Basty bet

Үлкен жеңістердің бастауы ауыл алаңдарынан басталады

Қазіргі таңда өңірде инженерлік-инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы, Шақпақ ауылдық округі инфрақұрылымы дамыған елді мекеннің бірі. Ауылдық округке қарасты елді мекендерде төрт шағын футбол алаңы және үш орталық спорт алаңы қазіргі таңда тұрғындардың игілігіне қызмет көрсетуде.

Спорт нысандарының материалдық-техникалық базасы жеткілікті болғанымен, жастарды жүйелі түрде жаттықтыратын арнайы маманның тапшылығы сезілуде. Яғни, ауыл тұрғындары футболдан жаттықтырушының штат бірлігін ашып, осы қызметке білікті маманды жұмыспен қамту жөнінде өтініш білдіруде. Өйткені, күн сайын балалардың футболға деген қызығушылығы артып, спортпен тұрақты айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Бүгінде ауыл жастары волейбол мен баскетболдан республикалық және облыстық командалардың сапында өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Алайда футболды кәсіби деңгейде дамытатын білікті жаттықтырушының болмауы бұл спорт түрінің одан әрі дамуына кедергі келтіріп отыр.
Сонымен қатар, алдағы уақытта ауылдық округ орталығында жабық спорт кешенін салу қажеттілігі де туындап отыр. Мұндай кешен жыл бойы спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп, спорттық инфрақұрылымның дамуына, сондай-ақ ауыл жастарының дене шынықтырумен тұрақты айналысуына және жаңа спорт жетістіктеріне қол жеткізуіне оң ықпал етер еді.
Шақпақата ауылында өткен жылы пайдалануға берілген шағын футбол алаңы жазғы демалыс кезінде балалардың ең көп жиналатын орнына айналған. Өйткені, «Сити құрылыс» ЖШС салған спорт нысаны ауылдың орталық көшесінде орналасқан. Жасанды төсенішпен жабдықталған алаң кешкі уақытта да жаттығу өткізуге мүмкіндік беретін жарық шамдарымен қамтамасыз етілген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа спорт алаңы ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне, саламатты өмір салтын ұстануына және футболға деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал етіп отыр.
Жоғарыда айтып өткенімдей, ауылда арнайы футболдан жаттықтырушы жоқ. Сондықтан балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жолдас Ахметов ерікті түрде күн сайын жаттықтыру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жерде балалар тек доп теуіп қана қоймайды. Олар ойынның техникасын, дәл пас беруді, алаңдағы тактиканы меңгеріп, командалық ойынның қыр-сырын үйренеді. Сонымен қатар, тәртіпке, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиеленеді.
Осы бастаманың нәтижесінде ауылда «Шақпақтас» футбол клубы құрылып, командаға арнайы спорттық форма дайындалды. Бастапқыда санаулы ғана оқушымен басталған жаттығулар бүгінде көптеген жасөспірімнің қызығушылығын оятып, клуб мүшелерінің саны күннен-күнге артып келеді.
Жолдас Ахметовтің айтуынша, бұл істің бастамасы оқушылардың өз ұсынысынан туған.
– Өткен жылы Сырым есімді оқушым достарының атынан келіп: «Бізге жаттықтырушы керек. Бізді футболға баулысаңыз» деген өтініш айтты. Сол күннен бастап балаларды ерікті түрде жаттықтырып келемін. Футбол – жеке адамның емес, команданың ойыны. Сондықтан ең алдымен тәрбиеге мән беремін. Балаларға бірлік, бауырмалдық, төзімділік, намысшылдық, адамгершілік секілді қасиеттерді сіңіруге тырысамын. Осындай құндылықтар қалыптаспайынша мықты команда құру мүмкін емес.
