Basty bet
Ынтымақты елге ырыс қонады
Аудан орталығындағы Б.Сафинов көшесінде төрт ұлттың өкілдері тату тұрады
Тәуелсіз Қазақ елінде шаруасын шалқытып, сол арқылы ел ырысын да еселеуге сүбелі үлес қосып келе жатқан отбасылардың қатарында өзге ұлттың өкілдерінің болуы заңдылық. Қазақ жерін қасиетті қоныс етіп, осында ұрпақ өрбітіп отырған сан түрлі ұлттар біздің ауданда да бар.
Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыстар бар. Оларды қасиетті қазақ жерінде қазақ халқымен тағдыр табыстырған, тарих тамырластырған деп айтуға болады. Біздің елде тұратын өзге ұлттардың өкілдерімен бірге бір атаның балаларындай болып ғұмыр кешіп, тірлік етіп, жарқын болашақтың негізін бірге қаласып келе жатқанымызға да біраз ғасырлардың жүзі болды. Бұл – біздің жеңісіміз. Бұл – достық пен биік адамгершілік қасиетіміздің жемісі. Бұл үрдістің болашақ ұрпағымызға да үлгі болып қала беретіні сөзсіз. Қасиетті Жуалы ауданында әзірбайжан, славян, шешен, өзбек, неміс ұлттарының өкілдері этно-мәдени орталықтарға топтастырылған. Оларға әртүрлі іс-шараларда өздерінің салт-дәстүрін кеңінен дәріптеуге, жергілікті халықпен де тату қарым-қатынас орнатуға үлкен мүмкіндіктер берілген.
Айталық, аудан орталығының өзінде барлығы 10-ға жуық ұлттың өкілдері тұрады десек, өзбек ұлты өкілдерінің де қасиетті Жуалы жерін құтты қоныс еткендеріне бір ғасырға жуықтап отыр. Бір айта кетерлігі, осындағы өзбек ұлтының өкілдері Мажитовтар, Исмайловтар, Мамаджановтардың отбасылары біздің ауданда 1917-ші жылдан бері тұрады. Түркістан облысының (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) Сайрам ауданынан қасиетті Жуалы жеріне табан тірегендері де бар.
Өзбек ұлтының өкілі, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Шәкіржан Мамаджановтың айтуынша, оның бабалары өткен ғасырдың 1917-ші жылдары Жуалыға қоныс аударған. Мамаджан қария «Түркісіб» теміржол торабының аудан аумағынан өтетін бөлігін салуға атсалысқан екен. Содан бұл әулет осында біржолата тұрақтап қалады. Қазіргі таңда Жуалы ауданында өзбек ұлтының өкілдері 15 шақты үй болып отыр.
Осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Сайрам ауданынан қасиетті Жуалы жеріне табан тіреген Исмайыл қарияның осындағы шаңырағының түтінін бүгінде немересі Рустам мен келіні Гүлчехра түтетіп отыр. Рустам ағаның бабасы Исмайыл осында өткен ғасырдың 1920-шы жылдары Жуалыға қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданынан қоныс аударған. Исмайыл қария «Түркісіб» теміржол торабының аудан аумағынан өтетін бөлігін салуға атсалысқан.
Ел іші болған соң ондағы ұлттар да бір-бірлерімен араласпай тұрмайды. Исмайловтардың жергілікті қазақтарға қыз беріп, қыз алысып келе жатқанына да біраз уақыт болды. Алғашында Исмайыл ақсақалдың қызы Зебі ауданға белгілі әулеттердің бірі Сопын ақсақалдың шаңырағына келін болып түседі. Дәлірек айтқанда, Сопын ақсақалдың ұлы Бейсенбек өзбек қызы Зебіге үйленіп, отбасын құрады. Ал Исмайылдың әйелі Ташхан апаның туған сіңлісі Ұғылтай апа Жуалының даңқты түлегі, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың анасы болатын.
Ауданымыздың орталығы Б.Момышұлы ауылында көп ұлттардың өкілдері шоғырланғанын ескерсек, ауылда көпұлтты көшелер де көп. Олардың «Тонның ішкі бауындай» араласып кеткені соншалық, қазір ауыл көшелерінде тұратын ұлт өкілдерінің аралас қоныстану жағдайын анықтап, білу мүмкін емес. Бір білетініміз, басқасын айтпағанның өзінде, Б.Момышұлы ауылының басты қақпасы саналатын Бейсенбек Сафинов көшесінде барлығы төрт ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрады. Ежелден тату көршілік салтын ұстанған ұлттардың өзара сыйластығы туралы көпшілікке үлгі-өнеге ретінде көп айтып, көп жазуға болады.
