Basty bet

Ынтымағы жарасқан тату ұжым

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы, шындықтың шырақшысы, жазушы Шерхан Мұртаза дүниеге келген Жуалы ауданы талай тұлпарды топқа қосып, сан сұңқардың қанатын қатайтқан киелі мекен.

Осындай дара тұлғалардың кіндік қаны тамған киелі мекен тұрғындарының 38 % – дан астамы спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл – шамамен 21 мың адамды құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамыту бойынша жүйелі тапсырмалар беріп келеді.
Міне, осынау ауқымды міндетті ауданымызда жүзеге асыру мақсатында 2021 жылы «Бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы» құрылған болатын.
Бүгінде мекемеде барлығы – 20 қызметкер жүйелі жұмыстар атқаруда. Қызметкерлердің барлығы өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап келеді. Мекеменің құрылғанына екі-ақ жыл болса да, талай дүбірлі жарыстарды ұйымдастырып, халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарды да иеленіп үлгерді.
Мекеме директоры Жандос Баетов, директордың орынбасары Болат Жаңабаев болса, мұнда қосымша екі әдіскер, бір есепші, бір медициналық қызметкер, әр округтен 16 спорт нұсқаушы қызмет атқарады.
Аталмыш мекеменің мақсаты – бұқаралық спорттық іс-шараларды, спорт түрлері бойынша аудан чемпионаттары мен біріншіліктерін, аудандық турнирлер, спартакиадалар, фестивальдар, акциялар және басқа да бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтыру мен спортпен шұғылдануға тартуға бағытталған кешенді спорттық шараларды ұйымдастыру және өткізу болып табылады.
Атап айтқанда, 2022 жылы саламатты өмір салтын насихаттау және халықты дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту мақсатында 219 спорттық іс-шара ұйымдастырылған. Тарқатып айтар болсақ, бұқаралық-спорттық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімі мамандарының мәліметінше, Жуалы ауданының екі чемпионаты, халықаралық бір жарыс, республикалық деңгейдегі үш жарыс, 213 рет Жуалы ауданының турнирлері және басқа да бұқаралық-спорттық іс-шаралар жүзеге асырылды. Жалпы спорттың 28 түрі бойынша өткізілген бұл ауқымды шараларға 13 744 адам тартылған екен.
Спорттық іс-шаралардың ішінен ауқымдырақ өткізілгендерінен «Көше ойындары-2022», дзюдодан жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир, шахматтан Жамбыл облысының Кубогы, волейболдан аудандық ашық турнир, футзалдан аудан чемпионаты, тоғызқұмалақтан Жамбыл облысының Кубогы, ардагерлер арасында аудандық спартакиада, ұстаздар арасында аудандық спартакиада, бокстан аудандық ашық біріншіліктерді атап өтуге болады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, облыс көлемінде аудандық бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізу орталығы «Үздік мекеме» атанса, орталық директорының орынбасары Болат Жаңабаев «Жыл маманы-2022» номинациясын иеленген.
-Болашаққа құрған жоспар айқын. Аудан бойынша халықтың кемінде 38 пайызын спортпен шұғылдануға тарту. Бүгінде бұл көрсеткіштің басым бөлігі жүзеге асып келеді. Мекеме қызметкерлерінің барлығы жұмысқа берілген азаматтар. Берілген тапсырманы дер кезінде, айна қатесіз орындап отырады. Ал тәртіп пен татулықты сақтап, жұмысқа деген жауапкершілікті басты орынға қоятын мекеме қызметкерлерінің жұмысы алға басары айтпаса да түсінікті. Осы қалыптан танбай, ауданның дамуы жолында талмай еңбек ете беретін боламыз, – дейді бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізу орталығының директоры Жандос Рысбекұлы.
Ендеше, ынтымағы жарасқан тату ұжымның жұмысына әрдайым сәттілік серік болсын, дегіміз келеді.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close