Basty bet
«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы сайланды
Аудандық орталық кітапхананың оқу залында «Аmanat» партиясының ұйымдастырумен жиналыс өтті. Жиналысқа «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхамеджан Әсемов және аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы мен жастар қатысты.
Басқосудың мақсаты – «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының жаңа төрағасын сайлау. Жиында аудандағы жастардың қазіргі тыныс-тіршілігі мен олардың атқарып жүрген жұмыстары жайлы әңгіме қозғалды.
– Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Жастардың көзқарастары, ұстанымдары мен алға қойған мақсаттары әрқилы. Бірақ осындай айырмашылықтарға қарамастан, бізді туған жерімізде, тәуелсіз және айбынды Қазақ елінде бақуатты әрі бақытты өмір сүруге, болашағымызды өз Отанымызбен байланыстыруға деген ұмтылыс біріктіреді. Бүгінде елімізде түбегейлі өзгерістер жасалып жатыр. Олар біздің жарқын болашаққа деген үмітімізді қайта оятты. Біз жастарға тән жігер, жасампаздық, тазалық және әділдік сияқты қасиеттердің арқасында елдің дамуына кедергі келтіретін келеңсіздіктерді артқа тастап, Жаңа Қазақстанды құруға белсене қатысып, оң өзгерістердің жүзеге асуын қамтамасыз ете аламыз. Сонымен қатар, жастардан тың бастамалар және озық идея күтемін,- деді «АмаNат» партиясы аудандық филиалының төрағасы М.Нарымбеков.
Партияның баспасөз хатшысы Бақытжан Бекболат «АмаNат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатына жаңа төрағаға лайықты деп Сапарбай Рауан Баймұратұлының кандидатурасын ұсынды. Рауан Сапарбай осыған дейін Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмыс істеген. Жастардың барлығы бірауыздан Рауан Сапарбайдың кандидатурасын қолдады. «Жастар рухы» жастар қанатының жаңа төрағасы Рауан Баймұратұлы өзіне үлкен сенім артып, қолдап білдіргендері үшін алғысын айтты.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы жастар қанатының алдына бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, жастар мәселелерінің аймақтық карталарын енгізу, дарынды жастар үшін жобалар жәрмеңкесін және басқа да іс-шараларды өткізу және «Жастар рухы» жастар қанатының жұмысын әр қарай жандандыру.
Қазіргі таңда тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтердегі қарапайым тұрғындар, көпбалалы отбасылар жеңілдетілген пайызбен несие алып, жұмыстарын кеңейту үстінде. Осы бағдарламаның бесінші бағыты бойынша аудан тұрғындары, соның ішінде, жастар да кәсіп ашу үшін 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға құқылы екендерін көбінесе біле бермейді.
Сондықтан осы бағдарламамен жастарды таныстыру, әрі қарай үйлестіру жұмысын жаңа сайланған төрағаға тапсырды.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»