Basty bet

Жайылым мәселесі өзекті проблемаға айналып отыр

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында жетінші шақырылған Жуалы аудандық мәслихатының кезекті жиырма бірінші сессиясы өтті.

Сессия отырысын аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен күн тәртібіне қойылған мәселелерді рет-ретімен таныстырды.
Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе «Жуалы ауданы бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2020-2021 жылдарға арналған жоспарын бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 14 сәуірдегі №63-3 шешімінің орындалуы туралы аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадырхан Жарасұлы баяндама жасады.
Екінші мәселе – аудан әкімдігінің жанындағы қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша консультациялық-кеңесші орган қызметінің нәтижелері туралы аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың есебі тұрақты комиссия отырысында қаралғандықтан, сессияда бұл мәселе қаралмады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе ауылдық округ әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы жөнінде Мыңбұлақ ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушысы Гүлнар Сұлтанбаева, Күреңбел ауылдық округінің әкімі Ғани Жұбаев, Қызыларық ауылдық округінің әкімі Ермұхамед Сүгірбеков баяндама жасады.
Төртінші мәселе аудандық мәслихаттың 2014 жылғы 6 маусымдағы №31-4 «Жуалы ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов және «Жуалы ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің Қағидаларын және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің сандық құрамын бекіту туралы» Жуалы аудандық мәслихатының 2019 жылғы 26 шілдедегі №49-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов хабарлама жасады.
«Жуалы ауданының Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» аудандық мәслихат 2022 жылғы 28 ақпандағы №20-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев ұсынысын жеткізді.
Отырыста қаралған мәселе бойынша жарыссөзге аудандық мәслихаттың депутаты, әкімшілік-аумақтық құрылым, аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту, бюджет және жергілікті салықтар мәселелері, адамдардың құқығын қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов жазылып, сауалын жолдады.
Айта кете кету керек, сессияда ең өзекті проблемалардың біріне айналған жайылым жер мәселесі де кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, осы мәселенің шешімін табу бойынша аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадырхан Жарасұлына депутаттар тарапынан бірнеше сауалдар жолданды. Ал жауапты бөлім басшысы қойылған сұрақтарға нақты әрі тиянақты жауап берді.
Сонымен қатар, мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков ауылдық округ әкімдеріне жайылым мәселесінің қалай реттестіріліп жатқандығы және шаруа қожалықтар туралы сұрағын жолдап, бірқатар мәселелердің жауабына қанықты.
Отырыс соңында сессияның күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер қаралып, шешім бірауыздан қабылданды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close