдан бері мектеп формасын сатумен айналысып келе жатқан «Алатау текстиль» серіктестігің аудандағы өкілдерінен мектеп формасы жайлы сұрауға барғанымызда, олар серіктестіктің негізгі кеңсесі Шымкент қаласында орналасқанын айтты. Компания өкілінің сөзінше, биылғы жаңа оқу жылында Жуалы ауданындағы 20-дан аса мектеп мектеп формасын «Алатау текстиль» серіктестігінен сатып алуға ауызша келісім жасалған сыңайлы.
Біз осы мәселемен бірнеше мектептің директорларына хабарластық. Алайда олардың көбісімен байланысуға мүмкіндік болмады. Тек №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің директоры Азамат Әбеевпен сөйлескенімізде, ол аудандық білім бөлімі мен «Алатау текстиль» серіктестігі және мектептің арасында ауызша келісімнің бар екенін жеткізді.
Бұл жайында аудандық білім бөлімінің бас маманы Санжар Қалдыбекұлы былай дейді: «Мектеп әкімшілігі ата-аналардан тек мына кәсіпкерден мектеп формасын сатып ал деп талап ете алмайды. Себебі мектеп формасының жайын ата-аналар және мектептердегі қамқоршылық кеңестері бірге кеңесіп шешеді. Сіз тіпті басқа жерден мектеп формасын сатып алып қойсаңыз да, балаларыңыз осы формамен оқи береді. Себебі, ең бастысы – мектеп формасы министрліктің талаптарына сай болуы шарт,- дейді бас маман.
Ойымызды қорытындылай келе, мектеп формасы төңірегіндегі мәселелердің маңызды екеніне көз жеткіздік. Ең бастысы, қай жерден сатып алынса да, мектеп формасы баланың емін-еркін қимылдауына ыңғайлы, әрі баланың дене бітіміне зиян келтірмейтіндей сапалы матадан, жартылай жүннен және мақтадан әрі бағасы кез келген ата-ананың қалтасына салмақ түсірмейтіндей болуы тиіс.
Сондықтан бала оқытып отырған ата-аналар қауымы мектеп формасын таңдап, сатып аларда ең алдымен оның ыңғайлы болуына және сапасына жете мән берулері керек. Себебі, бала – біздің болашағымыз. Болашақ ұрпағымыздың қауіпсіздігіне және сапалы болуына салғырт қарауға болмайды.

Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close