Basty bet

Орталық саябақтың жұмысы жанданып келеді

Ауданда тұрғындардың серуендеп, тынығуына арналған саябақтар аз емес. Алайда олардың тең жартысы күрделі немесе ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Осыдан алты жыл бұрын аудан орталығындағы «Орталық саябаққа» күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңартылған нысанның ашылуы жоғары деңгейде ұйымдастырылған болатын. Содан бері жыл сайын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында саябақ өз жұмысын бастайды.
Бүгінде Орталық саябақ аудан тұрғындарының ғана емес, қонақтардың да жиі келетін орнына айналған. Әсіресе, кешкі уақытта мұнда адамдардың қарасы көбейіп, саябақ ерекше жандана түседі. Таза ауада серуендеп, отбасы мүшелерімен уақыт өткізуге барлық жағдай жасалған. Жарық шамдарының орнатылуы мен демалуға арналған орындықтардың жеткілікті болуы келушілердің жайлылығын арттыра түседі.
Қазіргі таңда орталықта орналасқан саябақ тұрғындардың жайлы демалуына толық мүмкіндік жасап отыр. Әсіресе, балаларға арналған ойын алаңдары мен аттракциондар жеткілікті. Жақында біз саябақтың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Бірден көзге түскені – асыр салып ойнап жүрген бүлдіршіндер. Балалардың шат күлкісі мен бақытты балалық шағын көріп, саябақты жаңартып берген азаматтарға деген ризашылық сезімі оянды.
Балаларға арналған ойын алаңдары қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Түрлі жастағы балалар өз қызығушылығына сәйкес ойын түрлерімен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Ата-аналар да балаларын алаңсыз ойнатып, демалыстарын көңілді өткізеді.
Жаз мезгілінде мұнда аудандық мәдениет үйінің мамандары мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырып, кітап көрмелерін өткізеді. Сонымен қатар, ауылдық округтердің өнерпаздары өз өнерлерін көпшілікке ұсынып, аудандық байқаулар мен концерттік бағдарламалар ашық аспан астында өткізіледі. Аудан тұрғындары да мұндай мәдени шараларды асыға күтеді.
Саябақ аумағында кәсіпкерлер де халыққа жан-жақты қызмет көрсетуде. Бірі жылдам дайындалатын тағамдар ұсынса, енді бірі балаларға арналған ойын-сауық қызметтерін ұйымдастырған.
Солардың бірі – Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Мадияр мен Гүлнұр Сатыбалдиевтер отбасы. Олар «Томпақ» жеке кәсіпкерлігі арқылы балаларға арналған тир, электромобильдер, скутерлер, катамарандар, дрифт-карлар, виртуалды ойындар мен құйылмалы балмұздақ сатуды жолға қойған.
Жеке кәсіпкерлік Гүлнұр Туғанбаеваның атына тіркелген. Қазіргі уақытта кәсіпкер үш студентті маусымдық жұмыспен қамтып отыр.
– Бұл кәсіпті 2019 жылы отбасымызбен ақылдаса отырып бастадық. Құдайға шүкір, кәсібіміздің игілігін көріп отырмыз. Ең бастысы – тұрғындар риза, балалар қуанышты. Бұған дейін қыс мезгілінде аудан тұрғындарына арналған мұз айдынын ұйымдастыратынбыз. Кейін орталық саябақ жаңартылып, пайдалануға берілгенде балаларға арналған аттракциондар ашу туралы шешім қабылдадық. Бүгінде аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп келеміз,– дейді кәсіпкер Гүлнұр Туғанбаева.
Мамандығы құрылысшы Гүлнұр Рысқұлбекқызы 2014 жылы Мадияр Сатыбалдиевпен шаңырақ көтерген. Қазіргі таңда үш ұл тәрбиелеп отырған үлгілі ана.
Өткен жылдан бастап Мадияр мен Гүлнұр саябақты Б.Момышұлы ауылдық әкімшілігімен жасалған келісім негізінде бес жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға алған. Енді саябақтың тазалығы мен ондағы кәсіпкерлердің жұмысына толықтай осы отбасы жауап береді.
Қазіргі таңда орталық саябақта 10 кәсіпкер өз кәсібін жүргізіп, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Саябақтағы кәсіпкерлердің бірі – Бақтияр Мақатаев пен Жүніс Теміржанов. Олар саябақтың орталығынан «Картоп Босс» атты шағын дәмхана ашқан. Кәсіпкерлер келушілерге таңғы сағат 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Мұнда тауық етінен дайындалатын тағамдар мен картоптан әзірленетін түрлі ас мәзірлері ұсынылады.
–Мұндай кәсіпті алғаш рет бастап отырмыз. Алғашында алаңдаушылық болды. Дегенмен тұрғындардың сұранысы жақсы. Келушілер ризашылығын білдіріп жатады. Болашақта кәсібімізді кеңейтіп, жыл бойы қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкерлер.
Саябақтағы кәсіпкерлер бір-бірімен ынтымақтаса жұмыс істейді. Тазалық жұмыстары мен түрлі іс-шараларды ұйымдастыру кезінде өзара қолдау көрсетіп отырады.
Саябақ аумағының тазалығы да ерекше назар аударуға тұрарлық. Арнайы қоқыс жәшіктері орнатылып, аумақ тұрақты түрде тазартылып отырады. Бұл жұмыстар саябаққа келушілердің мәдени демалысына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, тұрғындарды тазалықты сақтауға тәрбиелейді.
Саябақтағы қарбалас уақыт кешкі сағат бестен кейін басталады. Балабақша мен мектептен шыққан балалар ата-аналарымен бірге осында келіп демалады. Сондай-ақ, мектеп жанындағы лагерьлердің тәрбиеленушілері де тәрбиешілерімен бірге келіп, ойын алаңдарында уақыт өткізеді.
Орталық саябақтың дамуы ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеп келе жатқанын да аңғартады. Себебі, мұндай демалыс орындарының көбеюі халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, саябақ жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.
Айта кетерлігі, саябақтағы кәсіпкерлердің басым бөлігі өз кәсібін мемлекеттік гранттар мен несиелерсіз, жеке қаражаттары есебінен бастаған.
Жастардың бастамалары мен кәсіпкерлердің белсенділігі саябақтың көркеюіне ерекше үлес қосып келеді. Олар тек табыс табуды ғана емес, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді де басты мақсат санайды. Мұндай жауапкершілік пен еңбекқорлық ауданның дамуына оң әсерін тигізіп, өзгелерге үлгі болуда.
Саябақты аралау барысында сан түрлі көріністің куәсі болдық. Бірі футбол алаңында доп теуіп жүрсе, енді бірі ойын алаңдарында асыр салып ойнауда. Осындай сәттерге қарап, адамның рухани тынығып, жастардың еңбекқорлығы мен бастамашылдығына сүйсінері анық.
Орталық саябақ бүгінде тек демалыс орны ғана емес, мәдениет пен кәсіпкерліктің, балалар қуанышы мен тұрғындардың арасындағы бірліктің орталығына айналып отыр.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close