Basty bet

Жастарды кітап оқуға баулу – құптарлық бастама

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осынау маңызды міндеттер мен құндылықтарды дамытуды Қазақстан халқына жүктей отырып, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту үшін бірқатар маңызды қадамдардың да жасалатынын жеткізді.
Ұлттық құрылтайдың отырысында сөз болған маңызды мәселенің бірі – кітап оқудың жайы. Заманауи ақпараттық технологиялардың қарыштап дамыған кезеңінде де бұл өте маңызды мәселе болып қала береді. Үшінші отырыста сөз сөйлеген Президент ел жастарын кітап оқуға баулу керектігін де ерекше атап өтуі бекер емес.
«Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Иә, Президент ерекше атап өткендей, ұлттың рухани дамуы үшін кітапқұмарлық – өте жақсы қасиет саналады. Мысалы, әлемдегі көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді екен. Осыған байланысты Ұлттық құрылтайдың мүшелері үшінші отырыс барысында кітап күнін атап өту туралы байыпты бастама көтерді. Олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та қолдайтынын жеткізді. Рухани-мәдени құндылықтарды жоғары қойған халқымыз үшін бұл өте құптарлық бастама және қуанышты оқиғалардың бірі болмақ. Бірақ, бұл мәселеде науқаншылдыққа салмай, мұндай халықтық маңызды іс-шараларды мазмұнды етіп өткізудің қажеттілігі өте зор. Бұл туралы да құрылтай отырысында айтылды.
Президент атап өткендей, жалпы қоғам мүшелерін, оның ішінде, жастарды кітап оқуға көптеп тарту бағытында түрлі қызықты іс-шаралар ұйымдастырып, кітап жәрмеңкелерін өткізу бастамасы өте құптарлық. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан, қоғамда кітап оқу мәдениетін барынша орнықтыруымыз қажет!

Қайсар АСЫЛБЕКОВ,
аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің директоры

Таңдаулы материалдар

Close