Біз газетімізде бұдан бұрын да жазғанымыздай, жергілікті жерде тұратын этнос өкілдерінің татулығы мен мызғымас бірлігі туралы тағы да қалам тербегенді жөн санап отырмыз. Сонымен, Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданға белгілі ақсақалдардың бірі болған қария Бейсенбек Сафиновтың атымен аталатын үлкен көшеде жергілікті халық саналатын қазақтармен қатар, өзбек, шешен, украйндар өзара татулықта өмір сүріп келе жатқанына да ғасырға жуықтады деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл көше – интернационал көше. Аталған көшеде сауда-саттық пен жеке кәсіпкерлік үлкен қарқынмен дамып келеді. Бұл көшеде әсіресе, азық-түлік дүкені бизнесімен қатар, құрылыс материалдарын сататын орындар жетерлік. Сонымен қатар, бұрыннан осы көшені тұрақ етіп келе жатқан Рустам мен Гүлчехра Исмайловтардың мақсары дәнінен экологиялық таза сұйық май өндірісін дамытуға үлесі қосуда. Өйткені, таза сұйық майға Қазақстанның қай өңірінен де сұраныс өте жоғары.
Ынтымақ-бірлік жүрген жерде ырыс пен береке бірге жүретіні ежелден белгілі. Б.Сафинов көшесі тұрғындарының ынтымағы жайында көп айтуға болады. Өйткені, көше тұрғындары жалпыхалықтық ұлттық мерекелерде, діни жоралғылар кезінде де бір дастарханның басынан табыла кетеді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға моральдық тұрғыда ақыл-кеңестерімен қатар, қолдарынан келгенше материалдық көмектерін де аямайды. Бұл көшеде жастар тәрбиесі мен ұрпақтар сабақтастығы дәстүріне де ерекше көңіл бөлінеді. Бір сөзбен айтқанда, олар «Көп жиылса – күш, көп түкірсе – көл» болатынын өте жақсы біледі. Олардың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұйымдаса тірлік атқаратыны сондықтан да болар. Әлбетте, ынтымақты тату елге тоқшылықтың нәсіп болатынын естен шығармаған жергілікті көше тұрғындарының күнделікті өмір салты өзгелерге үлгі боларлықтай.
Аталған көшенің тұрғындары Хава Саламова, Ерғали Сағындықов және Рустам Исмайлов тұрғындардың ынтымағы, бір-біріне деген жанашырлығы жөнінде тебірене айтып, осындағы 40 шақты отбасының (көшенің төменгі бөлігі) өзара сыйластығы туралы әңгімеледі.
-Мен мұнда 1974 жылдан бері тұрамын,- дейді көше үлкендерінің бірі, шешен ұлтының өкілі Хава Саламова. – Отағасы екеуміз отбасында алты ұл-қыз тәрбиелеп өсіргенбіз. Қазіргі таңда олар өз алдарына отбасы құрып, үйлі-жайлы болып кетті. Көршілер туралы айтатын болсам, бұл көшеде бұрын шешендермен қатар, орыс, неміс отбасылары өте көп болатын. Орыс пен неміс ұлттары Кеңес одағы ыдыраған тұста бұл жерден үдере көше бастағаны белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары және кейіннен бұл көшеге қазақтар көшіп келіп, қоныстана бастады. Біз орталыққа кіреберістегі төменгі бөлігінде тұратын отбасылар бір-бірімізбен өте тығыз қарым-қатынаста жақсы араласамыз. Наурыз тойын, Ораза айты және Құрбан айт мерекелерін бірге атап өтіп, әрбір отбасына кіріп, Құран оқып, қайтыс болғандырдың рухына дұға бағыштаймыз. Бұл – біздің күнделікті дәстүріміз. Көшеміз жақсы. Жолымыз, ауызсуымыз, көгілдір отын сияқты тұрмыстық қажеттіліктердің бәрі бар. Ынтымақ-бірлігіміз ары қарай да жалғаса береді деген сенімдемін.
Б.Сафинов көшесіндегі тағы бір отбасының отағасы Ерғали Сағындықовтың айтуынша, аталған көшеде 45 үй тұратын болса, оның алтауы шешен, екі отбасында украйн және өзбек ұлтының өкілдері бар екен. Қалғандары жергілікті қазақтар және шеттен көшіп келген қандастар. Ол өз сөзінде, көше тұрғындарының ешқашан ұлтқа немесе руға бөлінбейтінін алға тартып, керісінше, ынтымақ-бірліктің ерен үлгісін көрсетіп отырғандарын жеткізді.
–Көшеміз жақсы. Тұрғындар арасында ешқандай түсініспеушілік, дау-жанжал болған емес. Қандай тірлік болсын, бірлесіп атқарамыз. Бұл көше туралы өзара сыйластық, тату көршілік дәстүрінен басқа ештеңе айта алмаймыз. Бір айта кететін болсам, осында тұратын шешен ұлтының өкілдері көршілік қарым-қатынасқа өте жақсы. Бәріміз бір үйдің баласындай болып кеттік,- дейді көше тұрғыны Е.Сағындықов.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»