Basty bet

Еліміз жаңа кезеңге аяқ басты

Құрметті жерлестер!
Сіздерді мемлекетіміздің және халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі – 30 тамыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
«Көптің сөзі – киелі» дейді дана халқымыз. Ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы.
Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.
Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істерді бірге атқарып келеміз.
Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.
Негізгі заң – бұл әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының артуының кепілі. Жаңа Конституцияның қабылдануымен елдің жаңа даму кезеңі басталды. Нәтижесінде демократиялық институттардың жұмыс істеуіне қажетті негізгі жүйе іске асырылды.
Мемлекеттің тұрақты дамуына қажетті басқарудың президенттік нысанын, Парламенттің осы заманғы құрылымын және нақты құрылған билік жүйесін алдық. Біздің Конституция әлемдік қоғамдастықпен нарық экономикасын, азаматтық қоғамның барлық институттарын бекіту арқылы ел дамуының демократиялық жолын қамтамасыз ететін құжат ретінде бағаланды.
Құрметті жерлестер!
Сіздерді Конституция күнімен құттықтай отырып, баршаңызға баянды бақыт, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін.

Марат НАРЫМБЕКОВ,
«AMANAT» партиясы аудандық
филиалының төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close