Basty bet

«Елге ел қосылса – құт!»

аудан тұрғындарына Солтүстік Қазақстан облысына ерікті қоныс аударудың шарттары кеңінен түсіндірілді

«Елге ел қосылса – құт» деген дана бабалардың сөзі бар. Тәуелсіздік жылдарының ішінде қасиетті атамекенге бірқатар шет мемлекеттерден қоныс аударған және осында көшіп келуге ниет білдірген қандастардың қатары көбейіп отырғанын жақсы білеміз. Бұл әрине – қуанышты оқиға. Ал халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерге қоныс аударатын қандастар нөпірінің әлдеқайда көп екенін ескерсек, оларды жер телімімен, егістік жермен, сонымен қатар, тұрғын үймен, ең бастысы, тұрақты жұмыспен қамту – өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны жасырын емес.

Бұл ретте «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері!» аталатын ұлттық жобаның халыққа берері мол. Бұл бағытта Үкімет белгілеген солтүстік облыстарға ерікті қоныс аударған отбасылар мен азаматтарға едәуір мемлекеттік жеңілдіктер қарастырылғанын баса айтқан жөн.
Анау бір жылдары елдің оңтүстігіндегі халқы тығыз орналасқан өңірлерден солтүстік облыстарға қоныс аудару үдерісінің қарқынды жүргенін жақсы білеміз. Солтүстік және шығыс облыстармен қатар сонда халықты ерікті түрде көшіруге 2023 жылдан бастап Ұлытау облысы да енгізіліп отыр. Бұл жүйелі жұмыстар Үкімет қабылдаған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері!» ұлттық жобасының шеңберінде жүзеге асырылуда. Ұзын сөздің қысқасы, оңтүстіктен сонда ерікті қоныс аударған отбасыларға немесе жекелеген азаматтарға солтүстік облыстардың басшылығы Үкіметпен бірлесе отырып қаржылай және материалдық көмек түрлерін көрсете отырып, отбасылардың сонда мейлінше тұрақтап қалуына мүмкіндігінше жағдай жасау үстінде.
Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысынан осында келіп, оңтүстік облыстарды аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жасап жүрген арнайы делегация өткен аптада Жуалы ауданына да атбасын бұрып, Б.Момышұлы ауылындағы «Достық» мәдениет үйінде өңір тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Келудегі басты мақсат – жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жою. Бұл мақсатта Үкімет қабылдаған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері!» ұлттық жобасының аясында ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы ынталандырылады.
Қосымша айта кететін болсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына қатысушыларды ерікті түрде көшіру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
Бірінші – өңіраралық қоныс аудару – жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші жетіспейтін облыстарға жұмысқа орналастыруға және/немесе кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу бойынша міндеттемелермен жүзеге асырылады.
Облыс ішінде қоныс аудару – мемлекеттік тұрғын үй қорынан және/немесе жұмыс берушілердің қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасу мүмкіндігі болған кезде экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу орталықтарына жүзеге асырылады.
Құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік саланың мамандары бар үгіт-насихат тобын Солтүстік Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Аман Төрегелдин бастап келді. Жиынға аудандағы (ауылдық округтердегі) әлеуметтік сала мамандары (консультанттар және ассистенттер) және қоныс аударуға ынталы бірқатар ауылдық округтің тұрғындары шақырылды.
Кездесу жиынын Жамбыл облыстық Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Әбілқайыр Атин сөз сөйлеп ашып, басқосудың мақсат-міндеттерін атап өтті. Алғашқы сөз СҚО делегациясының басшысы, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Аман Төрегелдинге берілді.
Аман Жақсыбайұлының айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысына ерікті қоныс аударған отбасылардың әрбір мүшесіне 275 мың теңгенің көлемінде (70 АЕК) қаржылай көмек көрсетіледі. Одан бөлек, тұрғын үйді жалдау үшін және тұрғын үйді сатып алуға төрт жарым миллион теңге көлемінде қаражат берудің де тетіктері, сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамаларға мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету қарастырылған. Ал онда көшіп барған отбасыларға жергілікті атқарушы органдардың тарапынан бір гектардан егістік жер (егістік егуге, бау-бақша және көкөніс өсіруге), одан бөлек, қоныс аударушыларды жергілікті шаруа қожалық басшылары да шама-шарқынша төрт түлік малмен қамтамасыз етпек.
Әрине, алмақтың да салмағы бар. Осыншама қайтарымсыз көмекті алып отырған отбасылар сонда бес жылға дейін тұрақты тұрып, сол өңірдің жан-жақты дамуына еңбек сіңірулері қажет. Бұл – бағдарламаның ең басты әрі негізгі шарты.
СҚО-ның Еңбек мобильділігі орталығының директоры А.Төрегелдин өңірде мұғалімдер мен дәрігерлердің, құқық қорғау қызметкерлерінің, ветеринар дәрігерлер, зоотехник, т.б. сала мамандарының көптеп жетіспейтінін айтады.
– Қазір облыста көптеген салада бос тұрған жұмыс орындары өте көп. Мұның барлығына сұраныс берілгенімен, облыс аумағына оңтүстік өңірлерден қоныс аударушы отбасылар өте аз байқалып отыр. Міне, біз осы олқылықтың орнын толтыруға міндеттіміз. Облыста халық санын көбейтіп және еңбек ұтқырлығын арттыру Үкіметтің және облыс басшылығының тұрақты бақылауындағы мәселе. Біздің оңтүстік өңірлерді аралап, жұртшылықтың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіміздің де бір себебі осы.
Өңірде жер көлемі көп, бірақ халық аз. Жұмыс көп, бірақ соған келіп жатқан білікті мамандар жоқтың қасы. Бұл мәселе өз кезегінде өңір экономикасын дамытуға үлкен қолбайлау болып отыр. Осында ерікті қоныс аударуға ниетті отбасыларға барлық жағдай жасалады. Мен Сіздерді Солтүстік Қазақстан облысына ерікті қоныс аударуға шақырамын,- деді Аман Төрегелдин.
Қосымша айта кететін болсақ, кездесу жиыны барысында қатысушыларға Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар аудандық Мансап орталығы филиалының директоры Кенжебай Бірімжанов, Есіл ауданының Мансап орталығы филиалының директоры Қасым Сейтенбетов, М.Жұмабаев ауданының Мансап орталығы филиалының директоры Динара Мұхамеджанова және Шал ақын ауданының Мансап орталығы филиалының директоры Маргарита Кускенова тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қоныс аударуға ниетті жекелеген азаматтардың сұрағына жеке-жеке түсінік берді.
Солтүстік Қазақстан облысы туралы айтатын болсақ, Қостанай, Ақмола облыстарымен және Ресей Федерациясының Қорған, Түмен, Омбы облыстарымен шекараласатын бұл облыс 1936 жылы құрылған. Облыстың құрамында барлығы 13 аудан бар. Өңір халқы жарты миллион адамнан сәл ғана асады. Ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға өте қолайлы Солтүстік Қазақстан облысында егін егіп, төрт түлік мал өсіруге де мол мүмкіндіктер бар екенін айтқан жөн. Қалай десек те, мұнда қоныс аударған ниетті азамааттарға жаңадан тірлік бастап, отбасы мүшелерін асыраумен бірге, тұрмыстық табысты да арттыруға болады. Ол үшін қиындықтан қорықпай, еңбекке бел буып кіріскен дұрыс болмақ…

Таңдаулы материалдар

Close