Basty bet
Бау-бақша – береке бастауы
Ауыл – ұлт құндылықтары тоғысқан алтын бесік. Салт пен дәстүрдің түпкі темірқазығы осында. Береке мен байлықтың бастауы да ауылда. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті.
Күреңбел ауылында егін мен мал шаруашылығы жақсы дамыған. Екінің бірінің үйінде төрт-түлік малы бар. Ауыл тұрғындары аулаларындағы жерлерді де тиімді пайдалануда. Бақшаларына қызыға да қызғана қарайсың. Олар бақшаларына барлық жеміс-жидектің, көкөністің түрлерін отырғызып, отбасымен пайдасын көруде.
Бау-бақшасы гүлденіп отырған бағбанның бірі – Құндыбай Орынбайұлы. Ол 1959 жылы Күреңбел ауылында туған. Осы ауылдағы мектепті бітіріп, Ванновакадағы техникумға оқуға түсіп, механик мамандығын алып шығады. Әрі қарай Отан алдыңдағы борышын өтеу үшін Ресей мемлекетінің Смоленск қаласында әскерде болған. Әскерден орала салып, колхоз жұмысына араласады. Басында бригадирдің көмекшісі, инженер болады. Союз тарағаннан кейін Құндыбай Сейдалиев ағайынды 10 отбасы «Үміт» шаруа қожалығын құрған. Бірақ қожалық екі жылдан кейін тарап, әркім өз алдына жеке шаруа қожалық құрады.
1996 жылы Құндыбай Орынбайұлы «Береке» шаруа қожалығын құрды. Шаруа қожалықтың 10 гектар жері бар. Ол жерге көпжылдық шөп жоңышқа егеді.
Сейдалиевтер отбасының ауласынан еселі еңбектің әуені еседі. Үйдің сыртындағы қоршауда гүлдің неше түрі ашылып, үйге сән беріп тұрғандай. Аулаға кіреберістен оң жаққа алма ағашымен бірнеше алмұрт ағашын отырғызған. Ал сол жағында алхоры, сары өрік ағаштары жайқалып өсіп тұр. Есіктің алдында балаларға арналған әткеншек, тағыда басқа құрылғылар тұр. Есік алдында бау-бақша үшін арнайы қазылған құдық та бар. Құдыққа жалғанған шлангісі бірден бағбанның бақшасына қарай тартылған.
-Дастарқанымызға жыл он екі ай қойылатын көкөніс пен азық-түліктің түрі өзіміздің бақшамыздың өнімдері.
Құрамы дәруменге толы бақша өнімдеріне қай кезде де сұранысқа жоғары. Бау-бақша береке бастауы екенін тұрғындар жақсы біледі. Бау-бақшаны күтіп-баптау, әркез суарып, арамшөптерін жұлу қажырлы еңбекті қажет етеді. Жаз айлары бағбандар үшін маңызды уақыт. Жаздай таң атқаннан кетпен, күрегімізді арқалап бақша басына келеміз. Сондағы ойымыз арам шөптерді жұлып, өнім жақсы шығуы үшін алқапты қопсытып, құнарландыру. Шүкір жаман болмадық. Төккен тер өз нитежесін беруде. Табиғи таза өнімді тұтынған жақсы ғой,- дейді Құндыбай Орынбайұлы.
Егде жастағы адамдар үшін физикалық белсенділік өте маңызды. Бақшада ауада жұмыс істеу адамға жағымды эмоциялар сыйлайды.
Құндыбай ағаның бақшасында құлпынайдың екі үш сорты егілген. Бірі бір-ақ рет жеміс берсе, екіншісі бірінші қар түскенше жеміс береді. Таңқурайдың да екі үш сорты отырғызылған. Одан бөлек қияр, қызанақ, асқабақтың екі-үш түрі, қарбыз бен әңгелекке дейін өсіп тұр. Бау-бақшада барлық көкөністің түрі бар.
Құндыбай Сейдалиев 1983 жылдан бастап зейнетке шыққанша трактор, комбайн айдаған. Басында колхоздың тракторын айдаса, колхоз тарағаннан соң жеке қожалықтардың тракторын айдаған.
-Трактор айдау менің жаныма жақын кәсіп. Қазірде трактор айдағым келеді. Бірақ үйдегілер шаршайсын деп жібермейді. Сол үшін үйде құр жатпай бау-бақшаның жұмысын қолыма алдым. Ерте көктемнен бақшаны өзім тазалап, отырғызатын көкөністерді егіп, жазы бойы соны күтіп-баптаймын. Бұл жұмысқа келіншегім Серіккүл де көмектеседі. Келіншегім 40 жыл мектепте бастауыш сыныптарға сабақ берген. Қазіргі таңда екеуміздің ермегіміз – бау-бақша. Сонда піскен көкөністерді немерелеріме әкеліп беремін. Келінім бақшада піскен көкөністерден қысқа салат, тосап дайындап отырады. Арасында артылып жатса ауыл тұрғындарына береміз. Жерде жатып шірігенше, ауыл тұрғындарына берген сауап,- дейді бағбан Құндыбай Сейдалиев.
Құндыбай аға мен Серіккүл апа өмірге үш бала әкеліп, тәрбиеледі. Екі қызы тұрмыста, Алматы қаласында тұрады. Ал ұлы ауылда жеке кәсіппен айналысады. Тапсырысқа терезе, есік дайындайды. Олар үш бала-шағасынан 12 немере сүйіп отырған жайлары бар.