Basty bet
Қауіпсіз ауыл – ортақ жауапкершілік
“Заң және тәртіп” қағидаты аясында Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен “Қауіпсіз ауыл – ортақ жауапкершілік” тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринат Заппаров, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Мейірхан Әлімбеков, аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Жәмила Қалымбетова, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Нұрбай Ергебеков және аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбуғали Ералиев қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Алғашқы болып сөз кезегі аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринат Бақытханұлына беріліп, ол «Интернет алаяқтықтың алдын алу және цифрлық сауаттылық» және «Ұрлықтың алдын алу: заң және жауапкершілік» тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері, азаматтарды «дропер» ретінде заңсыз әрекеттерге тартудың алдын алу, жалған қоңыраулар, фишингтік сайттар және әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, ұрлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, заң мен тәртіпті сақтау, азаматтардың мүлкін, материалдық құндылықтарын және қауіпсіздігін қорғау мәселелеріне назар аударылды. Азаматтарға интернеттегі қауіпсіздік шараларын сақтау, күмәнді қоңыраулар мен сілтемелерге сенбеу, жеке және банк мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігі жөнінде мәлімет берді.
Жиында баяндамашы ауыл тұрғындарына мал ұрлығына жол бермеу үшін малды есепке қоюға, оны сырғалауға, қараусыз қалдырмауға, жайылым жерлерді қоршауға және қора-жайларға бейнебақылау қоюға кеңес берді.
Кездесуде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Мейірхан Әлімбеков «Жазғы маусымдағы өрт және судағы қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі» тақырыбында баяндама жасады. Ол биыл ауданда 24 өрт оқиғасы тіркелгенін атап өтті. Оның ішінде, сегіз өрт оқиғасы автокөлікте орын алса, 14 жағдай тұрғын үйде болған. Өрт оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы. Осыған байланысты тұрғын үйлерде, егістік алқаптарында және шаруа қожалықтарының қора-жайларында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, темекі тұқылын кез келген жерге тастау, табиғат аясында демалғаннан кейін отты толық сөндірмеу де өрттің шығуына себеп болатынын жеткізді.
–Баланың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық. Балаларды су айдындарында, үйде жалғыз қараусыз қалдырмаңыздар. Су айдындарында тек рұқсат етілген жерде ғана шомылу керек. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кету оқиғалары да жиі кездеседі. Жалпы, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сол себепті де, әрдайым қауіпсіздік ережелерін сақтау әр адамның жауапкершілігінде болуы тиіс, – деді төтенше жағдайлар бөлімінің маманы.
Одан кейін аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Жәмила Қожахметқызы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – отбасы мен қоғамның ортақ міндеті» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері, оның әйелдер мен балаларға тигізетін психологиялық және әлеуметтік зардаптары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, отбасындағы қолайлы психологиялық ахуалды қалыптастыру және қиын жағдайға тап болған азаматтарға көрсетілетін көмек түрлері туралы айтылды.
Сонымен қатар, жиында аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Нұрбай Әбілқасымұлы Қошқарата ауылдық округіне жаңадан келген дәрігерді таныстырып, ауыл тұрғындарына қуанышты жаңалықпен бөлісті. Ауылдықтар дәрігердің келгеніне қуанып, оны жылы қарсы алды. Одан кейін Нұрбай Әбілқасымұлы «Жастар денсаулығы – ұлт болашағы: есірткі, нашақорлық және энергетикалық сусындардың зияны» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы есірткі және психобелсенді заттардың адам ағзасына тигізетін зияны, олардың денсаулыққа кері әсері және тәуелділікке әкелетін қауіпті салдары туралы айтты. Жастардың арасында есірткі мен зиянды әдеттердің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, энергетикалық сусындардың адам денсаулығына, әсіресе, жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесіне тигізетін кері әсері түсіндірілді. Жас ағзаның қалыптасу кезеңінде мұндай сусындарды шамадан тыс тұтынудың денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін екені атап өтілді.
Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбуғали Ералиев «Жастар тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы» атты тақырыпта кеңінен сөз қозғады.
– Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды ізгілікке, жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі техника мен технология қарыштап дамыған цифрлық дәуірде жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу маңызды. Өйткені, баланы әлеуметтік желі емес, ең алдымен отбасы мен қоғам тәрбиелеуі тиіс. Жастардың жат ағымдардың жетегіне түспеуі, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, отаншыл, рухы мықты азамат болып қалыптасуы үшін баршамыз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Себебі бүгінгі жас – біздің ертеңгі болашағымыз. Олардың жақсы азамат болып өсуі үшін заң мен тәртіпті құрметтейтін, елін сүйетін, патриоттық рухы жоғары ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Жастайынан заңды құрметтеу, өзгенің құқығын сыйлау және қабылдаған шешімінің салдарын түсіну – әрбір азаматқа қажетті қасиет. Құқықтық сауатты, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары жастың қалыптасуы – еліміздің жарқын болашағының маңызды негіздерінің бірі, – деген ол ауыл тұрғындарын «Ішімдіксіз ауыл» жобасына қосылуға шақырды.
Жиында тұрғындар да сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қорытындылады.