Basty bet

Ел өміріндегі аса маңызды оқиға

Менің жеке және ел өміріндегі маңызды оқиға Астана қаласында «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV тарихи Съезіне делегат ретінде қатыстым. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен 1200 делегат бас қосты. Олардың қатарында Саяси кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, өңірлерден келген делегаттар, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және т.б. болды. Күн тәртібіне сәйкес, бірінші кезекте алдағы президент сайлауына партиядан кандидат ұсыну мәселесі қаралды.Өз сөзінде, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
Бүгінде айналамызда орын алып жатқан геосаяси оқиғалар мен өзгерістер ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Әлемдегі ахуал күрделеніп барады. Көптеген аймақтық конфликтер шиеленісіп бара жатыр. Сондықтан біз екі, үш жылдан кейін әлемдегі, аймақтағы ахуал қандай болатынын білмейміз. Сондықтан, неде болса ішкі саяси мәселелерді кейінге қалдырмай, барлығын қазір анықтап алып, қабылданған жоспарларды жүзеге асырумен шұғылдану керек деп есептеймін. 30 жылда кеткен олқылықтардың орнын толтырып, барлық саладағы кемшілікті түзетуге мүдделіміз. ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және табысын арттыруды көздеп отыр. Әділ қоғам орнатуға мүдделі. Және экономикалық өрлеу үшін бірқатар қадамдарға бармақ.
Сонымен қатар съезде партиямыздың жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Ол – ұзақ мерзімді әрі стратегиялық құжат. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады. Басты қағидасы – Адам, Қоғам және Мемлекет. Тұғырнамада қазақстандықтардың мұң-мұқтажы көрініс тапқан.
Съезд жұмысы Қазақстан Республикасы Президентіне үміткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалиция форумымен аяқталды. Форумда мемлекет басшысы ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы айқындады. Жиынды қорытындылаған Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларға қолдау көрсетіп, сенім артқаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Халықтық Коалицияның ұсынысын қабылдап, ҚР Президенті лауазымына кандидат ретінде ұсынуға келісімін берді.
Ендеше,кезектен тыс Президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың сенім мандатын алып, Қазақстанымызды жаңа жеңістермен жетістіктерге бастайтындығына сенімдіміз.
Ең бастысы, сайлау қарсаңында жетекші саяси күштердің ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуы елді жігерлендіреді. Халқымыздың ынтымағын еселеп арттыра түседі.Біз осы қадам арқылы дала демократиясының дәстүріне беріктігімізді көрсетіп, өткен ғасырларда ордалы Ордабасыда, қасиетті Қарақұмда, ұлт бесігі Ұлытауда шақырылған тарихи құрылтайлардың табиғи сабақтастығын жалғап отырмыз.
Қазақта «Туың жығылмасын!» деген аталы сөз бар. Көк Туымыз – елдіктің, мемлекеттіліктің басты нышаны. Мемлекет басшысы қандай қиын-қыстау кезеңде де елдің байрағын, мемлекеттің туын жыққызбай өз тұғырында желбіретіп келеді.Баршамыз сол Тудың астына жиналайық, ағайын!
Бұйырса алдағы уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың түбегейлі реформалары аясында әділетті, жаңа Қазақстанды рухы асқақ, бірлігі бекем, мақсаты айқын халқымызбен бірге құрамыз деген сенімдемін!

Руслан Сайлаубаев,
аудандық мәслихаттың депутаты. «Талапты» БПҰ-ның төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close