Алғашқы жаттығуымыз 2025 жылдың қазан айында өтті. Сол күні балалардың футболға деген ерекше қызығушылығын көрдім. Теледидардан матч көру бір бөлек болса, алаңға шығып, допты өзің теуіп, ойынның қызығын сезіну мүлде басқа әсер береді. Міне, балалар осыны сезініп көруде. Команда атауын туған ауылымыздың тарихы мен ерекшелігіне байланысты «Шақпақтас» деп қойдым. Шақпақата ауылы ежелден шақпақ тастарымен танымал. Ерте заманда адамдар осы шақпақ тастарды бір-біріне ұрып, от тұтатқан. Мен де балалардың бойындағы жеңіске деген жігерді, футболға деген сүйіспеншілікті тұтандырғым келді. Сондықтан командаға осы атауды таңдадым.
Балаларды ең алдымен адамгершілікке тәрбиелеуді жөн көремін. Оларды ауызбіршілікке, жанашырлыққа, бауырмалдыққа, сабырлылық пен төзімділікке баулимын. Себебі, осы қасиеттер болмаса, нағыз команда қалыптаспайды. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген сөздің мәні де осында.
Жаттығу барысында қуантқан да, толқытқан да сәттер аз болған жоқ. Қуантатыны – балалардың жаттығуларды тез меңгеруі. Ал, кейбір ойыншылар әлі де болса допты ұзақ ұстап қалып, шешуші сәттерде кібіртіктеп жатады. Дегенмен бәрі тәжірибемен келеді. Алда атқарылатын жұмыс көп.
Бұл іске ата-аналар да қолдау білдіруде. Жақында олар демеушілік жасап, Шымкент қаласынан команданың 11 ойыншысына жаңа спорттық форма алып берді. Осындай қолдау көрсеткен ата-аналарға үлкен ризашылығымды білдіремін.
Ауылдағы шағын футбол алаңының ашылуы балалардың ынтасын бұрынғыдан да арттырды. Қазір күндіз де, кешке де спорт алаңы бос болмайды. Мұнда ауыл жастары тұрақты түрде келіп, жаттығады. Менің ойымша, болашақта еліміздің намысын қорғайтын мықты спортшылардың көбі ауылдан шығады. Ол үшін ауыл балаларымен жүйелі жұмыс жүргізіп, ауылдық және аудандық жарыстарды жиі ұйымдастыру қажет. Осындай жарыстарда көзге түскен дарынды балаларды Тараз қаласындағы футбол академияларына жіберіп, кәсіби деңгейде шыңдауға мүмкіндік жасалса, үлкен жетістіктерге жетуге болады.
Өзімнің футболға деген қызығушылығым нағашыларымнан дарыды десем артық емес. Көрші ауылдағы Пралиевтер әулетінің азаматтары түгелге жуық футболмен айналысқан. Ал алғашқы бапкерім Балтабай Көшербаев болды. Сол кісілердің ықпалымен бала кезімде футбол ойынына қызығып өстім. Кезінде Алматының «Қайрат» клубында ойнауды армандадым. Алайда менің арманым орындалмаса да, шәкірттерім сол биіктерді бағындырады деп сенемін.
Ең басты тілегім – балалардың болашақта кәсіби футболшы болуы ғана емес. Олар елінің дамуына үлес қосатын, адамгершілігі жоғары, дені сау, еңбекқор азамат болып қалыптасса деймін. Зиянды әдеттен аулақ болып, денсаулықтың қадірін біліп өссе – ең үлкен жетістік сол. Ауылдың көркеюі – өз қолымызда. Көркейген ауылда тәрбиелі де білімді, спортты серік еткен жастар өседі. Сондықтан олардың болашағы үшін бүгіннен бастап аянбай еңбек ету – баршамыздың ортақ міндетіміз, – дейді ол.
Шақпақата ауылындағы бұл бастама – бұқаралық спортты дамытудың нақты үлгісі. Бір ғана футбол алаңының өзі ауыл балаларының қызығушылығын оятып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және жаңа мақсаттарға ұмтылуына мүмкіндік беріп отыр. Жанашыр азамат Жолдас Ахметовтің бұл бастамасы – ауыл спортының дамуына қосылған елеулі үлес. Себебі, үлкен жеңістердің бастауы дәл осындай қарапайым ауыл алаңдарынан, ал чемпиондардың алғашқы қадамы осындай жанашыр жандардың қолдауымен басталады.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close